Периндоприл мен индапамид үшін ортақ:
Литий
Литийді және периндоприл мен индапамид біріктірілімін бірге қолдану әдетте ұсынылмайды.
Периндоприлмен байланысты:
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) қосарлы блокадасы
АӨФ тежегіштерін және ангиотензин II рецепторларының блокаторларын немесе алискиренді бір мезгілде қолдану гипотензияның, гиперкалиемияның және бүйрек функциясы төмендеуінің (бүйректің жедел жеткіліксіздігіне дейін) қаупін арттыратыны дәлелденген. Сондықтан АӨФ тежегіштерін, ангиотензин II рецепторларының блокаторларын немесе алискиренді біріктіріп қолдану жолымен РААЖ қосарлы блокадасы ұсынылмайды.
Егер қосарлы блокада абсолютті түрде қажет болса, оны тек маманның қадағалауымен ғана және бүйрек функциясына, электролиттер деңгейіне және артериялық қысымға жиі мұқият мониторинг жағдайында ғана жүргізген жөн.
Диабеттік нефропатиясы бар пациенттерге АӨФ тежегіштерін және ангиотензин II рецепторларының блокаторларын бір мезгілде тағайындауға болмайды.
Калий жинақтаушы препараттар, калий қоспалары және құрамында калий тұздары бар алмастырғыштар
Әдетте периндоприлді калий жинақтаушы диуретиктермен, калий қоспаларымен және құрамында калий тұздары бар алмастырғыштармен біріктіру ұсынылмайды.
Нейтропения/ агранулоцитоз/ тромбоцитопения/ анемия
АӨФ тежегіштерін қабылдау аясында нейтропения, агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия байқалды. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде басқа асқыну факторлары болмаған кезде нейтропения сирек дамиды. Периндоприлді дәнекер тінінің аурулары бар пациенттерде, иммунодепрессанттарды, аллопуринолды немесе прокаинамидті қабылдаған кезде немесе осы ауырлатушы факторлар үйлескен кезде, әсіресе егер анамнезінде бүйрек функциясының бұзылуы болса, аса сақтықпен қолданған жөн. Бұл пациенттердің кейбіреулерінде ауыр инфекциялар дамыды, олар кейбір жағдайларда антибиотиктермен қарқынды емдеуден жазылмады. Егер мұндай пациенттер периндоприл қабылдаса, лейкоциттік формулаға мезгіл-мезгіл талдау жүргізу ұсынылады, ал пациенттерге инфекцияның кез келген белгілері (тамақтың ауыруы, қызба) туралы хабарлау қажеттігі жөнінде нұсқау беру керек.
Вазоренальді гипертензия
Бүйрек артериясының екі жақты стенозы немесе жұмыс істейтін жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін қолдану кезінде гипотензия және бүйрек жеткіліксіздігі қаупі жоғарылайды. Диуретиктер бұл жағдайды ушықтыруы мүмкін. Бүйрек функциясының төмендеуі тіпті бүйрек артериясының біржақты стенозы бар пациенттерде де өзінде креатининнің сарысулық концентрациясының елеусіз өзгерістерімен ғана көрініс беруі мүмкін.
Жоғары сезімталдық реакциялары / ангионевроздық ісіну
Ангиотензин- өзгертуші фермент тежегіштерін, оның ішінде периндоприлді қабылдау аясында сирек жағдайларда беттің, аяқ-қолдың, еріннің, тілдің, дауыс саңылауының және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі байқалды. Ол емдеу кезеңінде кез келген уақытта дамуы мүмкін. Мұндай жағдайларда периндоприл қабылдауды дереу тоқтату, пациентті ауруханаға жатқызу және барлық симптомдар пациентті шығару сәтінде шешілгеніне көз жеткізу үшін тиісті мониторингті бастау керек. Бет пен еріннің ісінуі әдетте емдемей-ақ өтеді, бірақ симптомдарды жеңілдету үшін антигистаминді дәрілер қолданылуы мүмкін.
Көмейдің ісінуімен қатар жүретін ангионевроздық ісіну өлімге әкелуі мүмкін. Тілдің, көмейдің немесе дауыс саңылауының қамтылуы тыныс алу жолдарының өткізгіштігінің бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін, бұл жағдайда дереу тиісті емді бастау керек, 1:1000 (0,3 мл - 0,5 мл) сұйылтумен адреналин ерітіндісін тері астына инъекциялау және/немесе тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау керек.
АӨФ тежегіштерін қабылдайтын қара нәсілді пациенттерде ангионевроздық ісіну басқа нәсілдердің өкілдеріне қарағанда жиі байқалды.
Анамнезінде АӨФ тежегіштерін қолданумен байланысты емес ангионевроздық ісінуі бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін қабылдау кезінде оның даму қаупі артады.
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттерде ішектің ангионевроздық ісінуі байқалды. Пациенттер іштің ауыруына шағымданды (жүрек айнуымен немесе құсумен немесе оларсыз); кейбір жағдайларда беттің ангионевроздық ісінуі анамнезінде болмаған және C-1 эстераза деңгейі қалыпты болған. Ангионевроздық ісіну диагнозы КТ немесе іштің УДЗ негізінде немесе хирургиялық араласым кезінде қойылды, ал симптомдары АӨФ тежегішін қабылдауды тоқтатқаннан кейін жоғалды. Ішектің ангионевроздық ісінуін іштің ауыруына шағымданған АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде дифференциалды диагностика жүргізу кезінде ескеру керек.
Ангионевроздық ісіну қаупінің жоғарылауына байланысты периндоприлді сакубитрилмен және валсартанмен біріктіруге болмайды. Периндоприлдің соңғы дозасын қабылдау мен сакубитрилмен және валсартанмен емдеуді бастау арасындағы аралық кемінде 36 сағатты құрауы тиіс. Сакубитрилмен және валсартанмен емдеу тоқтатылған кезде сакубитрил мен валсартанның соңғы дозасын қабылдау мен периндоприлмен емдеудің басталуы арасында кемінде 36 сағат аралықты сақтау қажет. АӨФ тежегіштері мен NEP бейтарап эндопептидаза тежегіштерін (мыс., рацекадотрил), mTOR тежегіштерін (мыс., сиролимус, эверолимус, темсиролимус) және глиптиндерді (мыс., линаглиптин, саксаглиптин, ситаглиптин, вилдаглиптин) бір мезгілде қолдану ангионевроздық ісіну (тыныс алу жолдарының немесе тілдің, тыныс алу бұзылыстарымен бірге немесе онсыз ісінуі) қаупін арттыруы мүмкін. Осыған байланысты рацекадотрилді, mTOR тежегіштерін (мыс., сиролимус, эверолимус, темсиролимус) және глиптиндерді (мыс., линаглиптин, саксаглиптин, ситаглиптин, вилдаглиптин) АӨФ тежегішін қабылдайтын пациенттерге тағайындар алдында пайда мен қауіп арақатынасын мұқият таразылау қажет.
Десенситизация кезіндегі анафилактоидты реакциялар
Жарғақ қанатты жәндіктердің (ара, сона) уымен десенсибилизациялайтын ем кезінде АӨФ тежегіштерін қабылдағанда тұрақты, өмірге қауіп төндіретін анафилактоидты реакциялардың дамуы туралы жеке хабарламалар бар. АӨФ тежегіштерін десенситизацияны жүргізу кезінде аллергияға бейім пациенттердің сақтықпен қабылдауы және умен иммунотерапиядан өтетіндердің толығымен бас тартуы керек. Дегенмен, бұл реакцияларды десенситизация жүргізілуі тиіс және АӨФ тежегіштері пайдаланылуы қажет пациенттерде емшараға дейін кемінде 24 сағат бұрын АӨФ тежегішін уақытша тоқтата отырып, болдырмауға болады.
ТТЛП аферезі кезіндегі анафилактоидты реакциялар
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттерде декстран сульфатын қолдана отырып тығыздығы төмен липопротеиндер (ТТЛП) аферезі кезінде өмірге қауіп төндіретін анафилактоидты реакциялар дамыды. Мұндай реакциялардың алдын алу үшін аферездің әрбір емшарасы алдында АӨФ тежегіштерін қабылдауды уақытша тоқтату керек.
Гемодиализдегі пациенттер
АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде жоғары ультрафильтрациялық белсенділігі бар (AN 69®) жарғақшаларды қолдана отырып гемодиализ жүргізген кезде анафилаксиялық реакциялар байқалды. Бұл пациенттерде диализ үшін жарғақшаның басқа түрін немесе гипертензияға қарсы дәрінің басқа класын пайдалану керек.
Бастапқы гиперальдостеронизм
Ренин-ангиотензин жүйесін бәсеңдететін гипертензияға қарсы препараттар, әдетте, бастапқы гиперальдостеронизмі бар пациенттерде тиімсіз. Осыған байланысты бұл препаратты қолдану ұсынылмайды.
Жүктілік
Жүктілік кезінде АӨФ тежегіштерін қабылдауды бастауға болмайды. Егер АӨФ тежегіштерімен емді жалғастыру аса қажет болмаса, жүктілікті жоспарлау кезінде пациент әйелді жүктілік кезінде пайдалануға арналған қауіпсіздік бейіні белгіленген баламалы гипотензивті дәрілерге ауыстыру керек. Жүктілік басталған кезде АӨФ тежегіштерімен емдеуді дереу тоқтату және қажет болған жағдайда баламалы емді таңдау керек.
Индапамидпен байланысты:
Бауыр энцефалопатиясы
Бауыр функциясының бұзылуында тиазидтік және тиазид тәрізді диуретиктерді қабылдау, әсіресе электролиттердің теңгерімі бұзылған жағдайда, бауыр энцефалопатиясын тудыруы мүмкін, бұл үдей отырып бауыр комасына әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда диуретикті қабылдауды дереу тоқтату керек.
Фотосезімталдық
Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктерді пайдалану кезінде фотосезімталдық жағдайлары байқалды. Егер емдеу кезінде фотосезімталдық реакциясы байқалса, емдеуді тоқтату ұсынылады. Қажет болған жағдайда диуретикпен емдеуді жалғастыру үшін, дененің ашық жерлерін күн сәулесі мен А типті жасанды ультракүлгін сәулеленуден қорғау ұсынылады.
Периндоприл мен индапамид үшін ортақ:
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек функциясы орташа және ауыр дәрежеде бұзылған кезде (креатинин клиренсі < 60 мл/мин) препаратты қолдануға болмайды.
Бүйрек функциясының алдыңғы айқын бұзылуынсыз гипертензиясы бар кейбір пациенттерде емдеу аясында функциялыққ бүйрек жеткіліксіздігінің зертханалық белгілері пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда препаратпен емдеуді тоқтату керек. Бұдан әрі емдеуді аз дозада немесе препараттың бір компонентімен қайта бастауға болады.
Бұл пациенттерге 15 күн емдеуден кейін, содан соң емдік тұрақтылық кезеңі ішінде екі айда бір рет калий және креатинин деңгейін жиі бақылау қажет. Бүйрек жеткіліксіздігі негізінен жүректің ауыр жеткіліксіздігі немесе бұрыннан бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде, оның ішінде бүйрек артериясының стенозы кезінде байқалды.
Әдетте препарат бүйрек артерияларының екіжақты стенозы немесе жұмыс істейтін жалғыз бүйрек болған жағдайда ұсынылмайды.
Гипотензия және су-электролиттік бұзылулар
Бұрыннан бар натрий мөлшерінің төмендеуі аясында кенеттен болатын гипотензия қаупі бар (әсіресе бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде). Осыған байланысты диарея немесе құсу аясында болуы мүмкін сусызданудың және электролиттер мөлшерінің төмендеуінің клиникалық белгілерінің болуын жүйелі тексеру керек. Мұндай пациенттерде плазмадағы электролиттер деңгейін үнемі бақылау қажет.
Елеулі гипотензия кезінде изотониялық физиологиялық ерітіндінің вена ішіне инфузиясы қажет болуы мүмкін.
Өтпелі гипотензия емді жалғастыру үшін қарсы көрсетілімге жатпайды. Айналымдағы қанның қанағаттанарлық көлемін және артериялық қысымды қалпына келтіргеннен кейін емдеуді төменірек дозада немесе тек бір компонентпен қайта бастауға болады.
Калий деңгейі
Периндоприлдің индапамидпен біріктірілуі, әсіресе диабеті немесе бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде гипокалиемияның дамуына кедергі бола алмайды. Диуретик негізіндегі кез келген гипертензияға қарсы препаратты қолданған жағдайдағыдай, плазмадағы калий деңгейін үнемі бақылау керек.
Периндоприлмен байланысты:
Жөтел
Ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштерін пайдалану кезінде құрғақ жөтел байқалды. Ол тұрақты сипатқа ие болды және емдеуді тоқтату кезінде басылды. Бұл симптомның этиологиясы емқателіктік болуы мүмкін. Егер ангиотензин- өзгертуші фермент тежегішін тағайындау қажет болса, емдеуді жалғастыруға болады.
Балалар мен жасөспірімдер
Балалар мен жасөспірімдерде монотерапияда немесе біріктірілімде периндоприлдің қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.
Артериялық гипотензия және/немесе бүйрек жеткіліксіздігі қаупі (жүрек жеткіліксіздігі, су-электролиттік бұзылулар және т. б. жағдайда)
Су мен электролиттерді едәуір жоғалту кезінде (қатаң тұзсыз диета немесе диуретиктермен ұзақ уақыт емдеу), әсіресе бастапқы артериялық қысымы төмен пациенттерде, бүйрек артериясының стенозында, жүректің іркілістік жеткіліксіздігінде немесе ісінулермен және асцитпен қатар жүретін бауыр циррозы кезінде ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің айқын стимуляциясы жүреді.
Демек, ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің бәсеңдеуі АӨФ тежегіштерін қабылдағанда, әсіресе бірінші тағайындағанда және емдеудің алғашқы екі аптасы ішінде артериялық қысымның кенеттен төмендеуіне және/немесе қан плазмасындағы креатинин мөлшерінің артуына әкелуі мүмкін, бұл функциялық бүйрек жеткіліксіздігін білдіреді. Жекелеген, бірақ өте сирек жағдайларда мұндай бұзылыстар жедел дамиды және үдерістің басталуын болжау қиын.
Мұндай жағдайларда емдеуді неғұрлым төмен дозамен біртіндеп ұлғайта отырып, жаңарту керек.
Егде жастағы пациенттер
Ем басталғанға дейін бүйрек функциясы мен калий деңгейін зерттеу керек. Бастапқы дозаны кенеттен гипотензияның дамуын болдырмау үшін артериялық қысымның төмендеу дәрежесіне байланысты, әсіресе су-электролиттік бұзылулар болған кезде түзетеді.
Атеросклероз
Гипотензия қаупі барлық пациенттерде бар, бірақ препаратты жүректің ишемиялық ауруы немесе ми қанайналымының жеткіліксіздігі бар пациенттерде аса сақтықпен қолдану керек. Оларды емдеуді төмен дозадан бастаған жөн
Вазоренальді гипертензия
Вазоренальді гипертензияны емдеу реваскуляризациядан тұрады. Дегенмен, ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштері реконструктивтік операцияны күтетін вазоренальді гипертензиясы бар пациенттерде немесе мұндай операция мүмкін болмаған жағдайда тиімді болуы мүмкін.
Стопресс Инда бүйрек артериясының анықталған стенозы бар немесе сондай диагнозға күдік тудырған пациенттерге жарамсыз, себебі емдеуді стационарда Стопресс Инданың бір таблеткасындағыдан төменірек дозадан бастау керек.
Жүрек жеткіліксіздігі/ жүректің ауыр жеткіліксіздігі
Жүректің ауыр жеткіліксіздігі бар (IV дәрежелі) пациенттерде Стопресс Инда препараты жарамайды, өйткені емдеуді медициналық бақылаумен төмен дозадан бастау керек. Гипертензиясы және коронарлық
жеткіліксіздігі бар пациенттерде бета-блокаторлармен емдеуді тоқтатпау керек: АӨФ тежегіштерін бета-блокаторларға қосады.
Қант диабеті бар науқастар
Инсулинге тәуелді диабетімен (калий мөлшерінің өздігінен жоғарылау үрдісі) ауыратын пациенттерге Стопресс Инда препараты жарамайды, өйткені емдеуді медициналық бақылаумен төмен дозадан бастау керек.
Бұрын пероральді диабетке қарсы препараттарды немесе инсулин қабылдаған диабетпен ауыратын науқастарда қандағы қант деңгейін, әсіресе АӨФ тежегішімен емдеудің бірінші айы ішінде мұқият бақылау керек.
Этностық айырмашылықтар
Басқа да ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштері сияқты, периндоприл басқа нәсіл өкілдеріне қарағанда қара нәсіл өкілдерінде артериялық қысымды төмендетуде тиімділігі аз, бұл артериялық қысымы жоғары қара нәсілді пациенттер популяциясында ренин белсенділігінің төмендігі жиі байқалатынының салдарынан болуы мүмкін.
Хирургиялық араласым /жалпы анестезия
Ангиотензин- өзгертуші фермент тежегіштері жалпы анестезияны жүргізу кезінде гипотензияға әкелуі мүмкін, әсіресе егер пайдаланылатын анестетик гипотензивті әлеуетке ие болса.
Сондықтан периндоприл сияқты ұзақ әсер ететін АӨФ тежегіштерін қабылдауды мүмкіндігінше хирургиялық операциядан бір күн бұрын тоқтату ұсынылады.
Қолқа немесе митраль қақпақшасының стенозы/гипертрофиялық кардиомиопатия
Сол жақ қарыншаның шығу жолының обструкциясы бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін қолданған кезде сақ болу керек.
Бауыр функциясының бұзылуы
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерін қабылдау холестаздық сарғаюдан басталатын және бауырдың фульминантты некрозына дейін үдейтін және (кейде) өліммен аяқталатын синдроммен қатар жүреді. Бұл синдромның даму механизмі белгісіз. АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде сарғаю дамыған кезде немесе бауыр ферменттері белсенділігінің едәуір артуы кезінде АӨФ тежегіштерін қабылдауды тоқтату және тиісті медициналық тексеру жүргізу керек.
Гиперкалиемия
АӨФ тежегіштерін, оның ішінде периндоприл қабылдаған кейбір пациенттерде сарысудағы калий деңгейінің жоғарылауы байқалды. АӨФ тежегіштері гиперкалиемияны тудыруы мүмкін, өйткені олар альдостерон секрециясын тежейді. Бұл әсер әдетте бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде елеусіз болады. Гиперкалиемияның қауіп факторларына бүйрек жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының нашарлауы, жас (> 70 жас),
қант диабеті, қатар жүретін құбылыстар, атап айтқанда сусыздану, жүрек қызметінің жедел декомпенсациясы, метаболизмдік ацидоз және калий жинақтайтын диуретиктерді (спиронолактон, эплеренон, триамтерен, амилорид т.б.), калий препараттарын немесе құрамында калий бар тұз алмастырғыштарды бір мезгілде қабылдау, сондай-ақ сарысудағы калий деңгейінің жоғарылауын туындататын басқа да дәрілік препараттарды (гепариндер, триметоприм/сульфаметоксазол ретінде де белгілі ко-тримоксазол, АӨФ басқа да тежегіштерін, ангиотензин II рецепторларының антагонистерін, ацетилсалицил қышқылын 3 г/тәу., ЦОГ-2 тежегіштерін және селективті емес ҚҚСП, циклоспорин немесе такролимус, триметоприм сияқты иммунодепрессиялық препараттарды), әсіресе альдостерон антагонистері немесе ангиотензин рецепторларының блокаторларын қабылдау жатады. Калий препараттарын, калий жинақтаушы диуретиктерді немесе құрамында калий тұздары бар алмастырғыштарды пайдалану, әсіресе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде сарысудағы калий деңгейінің едәуір артуына әкелуі мүмкін. Гиперкалиемия күрделі, кейде өлімге әкелуі мүмкін аритмиялар тудыруы мүмкін. Калий жинақтайтын диуретиктерді және ангиотензин рецепторларының блокаторларын АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде сақтықпен қолдану керек; бұл ретте қан сарысуындағы калий деңгейіне және бүйрек функциясына мониторинг жүргізу қажет. Препаратты жоғарыда аталған дәрілермен бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайда оларды сарысудағы калий деңгейін жиі бақылай отырып сақтықпен қабылдау керек.
Индапамидпен байланысты:
Су-электролиттік теңгерім
Натрий деңгейі
Емдеу басталғанға дейін натрий мөлшеріне бағалау жүргізу қажет, одан әрі мұндай зерттеулер жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Натрий деңгейінің бастапқы төмендеуі симптомсыз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты бақылау қажет. Егде жастағы пациенттерде және бауыр циррозы бар пациенттерде бақылау жиі-жиі жүргізілуі тиіс. Барлық диуретиктер гипонатриемияға әкелуі мүмкін, кейде өте күрделі салдары болады. Гиповолемиямен гипонатриемия сусыздануға және ортостаздық гипотензияның дамуына әкелуі мүмкін. Хлор иондарының қатарлас жоғалуы салдарлы компенсаторлық метаболизмдік алкалоз тудыруы мүмкін: бұл әсердің пайда болу жиілігі мен айқындылығы елеусіз.
Калий деңгейі
Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктерді қабылдаудағы негізгі қауіп калий тапшылығына және тиісінше гипокалиемияға негізделген. Гипокалиемия бұлшықеттің бұзылыстарын туғызуы мүмкін. Рабдомиолиз жағдайлары туралы, негізінен ауыр гипокалиемия аясында хабарланды. Егде жастағы және/немесе жүдеген адамдар (политерапияға қарамастан), ісінулермен және асцитпен қатар жүретін циррозбен ауыратын пациенттер, жүректің ишемиялық ауруы және жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер
сияқты жоғары қауіп тобындағы пациенттерде калий деңгейінің (<3,4 ммоль/л) төмендеуін болдырмау керек.
Мұндай жағдайларда гипокалиемия жүрек гликозидтерінің уыттылығын күшейтеді және аритмияның даму қаупін арттырады.
QT аралығының туа біткен немесе емқателіктік ұлғаюы бар пациенттер қауіп тобына жатады. Брадикардия сияқты гипокалиемия да жүрек ырғағының ауыр бұзылуларын, атап айтқанда «пируэт» түріндегі полиморфты қарыншалық тахикардияны дамыту үшін қауіп факторы болып табылады, ол өлімге әкелуі мүмкін.
Барлық жағдайларда калий деңгейін анықтауды жиі жүргізу қажет. Плазмадағы калий деңгейін бірінші талдауды емдеу басталғаннан кейін бірінші апта ішінде жүргізу керек.
Калийдің төмен көрсеткіштері анықталған жағдайда осы жағдайға түзету жүргізу қажет.
Кальций деңгейі
Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктер кальцийдің несеппен шығарылуын азайтуға қабілетті, бұл плазмадағы кальций концентрациясының уақытша және елеусіз артуына әкеледі. Кальций деңгейінің едәуір артуы диагностикаланбаған гиперпаратиреозбен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда емдеуді қалқанша без функциясын зерттегенге дейін тоқтату керек.
Плазмадағы магний деңгейі
Тиазидтер және тектес диуретиктер, индапамидті қоса, магнийдің несеппен экскрециясын ұлғайтатыны көрсетілді, бұл гипомагниемияға әкелуі мүмкін.
Қандағы глюкоза мөлшері
Диабеті бар пациенттерде, әсіресе калий деңгейі төмен болғанда, қандағы глюкоза деңгейін бақылау қажет.
Несеп қышқылы
Құрамында несеп қышқылы жоғары пациенттерде подагра ұстамаларының ықтималдығы жоғарылайды.
Бүйрек функциясы және диуретиктер
Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктер бүйрек функциясы қалыпты жағдайда немесе тек сәл төмендеген жағдайларда ғана толық мөлшерде тиімді (ересектердегі креатинин деңгейі шамамен 25 мг/л төмен, яғни 220 мкмоль/л).
Егде адамдарда плазмадағы креатинин деңгейінің көрсеткіштерін Кокрофт формуласы бойынша жасына, салмағына және жынысына қарай түзетумен есептеу керек:
clcr = (140 - жас) x дене салмағы / 0,814 x плазмадағы креатинин деңгейі,
мұнда: жасы жылдармен көрсетіледі,
дене салмағы – килограммен,
плазмадағы креатинин деңгейі – литрге микромолдармен.
Бұл формула егде жастағы пациент ер адамға есептелген және әйелге бейімдеу үшін нәтижені 0,85-ке көбейту керек.
Диуретиктермен емдеудің басында су мен натрийдің жоғалуы салдарынан дамыған гиповолемия шумақшалық сүзілудің төмендеуіне әкеледі. Бұл қандағы несеп және креатинин деңгейінің жоғарылауын туғызуы мүмкін. Бұл өтпелі функциялық бүйрек жеткіліксіздігінің бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде жағымсыз салдары жоқ, бірақ бұрыннан бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттің жағдайы нашарлауы мүмкін.
Спортшылар
Спортшылар бұл препараттың құрамында допинг-бақылау жүргізген кезде оң реакция беретін белсенді зат бар екенін білуі тиіс.
Хориоидальды жалқық, жедел миопия және салдарлы жабықбұрышты глаукома
Сульфонамидтер немесе олардың туындылары көру өрісінің ақауымен хориоидальді жалқыққа, уақытша миопияға және жедел жабықбұрышты глаукомаға әкелетін идиосинкразиялық реакциялардың дамуын тудыруы мүмкін. Симптомдары көру өткірлігінің күрт төмендеуін немесе көз ауыруын қамтиды және әдетте препаратты қабылдаған сәттен бастап бірнеше сағаттан бірнеше аптаға дейінгі кезең ішінде туындайды. Тиісті емдеу жүргізілмеген кезде жедел жабықбұрышты глаукома көру қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін. Бірінші кезекте дәрілік препаратты қабылдауды мүмкіндігінше тезірек тоқтату керек. Көзішілік қысым жоғары күйінде қала берген жағдайда шұғыл емдік немесе хирургиялық емдеу қажет болуы мүмкін. Жедел жабық бұрышты глаукома дамуына әкелуі мүмкін қауіп факторларына анамнезде сульфонамидтерге немесе пенициллинге аллергияны жатқызуға болады.
Арнайы сақтандырулар
Қосымша заттар
Лактоза моногидраты
Препараттың құрамында лактоза моногидраты бар, осыған байланысты
тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактоза ферменттің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге қолдануға балмайды.
Натрий гидрокарбонаты
Стопресс Инда әр таблетканың құрамында 1 ммольден аз (23 мг) натрий бар, яғни, шын мәнінде натрий жоқ.
Педиатрияда қолдану
Стопресс Инданың балалар мен жасөспірімдердегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ. Стопресс Инда препаратын балалар мен жасөспірімдерге тағайындамаған жөн.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Екі белсенді заттың бірде бірі, жекелей де, Стопрес Инда құрамында біріктірілгенде де реакция жылдамдығына әсер етпейді, бірақ кейбір пациенттерде, әсіресе емдеудің басында немесе басқа гипотензивті препаратпен біріктірілгенде, артериялық қысымның төмендеуіне жауап ретінде жеке реакциялар байқалуы мүмкін.
Нәтижесінде автокөлікті немесе басқа да механизмдерді басқару қабілеті бұзылуы мүмкін.