Литий препараттары
Стопресс препаратын және литий препараттарын бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Калий жинақтаушы диуретиктер, калий препараттары, құрамында калий бар ас тұзын алмастырғыштар және тағам қоспалары
Стопресс препаратын және калий жинақтаушы диуретиктер, сондай-ақ калий препараттары, құрамында калий бар ас тұзын алмастырғыштар және тағам қоспаларын бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.
Қант диабеті бар пациенттер
Препарат ішуге арналған гипогликемиялық дәрілер немесе инсулин алатын қант диабеті бар пациенттерге тағайындалғанда емнің алғашқы айының ішінде қандағы глюкоза концентрациясын жүйелі бақылап отыру қажет.
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін (РААЖ) қосарлы бөгеу
АӨФ тежегіштерін, ангиотензин II рецепторларының антагонистерін (АРА II) немесе алискиренді бірге қолданудың артериялық гипотензия, гиперкалиемия және бүйрек функциясының бұзылу қаупін (бүйректің жедел жеткіліксіздігін қоса) арттыратынын айғақтайтын деректер бар. Осылайша, АӨФ тежегіштерін, ангиотензин II рецепторларының антагонистерін немесе алискиренді бірге қолдану арқылы РААЖ қосарлы бөгеу ұсынылмайды. Егер қосарлы бөгеу көмегімен емдеу абсолютті қажет болып танылса, оны тек қатаң медициналық бақылаумен және бүйрек функциясын, қандағы электролиттер мөлшерін және артериялық қысымды жүйелі бақылаумен жүргізген жөн. Диабеттік нефропатия бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін ангиотензин II рецепторларының антагонистерімен біріктіріп қолдануға болмайды.
Тығыздығы төмен липопротеиндер (ТТЛП) аферезін өткізу кезіндегі анафилактоидты реакциялар
Сирек жағдайларда декстран сульфатын пайдаланумен ТТЛП аферезі емшарасы жасалғанда АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде өмірге қатерлі анафилактоидты реакциялар дамуы мүмкін. Анафилактоидты реакцияны болдырмау үшін әр аферез емшарасы алдында АӨФ тежегішімен емді уақытша тоқтату керек.
Десенсибилизация жасау кезіндегі анафилактоидты реакциялар
АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерде, мысалы, жарғақ қанатты жәндіктер уымен десенсибилизациялау емі кезінде анафилактоидты реакциялардың дамуы туралы жекелеген хабарламалар болды. Бұл пациенттерде осындай реакцияларға АӨФ тежегіштерін уақытша тоқтату арқылы жол бермеудің сәті түсті, бірақ емдеуді кездейсоқ немесе ұқыпсыз жаңғырту тұсында реакциялар қайта дамуы мүмкін.
Арнайы сақтандырулар
ЖИА: бұрын миокард инфарктісін және/немесе коронарлық реваскуляризацияны өткерген пациенттерде жүрек-қантамырлық асқынулар қаупінің төмендеуі
Стопресс препаратымен емнің алғашқы айының ішінде тұрақсыз стенокардия дамығанда емді жалғастыруға дейін артықшылығы мен қаупін бағалау керек.
Артериялық гипотензия
АӨФ тежегіштері АҚ күрт төмендеуін тудыруы мүмкін. Артериялық гипертензияның ағымы асқынбаған пациенттерде симптоматикалық артериялық гипотензия сирек дамиды. АҚК азаюы бар пациенттерде шамадан тыс АҚ төмендеу қаупі жоғары, бұл диуретиктермен емделу аясында, қатаң тұзсыз диета ұстанғанда, гемодиализ, диарея және құсу кезінде, сондай-ақ ренин белсенділігі жоғары артериялық гипертензияның ауыр дәрежесіндегі пациенттерде білінуі мүмкін Симптоматикалық артериялық гипотензияны бүйрек жеткіліксіздігінің болуымен де, болмауымен де жүрек жеткіліксіздігінің клиникалық көріністері бар пациенттерде байқауға болады. Бұл қауіп «ілмекті» диуретиктерді жоғары дозаларда қабылдауға, гипонатриемияға немесе бүйректің функционалдық жеткіліксіздігіне реакция ретінде ауыр дәрежедегі жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде зор ықтималды. Симптоматикалық артериялық гипотензияның даму қаупі жоғары пациенттерде Стопресс препаратымен ем кезінде АҚ, бүйрек функциясын және қан сарысуындағы калий мөлшерін мұқият бақылап отыру қажет.
Осыған ұқсас амал айқын артериялық гипотензия миокард инфарктісіне немесе ми қан айналымының бұзылуына әкелуі мүмкін ЖИА және цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерде қолданылады.
Артериялық гипотензия дамыған жағдайда пациент аяғын сәл көтеріп, шалқасынан «жату» қалпына ауыстырылуы тиіс. Қажет болса, натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісін вена ішіне енгізу арқылы айналымдағы қан көлемін толықтыру керек. Өткінші артериялық гипотензия препаратты әріқарай қабылдауға бөгет бола алмайды. АҚК мен АҚ қалпына келген соң емдеуді жалғастыруға болады.
Жүректің созылмалы жеткіліксіздігімен (ЖСЖ) және АҚ қалыпты немесе төмендеп кеткен кейбір пациенттерде Стопресс препараты қосымша АҚ төмендеуін тудыруы мүмкін. Бұл әсері болжамды, әрі әдетте емді тоқтатуды талап етпейді. Айқын АҚ төмендеу симптомдары пайда болғанда препарат дозасын азайту немесе оны қабылдауды тоқтату керек.
Митральді стеноз/қолқа стенозы/гипертрофиялық обструкциялық кардиомиопатия
Стопресс препараты, басқа да АӨФ тежегіштері сияқты, сол жақ қарыншадан шығу жолының обструкциясы (қолқа стенозы, гипертрофиялық обструкциялық кардиомиопатия) бар пациенттерге, сондай-ақ митральді стеноз бар пациенттерге сақтықпен тағайындалуы тиіс.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек жеткіліксіздігі бар (КК 60 мл/мин аз) пациенттерге Стопресс препаратының бастапқы дозасы креатинин клиренсінің (КК) мәніне байланысты, ал одан кейін емдік әсеріне қарай таңдалады. Осындай пациенттер үшін қан сарысуындағы креатинин мен калий концентрациясын жүйелі бақылау қажет.
Симптоматикалық ЖСЖ бар пациенттерде кейде АӨФ тежегіштерін қабылдаудың басында дамитын артериялық гипотензия бүйрек функциясының нашарлауына әкелуі мүмкін. Бүйректің жедел жеткіліксіздігінің дамуы, әдетте, қайтымды болуы мүмкін.
АӨФ тежегіштерімен ем аясында бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде, әдетте, емді тоқтату кезінде өтпелі болатын қан сарысуындағы мочевина мен креатинин концентрациясы жоғарылауы мүмкін. Осындай пациенттерде қосымша реноваскулярлық гипертензияның болуы ауыр артериялық гипотензия мен бүйрек жеткіліксіздігінің жоғары даму қаупіне себеп болады. Осындай пациенттерді емдеу мұқият медициналық қадағалаумен препараттың төмен дозаларын қолданудан және әріқарай дозаларды талапқа сай таңдаудан басталады. Диуретиктермен емдеуді уақытша тоқтату және емнің алғашқы бірнеше аптасы бойына қан плазмасында калий мен креатинин мөлшерін жүйелі бақылап отыру керек.
Осының алдында бүйрек тамырлары ауруының болуы көрсетілмеген артериялық гипертензия бар кейбір пациенттерде, әсіресе, диурездік дәрілерді бір мезгілде қолданғанда қан сарысуында мочевина және креатинин концентрациясы жоғарылауы мүмкін. Аталған өзгерістер, әдетте, мардымсыз білінеді және қайтымды сипатта болады. Осы бұзылулардың даму ықтималдығы анамнезінде бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде жоғары. Ондай жағдайларда Стопресс препаратының және/немесе диуретик дозасын азайту және/немесе тоқтату қажет болуы мүмкін.
Гемодиализ
Жоғары ағынды жарғақшалар пайдаланылатын гемодиализде жүрген пациенттерде АӨФ тежегіштерімен ем аясында анафилаксиялық реакциялар дамыған жағдайлар аталды. Жарғақшалардың ұқсас типін пайдалану кезінде АӨФ тежегіштерін тағайындамаған дұрыс. Осындай жағдайларда басқа кластың гипотензиялық препаратын немесе басқа типті диализдік жарғақшаны пайдалану мүмкіндігін қарастыру керек.
Бүйрек трансплантациясы
Бүйрек трансплантациясынан кейінгі пациенттерде периндоприлді қолдану деректері жоқ.
Реноваскулярлық гипертензия
Бүйрек артериясының екі жақты стенозы немесе жұмыс істейтін жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациент АӨФ (ангиотензин өзгертуші фермент) тежегіштерімен ем қабылдағанда гипотензия мен бүйрек жеткіліксіздігінің жоғары қаупі бар. Диуретиктермен емдеу ықпал етуші фактор болуы мүмкін. Бүйрек функциясының істен шығуы сарысу креатининінде мардымсыз ғана өзгерістері бар, тіпті бүйрек артериясының бір жақты стенозы бар пациенттерде туындауы мүмкін.
Аса жоғары сезімталдық/ангионевроздық ісіну
АӨФ тежегіштерін, оның ішінде периндоприлді қабылдау кезінде сирек жағдайларда және емнің кез келген кезеңінде бет, қол мен аяқ, ерін, шырышты қабықтар, тіл, дауыс қатпарларының және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуінің дамуын байқауға болады. Симптомдар пайда болғанда препаратты қабылдау дереу тоқтатылуы тиіс, ал пациент ісіну белгілері толық басылатын сәтке дейін қадағалануы тиіс. Егер ісіну тек бет пен ерінді жайласа, симптомдарды емдеу үшін антигистаминдік дәрілерді қолдануға болатын болса да, әдетте, оның көріністері өз бетінше басылады.
Көмей ісінуімен қатар жүретін ангионевроздық ісіну өліммен аяқталуға алып келуі мүмкін. Тіл, дауыс қатпарларының немесе көмейдің ісінуі тыныс жолдарының обструкциясына әкелуі мүмкін. Осындай симптомдар пайда болғанда кезек күттірмейтін ем, оның ішінде эпинефрин (адреналин) адреналинді тері астына енгізу және/немесе тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету талап етіледі. Пациент симптомдар толық және тұрақты басылғанша медициналық қадағалауда болуы тиіс. Анамнезінде АӨФ тежегіштерін қабылдаумен байланыссыз ангионевроздық ісінуі бар пациенттерде осы топтың препараттарын қабылдау аясында оның даму қаупі жоғары болуы мүмкін. Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерімен ем аясында ішектің ангионевроздық ісінуі дамыды. Осы орайда пациенттерде оқшауланған симптом ретінде немесе жүрек айнумен және құсумен біріккен, кейбір жағдайларда осының алдында беттің ангионевроздық ісінуі болмаған және С-1 эстераза деңгейі қалыпты деңгейде болған іштің ауыруы болды. Диагноз құрсақ қуысына компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу көмегімен немесе хирургиялық араласу кезінде қойылды. Симптомдар АӨФ тежегіштерін қабылдауды тоқтатудан кейін басылды. Сондықтан АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген іш аумағындағы ауыруы болатын пациенттерде дифференциялық диагностикалау жүргізілгенде ішектің ангионевроздық ісінуінің даму мүмкіндігін ескеру қажет.
Периндоприлді сакубитрил/валсартанмен біріктіру ангиоэдеманың жоғары туындау қаупіне орай қарсы көрсетілімді. Сакубитрил/валсартан қабылдауды периндоприлмен емнің соңғы дозасын қабылдаудан кейін 36 сағатқа дейін бастауға болмайды. Егер сакубитрил/валсартанмен емдеу тоқтатылса, периндоприлмен емдеуді сакубитрил/валсартанның соңғы дозасын қабылдаудан кейін 36 сағатқа дейін бастауға болмайды.
АӨФ тежегіштерін және NEP бейтарап эндопептидаза тежегіштерін (мысалы, рацекадотрил), mTOR тежегіштерін (мысалы, сиролимус, эверолимус, темсиролимус) және глиптиндерді (мысалы, линаглиптин, саксаглиптин, ситаглиптин, вилдаглиптин) бір мезгілде қолдану ангионевроздық ісіну (респираторлық бұзылулармен немесе онсыз қатар жүретін тыныс жолдарының немесе тілдің ісінуі) қаупін арттыруы мүмкін. Осыған байланысты, АӨФ тежегішін қабылдап жүрген пациенттерге рацекадотрил, mTOR тежегіштерін (мысалы, сиролимус, эверолимус, темсиролимус) және глиптиндерді (мысалы, линаглиптин, саксаглиптин, ситаглиптин, вилдаглиптин) тағайындау алдында пайда және қауіп арақатынасын мұқият таразылау қажет.
mTOR тежегіштерін (мысалы, сиролимус, эверолимус, темсиролимус) біріктіріп қолдану.
АӨФ тежегіштерін және NEP бейтарап эндопептидаза тежегіштерін (мысалы, рацекадотрил), mTOR тежегіштерін (мысалы, сиролимус, эверолимус, темсиролимус) және глиптиндерді (мысалы, линаглиптин, саксаглиптин, ситаглиптин, вилдаглиптин) бір мезгілде қолдану ангионевроздық ісіну (респираторлық бұзылулармен немесе онсыз қатар жүретін тыныс жолдарының немесе тілдің ісінуі) қаупін арттыруы мүмкін. Осыған байланысты, АӨФ тежегішін қабылдап жүрген пациенттерге рацекадотрил, mTOR тежегіштерін (мысалы, сиролимус, эверолимус, темсиролимус) және глиптиндерді (мысалы, линаглиптин, саксаглиптин, ситаглиптин, вилдаглиптин) тағайындау алдында пайда және қауіп арақатынасын мұқият таразылау қажет.
Бауыр функциясының бұзылуы
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерін қабылдау аясында кейде өліммен аяқталатын бауырдың фульминантты некрозына ұласатын холестаздық сарғаюдың даму синдромы байқалды. Осы синдромның даму механизмі түсініксіз. АӨФ тежегіштерін қабылдау аясында сарғаю пайда болғанда немесе «бауыр» ферменттері белсенділігінің елеулі жоғарылауында препаратты қабылдауды тоқтату керек, пациент тиісті медициналық қадағалауда болуы тиіс.
Нейтропения/агранулоцитоз/тромбоцитопения/анемия
АӨФ тежегіштерін қабылдау аясында нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия туындауы мүмкін. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде және басқа ауырлататын факторлар болмағанда нейтропения сирек дамиды. Дәнекер тіннің жүйелі аурулары бар пациенттерде иммунодепрессанттар, аллопуринол немесе прокаинамид қабылдау аясында немесе осы қауіп факторлары біріккенде, әсіресе, бүйрек функциясының бастапқы бұзылуы болғанда периндоприлді ерекше сақтықпен қолдану керек.
Кейбір пациенттерде бірқатар жағдайларда антибиотиктермен қарқынды емге төзімді ауыр инфекциялар туындады. Осындай пациенттерге периндоприл тағайындалғанда қандағы лейкоциттер мөлшерін мезгіл-мезгіл бақылап отыруға кеңес беріледі. Пациенттер инфекциялық аурулардың кез келген белгілері (мысалы, тамақтың ауыруы, қызба) жөнінде дәрігерге хабарлауы тиіс.
Этностық өзгешеліктер
Қара нәсілді пациенттерде ангионевроздық ісінудің даму қаупінің жоғарырақ екенін ескеру керек. Басқа да АӨФ тежегіштері сияқты, периндоприлдің қара нәсілді пациенттерде АҚ төмендетуге қатысты тиімділігі аз.
Осы әсері артериялық гипертензиясы бар қара нәсілді пациенттерде төмен ренин статусының айқын басымдылығымен байланысты.
Жөтел
АӨФ тежегішімен ем аясында тоқтаусыз құрғақ жөтел туындауы мүмкін, ол препаратты тоқтатудан кейін басылады. Ол жөтелдің дифференциялық диагностикасын жүргізу кезінде ескерілу керек.
Хирургиялық араласу/жалпы анестезия
Ауқымды операциялар жасау немесе артериялық гипотензияны тудыратын анестезияға арналған дәрілерді қолдану жоспарланатын пациенттерде периндоприлді қолдану рениннің компенсаторлық босап шығуы аясында ангиотензин ІІ түзілуін бөгеуі мүмкін. Емдеуді операцияға дейн тәулік бұрын тоқтату керек. Атап көрсетілген механизм бойынша артериялық гипотензияның дамуында АҚК толықтыру арқылы АҚ демеп отыру керек.
Гиперкалиемия
Гиперкалиемия АӨФ тежегіштерімен, оның ішінде периндоприлмен емдеу кезінде дамуы мүмкін. АӨФ тежегіштері гиперкалиемияны тудыруы мүмкін, өйткені олар альдостерон секрециясын тежейді. Осы әсері, әдетте, бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде мардымсыз. Гиперкалиемияның қауіп факторларына бүйрек жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының төмендеуі, 70 жастан асқан кезең, қант диабеті, кейбір қатар жүретін жай-күйлер (дегидратация, жүректің жедел жеткіліксіздігі, метаболизмдік ацидоз), калий жинақтаушы диуретиктерді (спиронолактон және оның туындысы - эплеренон, триамтерен, амилорид сияқты), калий препараттарын/тағамдық қоспаларын немесе құрамында калий бар ас тұзын алмастырғыштарды, сондай-ақ қандағы калий мөлшерінің артуына ықпал ететін басқа препараттарды (мысалы, гепарин, триметоприм/сульфаметоксазол ретінде де белгілі ко-тримоксазол) және әсіресе, альдостерон антагонистерін немесе ангиотензин рецепторларының блокаторларын қолдану жатады. Калий препараттарын/тағамдық қоспаларын, калий жинақтаушы диуретиктерді немесе құрамында калий бар ас тұзын алмастырғыштарды қолдану, әсіресе, бүйрек функциясы төмендеп кеткен пациенттерде қолдану қандағы калий мөлшерінің елеулі артуына алып келуі мүмкін. Гиперкалиемия күрделі, кейде жүрек ырғағының өлім қауіпті бұзылуларына алып келуі мүмкін. Калий жинақтаушы диуретиктер және ангиотензин рецепторларының блокаторларын АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерде абайлап қолдану керек; осы орайда қан сарысуындағы калий деңгейін және бүйрек функциясын мониторингтеу қажет. Егер периндоприл мен жоғарыда аталған препараттарды бір мезгілде қабылдау қажет болса, емдеу қан сарысуындағы калий деңгейін жүйелі мониторингтеу аясында абайлап жүргізілуі тиіс.
Алғашқы гиперальдостеронизм
Алғашқы гиперальдостеронизм бар пациенттер, әдетте, ренин-ангиотензин жүйесін тежеу арқылы әсер ететін гипертонияға қарсы препараттарға реакция бермейді. Сондықтан осы препаратты қолдану ұсынылмайды.
Жүктілік
АӨФ тежегіштерін қабылдауды жүктілік кезінде бастауға болмайды. Егер емді АӨФ тежегіштерімен жалғастыру абсолютті қажет болып саналмаса, бала көтеруді жоспарлап жүрген пациент әйелдер жүктілік кезінде қауіпсіздік бейіні айқындалған баламалы гипотензиялық емдеуге ауыстырылуы тиіс. Жүктілік дерегі расталған бойда АӨФ тежегіштерімен қабылдауды дереу тоқтату, ал қажет болса, баламалы емдеу түріне ауысу керек.
Педиатрияда қолдану
Осы жас тобындағы пациенттерде препаратты қолдану тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы деректер болмауына орай, Стопресс препаратын балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде тағайындауға болмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Периндоприл автокөлікті жүргізу немесе механизмдерді басқару қабілетіне тікелей ықпалын тигізбейді, бірақ, кейбір пациенттерде, әсіресе, емдеудің басында немесе басқа гипотензиялық препаратпен біріктіргенде төмен артериялық қысымға байланысты жеке реакциялар дамуы мүмкін. Нәтижесінде, автокөлікті немесе басқа механизмдерді басқару қабілетіне нұқсан келуі мүмкін. Әсіресе, емдеудің басында сақтық шарасын қадағалаңыз.