Дозалау режимі
Тек эндотрахеальді енгізуге арналған
Сурванта препаратын кеңірдек интубациясын жүргізуде, өкпені жасанды желдетуге (ӨЖЖ) арналған неонатальді аппаратурамен жұмыс істеуде және шала туған балаларға тиісінше күтім жасауда тәжірибесі бар дәрігерлер қолдануы, немесе солардың қадағалауымен қолданылуы тиіс. Егер бір медицина қызметкері препараттың дозасын енгізіп, ал екіншісі баланы жатқызса және оның жай-күйін қадағалап отырса, енгізу емшарасы жеңілдейді.
Препараттың бір реттік дозасы жаңа туған нәрестенің 1 кг дене салмағына 100 мг фосфолипидтерді (4 мл суспензия) құрайды.
Профилактика мақсатында Сурванта препаратының дозасын барынша қысқа мерзімде, дұрысы туғаннан кейінгі 15 минут ішінде енгізу қажет.
Рентгенография кезінде расталған және клиникалық белгілерімен РДС бар шала туған нәрестелерді емдеу үшін, Сурванта препаратының алғашқы дозасы барынша қысқа мерзім ішінде, дұрысы туғаннан кейінгі алғашқы 8 сағатта енгізілуі тиіс.
1-кестеде препараттың жаңа туған нәрестелер үшін дене салмағына байланысты жалпы дозасы берілген.
1-кесте. Сурванта препаратының дозасын есептеу
Салмақ (грамм) — Жалпы дозасы (мл) — Салмақ (грамм) — Жалпы дозасы (мл)
600-650 — 2,6 — 1301-1350 — 5,4
651-700 — 2,8 — 1351-1400 — 5,6
701-750 — 3,0 — 1401-1450 — 5,8
751-800 — 3,2 — 1451-1500 — 6,0
801-850 — 3,4 — 1501-1550 — 6,2
851-900 — 3,6 — 1551-1600 — 6,4
901-950 — 3,8 — 1601-1650 — 6,6
951-1000 — 4,0 — 1651-1700 — 6,8
1001-1050 — 4,2 — 1701-1750 — 7,0
1051-1100 — 4,4 — 1751-1800 — 7,2
1101-1150 — 4,6 — 1801-1850 — 7,4
1151-1200 — 4,8 — 1851-1900 — 7,6
1201-1250 — 5,0 — 1901-1950 — 7,8
1251-1300 — 5,2 — 1951-2000 — 8,0
Өмірінің алғашқы 48 сағат ішінде, клиникалық ағымға байланысты берактанттың төрт дозасына дейін енгізуге болады. Дозаны әр алты сағат сайыннан жиірек енгізуге болады.
Сурванта препаратының қосымша дозаларын енгізу қажеттілігі тыныс алу бұзылысының жалғасып жатқандығының белгілерімен анықталады. РДС радиографиялық жолмен растау профилактикалық дозасын қабылдаған пациенттерге қосымша дозаларын енгізгенге дейін жүргізілуі тиіс.
Сурванта препаратын енгізуге дайындық
Енгізер алдында суспензия түсінің бұзылған-бұзылмағандығын бағалау мақсатында, препаратты көзбен тексеріп қарап шығу керек. Берактанттың түсі ақ дерліктен ақшыл-қоңырға дейін. Егер сақтау кезінде тұнба түзілсе, суспензияны қалпына келтіру үшін құтыны абайлап дөңгелету керек (шайқауға болмайды). Берактантты фильтрациялауға болмайды. Қолдану кезінде беткейінде көпіршік пайда болғаны байқалуы мүмкін, бұл препараттың табиғатына тән.
Сурванта препараты тоңазытқышта (2 – 8°C температурада) сақталады. Енгізер алдында Сурванта препараты жылытылуы үшін 20 минут бойы бөлме температурасында немесе 8 минут бойы қолда ұсталуы тиіс. Жылытудың жасанды әдістері пайдаланылмауы тиіс.
Егер препаратты профилактика мақсатында қолдану жоспарланса, дәрілік затты енгізу үшін дайындау алдын ала, бала туғанға дейін басталуы тиіс.
Сурванта препаратының бөлме температурасына дейін жылытылған, ашылмаған, пайдаланылмаған құтылары, жылытылғанғаннан кейінгі 24 сағат ішінде барынша тезірек тоңазытқышқа қайта салынуы және келесі пайдаланғанға дейін сақталуы тиіс. Сурванта препаратын жылытуға және тоңазытқышқа бір реттен артық қайта салуға болмайды. Бір дозалы әрбір құтыны тек бір рет пайдалануға болады. Пайдаланылған, ішінде дәрілік заттың қалдықтары бар құтыларды жойып жіберу керек.
Сурвантаны пайдаланар алдында еріту немесе ультрадыбыспен өңдеу қажет емес.
Жалпы дозалау емшаралары
Препаратты енгізудің таңдалған тәсілінің негізінде, әрбір дозасын бір рет болюстік әдіспен енгізеді немесе дозасын тең екі бөлікке бөледі.
Әр дозасын екі жарты дозасы немесе төрт ширек дозасы түрінде қолдануға болады. Әрбір фракциялық дозасы балаға әр түрлі қалыпта енгізіледі. Сурванта препаратын екі жарты дозасы түрінде енгізу үшін келесі қалыптар ұсынылған:
• Бас пен дене шамамен 45° оңға бұрылған.
• Бас пен дене шамамен 45° солға бұрылған.
Сурванта препаратын төрт ширек дозасы түрінде енгізу үшін келесі қалыптар ұсынылған:
• Бас пен дене 5-10° төмен еңкейтілген, бас оңға бұрылған.
• Бас пен дене 5-10° төмен еңкейтілген, бас солға бұрылған.
• Бас пен дене 5-10° жоғары қарай шалқайтылған, бас оңға бұрылған.
• Бас пен дене 5-10° жоғары қарай шалқайтылған, бас солға бұрылған.
Төрт ширек дозасына арналған қалыптар төмендегі суретте берілген:
1. Бас пен дене төмен еңкейтілген, бас оңға бұрылған. — 2. Бас пен дене төмен еңкейтілген, бас солға бұрылған.
3. Бас пен дене жоғары қарай шалқайтылған, бас оңға бұрылған. — 3. Бас пен дене жоғары қарай шалқайтылған, бас солға бұрылған.
Енгізу әдісі мен жолы
Сурванта препаратын енгізу әдістері
ӨЖЖ жүргізілетін пациенттерде ұшында тесігі бар зонд (катетер) арқылы енгізу
Құтының ішіндегісін үлкен өлшемді (мысалы, өлшемі кемінде 20-сыншы) иненің көмегімен пластмасса шприцке түгел баяу сорып алыңыз.
Ұшында тесігі бар (алдын ала өлшеп алынған) «5 French» типті катетерді шприцке жалғаңыз. Препаратты катетерге енгізіңіз. Шприцте тек енгізуге арналған жалпы дозасы қалатындай қылып, препараттың артық мөлшерін катетер арқылы шығарып жіберіңіз.
Сурванта препаратын қолданар алдында интубациялау түтігінің тиісінше орналасуы мен жай-күйін қамтамасыз етіңіз. Дәрігердің қалауынша, енгізу емшарасы алдында интубациялық түтіктің ішіндегісін сорып шығарып тастауға болады. Препаратты енгізуді жалғастырмас бұрын, баланың жай-күйін тұрақтандыру қажет.
Баланы ұсынылған қалыптардың біреуінде жатқызыңыз. Ұшында тесігі бар «5 French» типті катетерді эндотрахеальді түтікке салыңыз. Зондтың ұзындығы, зонд ұшы жаңа туған нәрестенің кеңірдегі екіге айырылатын орынның үстінде эндотрахеальді түтіктен сәл жоғары, шығып тұратындай етіп қысқартылуы тиіс. Сурванта препараты негізгі бронхқа енгізілмеуі тиіс.
Алғашқы фракциялық дозасын катетер арқылы, екі–үш секундтан артық уақыт ішінде баяу енгізіңіз.
Алғашқы фракциялық дозасын енгізгеннен кейін катетерді интубациялау түтігінен алып тастаңыз және 30 секунд бойы немесе клиникалық көрініс тұрақтанғанға дейін, өкпені қолмен желдетуді жүргізіңіз.
Цианоздың алдын алу үшін, өкпені қолмен желдету оттегінің жеткілікті мөлшерімен және талапқа сай газ алмасуы мен кеуденің қозғалуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті оң қысыммен қатар жүруі тиіс.
Жаңа туған баланың жай-күйі тұрақтанған кезде, келесі фракциялық дозасын енгізу үшін баланың қалпын өзгерту қажет.
Келесі фракциялық дозаларын енгізуді жоғарыда сипатталған емшараға сәйкес жүргізу керек. Соңғы фракциялық дозасын енгізгеннен кейін, катетерді жуып-шаюсыз алып тастау керек. Тыныс жолдарының елеулі обструкциясы симптомдары пайда болған жағдайлардан басқасында препаратты енгізгеннен кейінгі 1 сағат ішінде аспирациялауды жүргізбеңіз.
ӨЖЖ жүргізілетін пациенттерде екі қуысты интубациялау түтігінің екінші тесігі арқылы енгізу
Баланың тиісінше өлшемдегі екі қуысты интубациялау түтігімен интубацияланғандығына көз жеткізіңіз. Құтыдағы жалпы дозасын пластмасса шприцке үлкен өлшемді ине (мысалы, өлшемі кемінде 20-сыншы) арқылы баяу сорып алыңыз.
Сурванта препаратын қолданар алдында интубациялау түтігінің тиісінше орналасуы мен жай-күйін қамтамасыз етіңіз. Дәрігердің қалауынша, енгізу емшарасы алдында интубациялық түтіктің ішіндегісін сорып шығарып тастауға болады. Препаратты енгізуді жалғастырмас бұрын, баланың жай-күйін тұрақтандыру қажет.
Препарат құйылған шприцті интубациялау түтігінің екінші тесігіне жалғаңыз. Баланы ұсынылған қалыптардың бірінде жатқызыңыз және алғашқы фракциялық дозасын түтіктің екінші тесігі арқылы баяу енгізіңіз, енгізу ұзақтығы жасанды желдетуді үзбестен 2-3 секундтан артықты құрайды.
Өкпені қолмен желдетуді кемінде 30 секунд немесе жағдай тұрақтанғанға дейін жүргізу қажет. Цианоздың алдын алу үшін, өкпені желдетуді оттегінің жеткілікті деңгейімен жүзеге асырыңыз, және талапқа сай ауа алмасуы мен кеуде қабырғасының экскурсиясы орын алуы үшін жеткілікті оң қысымды қамтамасыз етіңіз.
Баланың позициясын келесі фракциялық дозасы енгізілгенге дейін өзгертіңіз.
Қалған фракциялық дозаларын бірдей емшараларды пайдаланып енгізіңіз. Соңғы фракциялық дозасын енгізгеннен кейін, екінші қуысынан шприцті алып тастап, түтіктің екінші тесігін үрлеу үшін 0,5 мл ауа кіргізіңіз және оны жабыңыз.
Шала туған, өздігінен тыныс алып жатқан нәрестеге берактантты енгізу
Интубация, сурфактант енгізу, экстубация – INSURE (INtubation – SUrfactant – Rapid – Extubation) әдісі
Интубациядан және зондты енгізгеннен кейін (жоғарыдағы сипаттаманы қараңыз), баланы бейтарап қалыпта жатқызу және босану залында немесе кейінірек, бала жаңа туған нәрестелер бөлімшесіне түскеннен кейін 1–3 минут ішінде абайлап препаратты бір рет болюстік енгізуді жүзеге асыру қажет. Сурфактант инстилляциясынан кейін өкпені тыныс алу қалтасының көмегімен желдету техникасын пайдалану және экстубациялауға және клиникалық көрсетілімдері болған жағдайда, тыныс жолдарындағы тұрақты оң қысымды демеп отыруға (CPAP – continuous positive airway pressure) кірісу қажет.
Сурфактанттың шағын инвазивтік енгізілуі – LISA (Less Invasive Surfactant Administration) әдісі
Дозасын интубациясыз енгізу үшін диаметрі кішкентай катетерді пайдалануға болады. Мұндай жағдайда катетерді тікелей баланың кеңірдегіне, дауыс байламдарын ларингоскоптың көмегімен көріністей отырып енгізу және бір реттік болюстік енгізуді 1–3 минут ішінде абайлап жүргізу қажет. Сурфактант инстилляциясынан кейін дереу катетерді алып тастап, өздігінен үздіксіз тыныс алуын қамтамасыз ету және барлық емшара бойына CPAP арқылы экстубациялауға кірісу керек.