Сэйфолды анестезия саласында даярлығы бар персонал (немесе қажет болған жағдайда, қарқынды ем бөліміндегі пациенттерді күту тәжірибесі бар дәрігер) қолдануы тиіс. Науқастардың жағдайына үнемі мониторинг жүргізу қажет; тыныс алу жолдарының еркін өткізгіштігін қолдауға, өкпені жасанды желдетуге, оттегімен байытуға арналған жабдық, сондай-ақ басқа да реанимациялық құралдар тұрақты пайдалануға дайын болуы тиіс. Сэйфолды диагностикалық немесе хирургиялық емшараны орындайтын адам енгізбеуі тиіс.
Көбінесе медицина қызметкерлері тарапынан 1% пропофолға тәуелділік және шамадан тыс пайдалану туралы хабарламалар келіп түскен.
Басқа жалпы анестетиктер сияқты, 1% пропофолды тыныс алу жолдарының өткізгіштігін сақтамай қолдану, өлімге әкелетін тыныс алу асқынуларына әкелуі мүмкін.
Сэйфол препаратын хирургиялық немесе диагностикалық емшаралар кезінде сананы жоғалтпай тыныштандыруға пайдаланған кезде артериялық қысымның төмендеуінің, тыныс алу жолдарының обструкциясының және қанның оттегімен жеткіліксіз қанығуының ерте белгілерін анықтау үшін пациентті үздіксіз бақылау керек.
Басқа седативті препараттарды қолданғандағыдай, хирургиялық араласу кезінде тыныштандыратын әсерді қамтамасыз ету үшін Сэйфол препаратын енгізу кезінде пациенттердің еріксіз қозғалыстары пайда болуы мүмкін. Тыныштықты сақтауды қажет ететін процедураларда бұл қозғалыстар хирургиялық араласу үшін қауіпті болуы мүмкін.
Жалпы анестезиядан кейін толық қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін пациентті бақылау үшін жеткілікті уақыт қажет. Өте сирек жағдайларда Сэйфол препаратын қолданғаннан кейін, операциядан кейінгі кезеңде санадан айрылу жағдайлары болуы мүмкін, бұл бұлшықет тонусының жоғарылауымен бірге жүруі мүмкін. Кейде естен тану ояну кезеңінен кейін пайда болады. Өздігінен оянуға қарамастан, санадан айрылған жай-күйдегі науқасқа тиісінше бақылау жүргізілуі тиіс.
Пропофолдан туындаған бұзылулар әдетте 12 сағаттан кейін көрініс бермейді. Пропофолдың әсері, жүргізілетін емшара, бір мезгілде қолданылатын дәрілік препараттар, пациенттің жасы мен жағдайын ескере отырып, пациентке қатысты ұсынымдар беру керек:
• пациент препарат енгізілген мекемеден шыққан кезде ілесіп жүретін адамның бірге болуының дұрыстығы;
• көлік жүргізу сияқты қауіпті немесе дағдыларды қажет ететін тапсырмаларды қайтадан бастауға болатын уақыт;
• тыныштандыру мүмкіндігі бар басқа препараттарды қолдану (мысалы, бензодиазепиндер, апиындар, алкоголь).
Басқа венаішілік анестетиктер сияқты, препаратты жүрек, тыныс алу, бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде, сондай-ақ гиповолемияға шалдыққан немесе әлсіреген пациенттерде қолданғанда сақ болу керек. Сэйфол клиренсі қан ағымына байланысты, сондықтан жүректің лықсуын төмендететін қатарлас дәрілік препараттарды қолдану Сэйфол клиренсін де төмендетеді.
Сэйфол әлсіз ваголитикалық белсенділікке ие және оны қолдану брадикардия (кейде күрделі сипатқа ие), сондай-ақ асистолия жағдайларымен байланыстырады. Анестезияны индукциялау алдында немесе оны демеу кезеңінде, әсіресе кезбе жүйке тонусының басым болу ықтималдығы болған жағдайда немесе Сэйфол брадикардияға себеп болатын басқа дәрілермен бірге қолданылған жағдайда, м-холиноблокаторды вена ішіне енгізген жөн.
Басқа венаішілік анестетиктер мен тыныштандыратын дәрілер жағдайындағыдай, пациенттерге Сэйфолды қабылдау алдында және қабылдағаннан кейін кемінде 8 сағат бойы алкоголь ішуден аулақ болуға нұсқау беру керек.
Оперативті емшаралар үшін болюсті енгізу кезінде жедел өкпе жеткіліксіздігі немесе тыныс алу тежелуі бар пациенттерде аса сақ болу керек.
Пропофолмен бірге орталық жүйке жүйесін басатын препараттарды, мысалы, алкогольді, жалпы анестетиктерді, есірткілік анальгетиктерді қолдану олардың тыныштандыратын әсерінің айқын көрінісіне әкеледі, бұл тыныс алу мен жүрек қызметінің ауыр бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Сэйфолды ауырсынуды басудан кейін енгізу және пациенттің реакциясына сәйкес дозаны мұқият таңдау ұсынылады.
Анестезия индукциясы кезінде премедиканттар мен басқа да препараттардың қолданылуы және дозасына байланысты гипотензия және өтпелі апноэ пайда болуы мүмкін.
Кейде гипотония кезінде вена ішіне енгізілетін сұйықтықтарды қолдану және демеуші анестезия кезеңінде Сэйфолды енгізу жылдамдығын төмендету қажет болуы мүмкін.
Егер Сэйфол эпилепсиямен ауыратын науқасқа енгізілсе, құрысулар туындау қаупі бар.
Липидтік метаболизмі бұзылған пациенттерге, сондай-ақ липидтік эмульсияларды абайлап қолдануды талап ететін басқа да жағдайларда тиісті назар аударылуы керек.
Электрлік құрысу терапиясы кезінде пропофолды қолдану ұсынылмайды. Анестезияға арналған басқа дәрілік заттарды қолданған жағдайдағыдай, наркоздан шығу кезінде жыныстық белсенділік байқалуы мүмкін.
3 жасқа дейінгі балаларда және үшінші триместрдегі жүкті әйелдерде жалпы анестетиктер мен седативті препараттарды бірнеше рет немесе ұзақ уақыт (3 сағаттан астам) қолдану балалардағы жүйке жүйесінің даму қаупіне әкелуі мүмкін.
Балалар
Пропофолды қолдану жаңа туған нәрестелерде ұсынылмайды, өйткені пациенттердің бұл популяциясы толық зерттелген жоқ. Фармакокинетикалық деректер жаңа туған нәрестелерде клиренс айтарлықтай төмендегенін және өте жоғары жекелей аралық ауытқушылықтың бар екенін көрсетеді. Салыстырмалы артық дозалану ересек жастағы балаларға ұсынылған дозаны қолданғанда орын алуы мүмкін, бұл жүрек-қантамыр қызметінің ауыр бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін.
Шағын көлемді титрлеудің қиындығына байланысты 3 жасқа дейінгі балаларға Сэйфол ұсынылмайды. Қарқынды терапия кезінде тыныштандыру үшін пропофолды 16 жастан кіші пациенттерде қолдануға болмайды, өйткені осы жас тобындағыларда тыныштандыру үшін пропофолдың қауіпсіздігі мен тиімділігі көрсетілмеген.
Қарқынды ем бөлімшесіндегі (ҚЕБ) емдеуге қатысты консультациялық қорытынды:
ҚЕБ-да тыныштандыру үшін пропофол эмульсиясының инфузиясын қолдану метаболизмдік бұзылулар жиынтығымен және өлімге әкелуі мүмкін ағзалар жүйесі жеткіліксіздігімен қатар жүрді. Хабарламалар келесі жағдайлардың біріктірілімі бойынша алынды: метаболизмдік ацидоз, рабдомиолиз, гиперкалиемия, гепатомегалия, бүйрек жеткіліксіздігі, гиперлипидемия, жүрек аритмиясы, Бругада синдромы типі бойынша ЭКГ (ST сегментінің жоғарылауы және дөңгеленген Т тісшесі) және әдетте инотропты демеуші емге жауап бермейтін тез үдейтін жүрек жеткіліксіздігі. Бұл құбылыстардың біріктірілімі "пропофол инфузиясының синдромы" деп аталады. Бұл құбылыстар негізінен бастың ауыр жарақаттары бар пациенттерде және ересектерге ұсынылған дозадан асатын дозада қарқынды ем бөлімшесінде тыныштандыру мақсатында пропофол алған тыныс алу жолдарының инфекциясы бар балаларда байқалды.
Келесі факторлар бұл құбылыстардың дамуы үшін негізгі қауіп болып табылады: тіндерге оттегінің жеткізілуінің төмендеуі; ауыр неврологиялық бұзылулар және/немесе сепсис; жоғары дозаларда бір немесе бірнеше фармакологиялық препараттардың - тамырлардың тарылуын тудыратын препараттардың, стероидтардың, инотропты препараттардың және/немесе пропофолдың жоғары дозалары (әдетте 48 сағаттан астам уақыт ішінде 4 мг/кг/сағ.астам дозаларда).
Препаратты тағайындайтын мамандар жоғарыда аталған қауіп факторлары туралы ескертілуі тиіс. Егер жоғарыда аталған белгілер пайда болса, пропофолды қолдануды дереу тоқтату керек. Қарқынды ем бөлімшесінде қолданылатын барлық седативті және емдік препараттарды оттегі мен гемодинамикалық параметрлерді оңтайлы жеткізуді қамтамасыз ету үшін титрлеу керек. Бассүйекішілік қысымы жоғары пациенттер ем кезінде церебральді перфузиялық қысымды ұстап тұру үшін тиісті ем алуы тиіс.
Емдеуші дәрігерлер: мүмкіндігінше 4 мг/кг/сағ дозадан асырмаулары тиіс. Майлар метаболизмі бұзылған және майлы эмульсияларды сақтықпен қолдану қажет басқа да жағдайы бар пациенттерде тиісті емшаралар қолданылуы керек.
Егер пропофол майдың артық жүктелу қаупі бар деп есептелетін пациенттерде қолданылса, қан липидтерінің деңгейіне мониторинг жүргізу ұсынылады. Егер мониторинг майлардың ағзадан жеткіліксіз шығарылатынын көрсетсе, пропофолды енгізу тиісінше түзетілуі керек.
Егер пациент бір мезгілде вена ішіне енгізу үшін басқа липидтерді қабылдаса, олардың мөлшері пропофол препаратымен бірге келетін майларды ескере отырып, азайтылуы тиіс. 1,0 мл Сэйфолдың құрамында шамамен 0,1 г май бар (соя бұршағының майы 100 мг/мл).
Сэйфол құрамында соя бұршағының майы бар, жергілікті реакциялардың (жанаспалы дерматит) пайда болу мүмкіндігін ескеру керек.
Сэйфол құрамында 0,0018 ммоль/мл натрий бар, оны натрий-бақыланатын емдәмдегі пациенттерде ескеру керек.
Қосымша сақтық шаралары
Митохондриялық аурулары бар пациенттерді емдеу кезінде сақтық танытқан жөн. Мұндай пациенттерде анестезия жүргізген кезде, хирургиялық операция кезінде немесе ҚЕБ-да емдік шаралар кезінде ауру өршуі мүмкін. Мұндай пациенттер үшін нормотермияны сақтау, көмірсулармен және жеткілікті сұйықтықпен қамтамасыз ету ұсынылады. Митохондриялық аурудың алғашқы өршу белгілері «пропофол инфузиясының синдромына» ұқсас болуы мүмкін. Сэйфол құрамында микробқа қарсы консерванттар жоқ, сондықтан ол микроорганизмдердің көбеюін тоқтата алмайды.
Препаратының құрамына кіретін ЭДТА мырыш иондарын қоса алғанда, металл иондарымен хелат кешендерін түзеді. Сэйфолды ұзақ уақыт қолданғанда, әсіресе мырыш тапшылығына бейімділігі бар пациенттерде, мысалы, күйік, диарея және/немесе сепсис кезінде мырышты қосымша тағайындау мүмкіндігін қарастырған жөн.
Сэйфол препаратымен стерильді шприцті немесе инфузиялық желіні толтырған кезде асептикалық ережелерін сақтау керек; препаратты ампуланы ашқаннан кейін бірден алу керек. Енгізуді дереу бастау керек. Инфузиялық кезең ішінде Сэйфол препаратына да, енгізуге арналған аппаратураға да қатысты асептикалық жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Сэйфол препаратымен бірге инфузиялық желіге қосылатын кез келген инфузиялық ерітінділерді канюля орналасқан жерге мүмкіндігінше жақын енгізу керек. Сэйфолды микробиологиялық сүзгі арқылы енгізуге болмайды.
Сэйфол және Сэйфол препараты бар кез келген шприц бір реттік болып табылады және бір пациентте қолдануға арналған. Басқа липидтік эмульсиялар үшін белгіленген ережелерге сәйкес Сэйфол препаратының үздіксіз инфузиясының ұзақтығы 12 сағаттан аспауы тиіс. Препарат инфузиясы аяқталғаннан кейін немесе 12 сағаттық кезең өткеннен кейін Сэйфол препараты бар ыдысты да, инфузиялық желіні де ауыстыру қажет.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі ерекшеліктері
Пациенттерге жалпы анестезия жасалғаннан кейін біраз уақыт (шамамен 12 сағат) белгілі бір дағдыларды қажет ететін тапсырмаларды орындау тиімділігі, мысалы, көлік жүргізу және механизмдермен жұмыс істеу төмендеуі мүмкін екендігі туралы ескерту керек.