Таблетканы ішке судың мол мөлшерімен ішіп қабылдаған жөн.
Дәрігер емдеуді үрейлену немесе ұйқысыздық симптомдарын басу үшін тиімді өте төмен дозалардан бастауы, ал қажет болғанда оларды біртіндеп арттыруы тиіс. Препаратты біртіндеп тоқтату қажет. Бұл әсіресе бензодиазепин туындыларын ұзақ уақыт қабылдап жүрген пациенттерге қатысты. Оксазепамды күрт тоқтату ұйқының және көңіл-күйдің бұзылуын, зейінді жұмылдырудың нашарлауын туындатуы мүмкін. Препаратты біртіндеп тоқтатуды дәрігер әрбір пациент үшін жекелей белгілеуі тиіс.
Арнайы сақтандырулар
Емдеуді бастар алдында бұрыннан бар бұзылыстарға мұқият талдау жүргізу қажет. Ұйқысыздықты емдеген жағдайда басқа да ықтимал себептердің (соматогения, психогендік, зиянды әдеттер) бар-жоқтығын анықтау қажет. Егер 7-14 күн емдегеннен кейін пациент жақсаруды байқамаса немесе симптомдар қайталана бастаса, дәрігерге қаралуы қажет.
Бензодиазепиндермен және ұйықтатқыш басқа да препараттармен емдегенде байқалатын әсерлерге қатысты жалпы ақпаратты Тазепам препаратын қолданған кезде ескерген жөн:
Төзімділік
Бензодиазепиндерді немесе әсері осыған ұқсас препараттарды, соның ішінде Тазепам препаратын бірнеше апта бойы жүйелі қолдану олардың әсер ету тиімділігінің азаюына әкеп соғуы мүмкін.
Дәріге тәуелділік
Тазепам препаратын, қолдану, басқа да бензодиазепиндер немесе әсері ұқсас препараттар сияқты, психикалық және физикалық тәуелділіктің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Дәріге тәуелділіктің пайда болу қаупі дозамен және емдеу ұзақтығымен бірге артады, және де алкогольге тәуелді пациенттерде, сондай-ақ анамнезінде дәрілік препараттарға тәуелділігі бар пациенттерде арта түседі.
Дәріге тәуелділік пайда болған жағдайда препаратты күрт тоқтатқанда, тоқтату синдромының пайда болуына әкелуі мүмкін.
Тоқтату синдромына тән біліністер мыналар болып табылады: бас ауыру, құлақтың шыңылдауы, бұлшықеттің ауыруы, қозу және эмоциональді ширығу, қимыл мазасыздығы, еріксіз қимылдар, сананың шатасу және бағдардан адасу жағдайлары, ашушаңдық, ұйқысыздық. Ауыр жағдайларда дереализация, жеке тұлғалық бұзылыс, тактильді, акустикалық және жарық гиперестезиясы, «құмырсқаның жорғалауы» сезімі және аяқ-қолдың ұюы, елестеулер немесе құрысу ұстамалары, танымдық функциялардың бұзылулары, іштің ауыруы, құсу пайда болуы мүмкін.
Антеградтық амнезия
Тазепам препаратын, бензодиазепиндер және соған ұқсас препараттар сияқты, антеградтық амнезияны тудыруы мүмкін. Симптомдар көбіне препаратты қабылдағаннан кейін бірнеше сағаттан соң, әсіресе үлкен дозада пайда болады. Ұйқының бұзылуына байланысты, амнезияның пайда болу қаупін азайту үшін Тазепам препаратын қабылдап жүрген пациенттерде препаратты ұйқыдан бір сағат бұрын қолдану және үзіліссіз 7-8 сағаттық ұйқы үшін тиісті шарттарды қамтамасыз ету керек.
Парадоксальді реакциялар
Тазепам препаратын, басқа да бензодиазепиндер және ұқсас препараттар сияқты, қимыл мазасыздығы, қозу, ашушаңдық, озбырлық, өшпенділік, қорқынышты түстер көру, елестеулер, психоздар, сомнамбулизм, жеке тұлғалық бұзылыстар, айқын ұйқысыздық сияқты парадоксальді реакцияларды тудыруы мүмкін. Бұл реакциялар егде жастағы пациенттерде немесе алкогольге тәуелді пациенттерде жиі байқалады.
Мұндай симптомдар пайда болған жағдайда дәрігерге қаралу қажет.
Пациенттердің ерекше топтары
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде, осы жас тобында жағымсыз әсерлерінің күшеюімен, негізінен бағдардан адасу және қимыл үйлесімінің бұзылуымен (құлау, жарақат алуы) байланысты, Тазепам препаратының аз дозасын қолданған жөн.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Препаратты бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерге тағайындағанда сақтық таныту қажет
Бауыр жеткіліксіздігі
Олар энцефалопатияның дамуын жылдамдатуы мүмкін болғандықтан бензодиазепиндерді және осыған ұқсас препараттарды бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолдану ұсынылмайды.
Басқа жай-күйлер
Бензодиазепиндер тыныс алу орталығын бәсеңдететіні анықталғандықтан, оксазепамды тыныс алудың созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттерге абайлап қолданған жөн. Бензодиазепиндерді және осыған ұқсас препараттарды психозы бар пациенттерге қолдану ұсынылмайды.
Депрессияда қолданылуы
Тазепам препаратын қолданар алдында, пациент дәрігерге барлық психикалық аурулары туралы айтуы тиіс. Эндогендік депрессия немесе депрессиямен байланысты үрейлену симптомдары бар пациенттерге дәрігер бірнеше препаратты бір мезгілде тағайындауы тиіс. Осы пациенттерде суицидке бейімділік пайда болуы мүмкін. Әдейі артық дозалануы мүмкін болғандықтан, мұндай пациенттерге оксазепамды мүмкіндігінше барынша аз дозаларда тағайындаған жөн. Бензодиазепиндер және осыған ұқсас препараттарды депрессияда немесе депрессиямен байланысты үрейленулерде монотерапия ретінде қолдануға болмайды. Депрессиясы бар пациенттерге тек Тазепам препаратын ғана қолдану депрессия симптомдарын, соның ішінде суицидтік ойын күшейтуі мүмкін. Алкогольге немесе дәріге (соның ішінде есірткілік) тәуелді пациенттер Тазепам препаратын қолданар алдында осындай зиянды әдеттерінің бар екендігі жөнінде дәрігерге мәлімдеуі тиіс. Пациенттердің осы тобында дағдылану және психикалық тәуелділіктің пайда болуы жоғары, сондықтан бұл пациенттер Тазепам дәрілік препаратын дәрігердің қатаң бақылауымен ғана қабылдауы тиіс.
Порфириясы бар пациенттерде Тазепам препараты осы ауру симптомдарының күшеюіне әкелуі мүмкін. Порфириясы бар пациенттер Тазепам препаратымен емделер алдында бұл ауру жөнінде дәрігерді хабардар етуі тиіс.
Глаукомасы, әсіресе жабық бұрышты түрі бар пациенттер Тазепам препаратымен емделер алдында окулист-дәрігерден кеңес алуы тиіс.
Тазепам препаратының кейбір компоненттері жөнінде маңызды ақпарат
Егер пациентте қандай да бір қант жағымсыздығы байқалса, онда препаратты қабылдау алдында ол жөнінде дәрігерді хабардар етуі тиіс.
Тазепам препаратын тағамдық өнімдермен және сусындармен бірге қолдану
Тазепам препаратымен емделу кезінде және оны аяқтағаннан кейін тағы 3 күн ішінде ешқандай спирт ішімдіктерін пайдалануға болмайды.
Дәрігерден, тіпті жоғарыда айтылған сақтандырулар бұрын байқалған жағдайға қатысты болса да, кеңес алу қажет.
Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер емдеуді бастар алдында жүктілікті жоспарлап жүрген немесе жүктілігі анықталған жағдайда емдеуді тоқтату мақсатында дәрігерден кеңес алуы тиістігі жөнінде хабардар болуы тиіс.
Педиатрияда қолдану
Препаратты 18 жасқа дейінгі балаларда қолдануға болмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Тазепам препаратымен емделу кезінде және оны аяқтағаннан кейін тағы 3 күн бойы автокөлікті басқармаған және қозғалыстағы механикалық құралдармен қызмет көрсетпеген жөн.
Автокөлікті басқару және механикалық құралдармен қызмет көрсету қабілеті ұйқышылдықтың пайда болуымен, зейінді жұмылдырудың нашарлауымен және зейін қоюды төмендететін басқа да жағымсыз әсерлерге байланысты шектелуі мүмкін («Жағымсыз реакцияларының сипаттамасын» қараңыз).