Бауыр функциясының бұзылуы: телмисартан көбінесе өтпен шығарылады. Өт шығару жолдарының обструкциясы немесе бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде клиренстің төмендеуі байқалуы мүмкін. Амлодипиннің жартылай шығарылу кезеңі кальций антагонистеріне ұқсас, бауыр функциясы нашарлаған пациенттерде артуы мүмкін және мұндай жағдайда ұсынылатын дозалар анықталған жоқ. Осыған байланысты телмисартан + амлодипин препаратын мұндай пациенттерге сақтықпен қолданған жөн, ал бауыр функциясының бұзылуы ауыр дәрежедегі пациенттерге пайдалануға болмайды.
Реноваскулярлық гипертензия: бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе функциясын атқарып тұрған жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар, ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне ықпалын тигізетін дәрілік препараттарды қабылдап жүрген пациенттерде ауыр гипотензияның және бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупі жоғары болады.
Бүйрек функциясының бұзылуы және бүйрек трасплантациясынан кейінгі жағдай: телмисартан+амлодипин препаратын бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерге тағайындағанда қан сарысуындағы калий және креатинин деңгейін мезгіл-мезгіл бақылау ұсынылады. Телмисартан + амлодипин препаратын анамнезінде бүйрек трансплантациясы бар пациенттерге қолдану тәжірибесі жоқ. Телмисартан мен амлодипин диализденбейді.
Қантамырішілік гиповолемия: айналымдағы қан көлемі төмендеген және/немесе, мысалы, қарқынды диурездік ем, ас тұзын тұтынуды диеталық шектеу, диарея немесе құсу салдарынан туындаған гипонатриемиясы бар пациенттерде, әсіресе препараттың алғашқы дозасын қабылдағаннан кейін, симптомдық гипотензия дамуы мүмкін. Қолданар алдында мұндай жағдайлар жойылуы тиіс. Егер телмисартан + амлодипин препаратын қабылдаған кезде пациентте гипотензия дамыса, онда оны шалқасынан жатқызып және қажет болса, вена ішіне физиологиялық ерітінді құйған жөн. Емдеуді артериялық қысым тұрақтанғаннан кейін қайта жаңғырту керек.
Ренин-ангиотензиа-альдостерон жүйесінің қосарлы блокадасы: ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің тежелуі нәтижесінде, әсіресе осы жүйеге ықпал ететін дәрілік препараттардың біріктірілімін қолданған жағдайда, оған бейім келетін пациенттерде бүйрек функциясының бұзылулары (бүйрек фукциясының жедел жеткіліксіздігінің дамуына дейін) туындауы мүмкін екендігі мәлімделді. Телмисартан + амлодипин гипретензияға қарсы басқа дәрілермен бірге қолданылуы мүмкін, алайда ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің қосарлы блокадасы (мысалы, АӨФ тежегішін немесе ренин-алискереннің тікелей тежегішін ангиотензин II рецепторларының антагонисіне қосу) ұсынылмайды және бүйрек функциясына, электролиттер деңгейіне және артериялық қысымға мұқият мониторинг жүргізген жағдайда жекелей көрсетілімдер бойынша пайдаланылуы мүмкін. Диабеттік нефропатиясы бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін ангиотензин II рецепторларының антагонистерімен бірге қолдануға болмайды.
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін стимуляциялайтын басқа жағдайлар: қантамырлар тонусы және бүйрек функциясы ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің белсенділігіне едәуір дәрежеде тәуелді болатын жағдайларда, мысалы, жүрек функциясының айқын іркілген жеткіліксіздігі бар және бүйректің қатар жүретін аурулары, соның ішінде бүйрек артерияларының стенозы бар пациенттерде осы жүйенің жағдайына ықпалын тигізетін дәрілік препараттарды қолдану жедел гипотензияның, гиперазотемияның, олигурияның немесе, сирек жағдайларда, бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігінің дамуымен қатар жүруі мүмкін.
Алғашқы гиперальдостеронизм: алғашқы гиперальдостеронизмі бар пациенттерде ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін тежеу жолымен әсер ететін гипертензияға қарсы дәрілік препараттар, әдеттегідей, тиімді емес. Мұндай жағдайларда телмисартанды қолдану ұсынылмайды.
Аорталық және митральді клапандардың стенозы, обструкциялық гипертрофиялық кардиомиопатия: аорталық немесе митральді стенозы немесе обструкциялық гипертрофиялық кардиомиопатиясы бар пациенттерде телмисартан + амлодипин препаратын қолдану, басқа да вазодилататорлар сияқты, аса сақтықты қажет етеді.
Тұрақсыз стенокардия, жедел миокард инфарктісі: тұрақты стенокардиясы бар пациенттерде, сондай-ақ миокард инфарктісінде немесе миокард инфарктісінен кейін бір айдан соң қолданғанда телмисартан + амлодипин препаратын пайдалануға негіз болатын деректер жоқ.
Жүрек функциясының жеткіліксіздігі: NYHA жіктемесі бойынша III және IV функциональді класына жататын, этиологиясы ишемиялық емес жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипинді қолдану ісінудің өте жиі дамуымен қатар жүретіні анықталды.
Инсулин немесе диабетке қарсы препараттарды қабылдап жүрген, қант диабеті бар пациенттерде, телмисартанмен емдеген кезде гипогликемия туындауы мүмкін. Қандағы глюкоза деңгейіне тиісті мониторинг жүргізу, инсулиннің немесе диабетке қарсы дәрілердің дозасын түзету көрсетілімдері бар болған жағдайда қажет болуы мүмкін.
Қант диабеті: қосымша жүрек-қантамыр қаупімен, мысалы, жүректің қатар жүретін ишемиялық ауруымен (ЖИА) бірге қант диабеті бар пациенттер үшін ангиотензин рецепторларының блокаторлары және АӨФ тежегіштері сияқты гипотензиялық дәрілерді қабылдау миокард инфарктісінің туындау қаупімен және жүрек-қантамыр патологиясы себебінен кенеттен өліп кетумен қабаттасады. Қант диабеті бар пациенттерде ЖИА симптомсыз өтуі мүмкін және, демек, диагноз қойылмауы мүмкін. Қант диабеті бар пациенттер телмисартан + амлодипин препаратын қабылдауды бастағанға дейін ЖИА-ны анықтау және кейіннен емдеу мақсатында тиісінше диагностикалық тексерілуден (велоэргометрия және т.б.) өтуі қажет.
Гиперкалиемия: ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін препараттармен емдеген кезде гиперкалиемияның дамуы ықтимал. Гиперкалиемия егде жастағы пациенттерде, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, қант диабті бар пациенттерде, қан сарысуында калий деңгейін арттыратын басқа препараттармен ем қабылдап жүрген пациенттерде және/немесе қатар жүретін басқа да жағдайлары бар пациенттерде фатальді болуы мүмкін.
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін препараттармен емдеуді бастар алдында «пайда-қаупі» арақатынасы жөнінде шешім қабылдануы тиіс.
Гиперкалиемияның басталу қауіпінің негізгі факторлары келесілер:
• қант диабеті, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі (>70 жас);
• ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін бір/бірнеше препараттармен және/немесе калий қоспаларымен, калий деңгейін арттыруға және гиперкалиемияны туындатуға қабілетті дәрілік препараттармен: құрамында калий бар тұз алмастырғыштармен, калийді ұстап қалатын диуретиктермен, АӨФ тежегіштерімен, ангиотензин II рецепторларының антагонистерімен, селективті тежегіштерін қоса, ҚҚСП-пен, гепаринмен, иммунодепрессанттармен (циклоспорин немесе такролимус) және триметоприммен біріктірілімі;
• қатар жүретін жағдайлар, атап айтқанда, сусыздану, жүрек функциясының жедел жеткіліксіздігі, метаболизмдік ацидоз, бүйрек функциясының нашарлауы, бүйрек жағдайының кенеттен нашарлауы (мысалы, инфекциялық аурулар), жасушалық лизис (мысалы, аяқ-қолдың жедел ишемиясы, рабдомиолиз, ауқымды жарақат);
Қауіп аймағында жүрген пациенттер үшін плазмадағы калийге мониторинг жүргізу ұсынылады.
Егде жастағы пациенттер
Амлодипин дозасын арттыру егде жастағы пациенттерге қатысты сақтықпен орындалуы тиіс.
Сорбитол:телмисартан + амлодипин препаратының құрамында сорбитол бар. Тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы бар пациенттерге осы препаратты қабылдауға болмайды.
Басқа нұсқаулар: гипертензияға қарсы кез келген дәрілерді қабылдау нәтижесінде ишемиялық кардиомиопатиясы немесе жүректің ишемиялық ауруы бар адамдарда артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі миокард инфарктісіне немесе инсультке әкеп соғуға қабілетті.
Арнайы ескертулер
Жүктілік
Телмисартан + амлодипин прпаратын жүкті әйелдерге пайдалану бойынша деректер көлемі шектеулі.
Телмисартан: ангиотензин II рецепторларының антагонистерін қабылдау жүктіліктің І триместрі кезінде ұсынылмайды және жүктіліктің ІІ және ІІІ триместрлері кезінде қолдануға болмайды.
Жүкті болуды жоспарлап жүрген әйелдерде ангиотензин II жүктілік кезеңінде пайдалану үшін бейіні анықталған, гипертензияға қарсы басқа дәрілерге алмастыруды күні бұрын жүзеге асырған жөн. Жүктілік анықталған жағдайда ангиотензин II рецепторларының антагонистерін қабылдау дереу тоқтатылуы және альтернативті емге алмастырылуы тиіс.
Телмисартанды клиникаға дейін зерттеу оның тератогенділігін білдірмейді, бірақ оның фетоуыттылығын көрсетеді. Екінші және үшінші триместр барысында ангиотензин II рецепторларының антагонистерін қабылдау фетоуыттылыққа (бүйрек белсенділігінің төмендеуіне, су аздығына, бассүйектің сүйектенуінің кідіруіне) және неонатальді уыттылыққа (бүйрек функциясының жеткіліксіздігіне, артериялық гипотензияға, гиперкалиемияға) әкеледі.
Екінші триместрден бастап ангиотензин II рецепторларының атагонистерін қабылдаған жағдайда шарананың бүйрегіне және бассүйегіне ультрадыбыстық зерттеу тағайындалады. Аналары ангиотензин II рецепторларының антагонистерін қабылдаған нәрестелер гипотензия тұрғысынан тексерілуі тиіс.
Амлодипин: жүкті әйелдердің шектеулі санына амлодипинді немесе кальций рецепторларының басқа антагонистерін пайдаланғанда алынған деректер оның шаранаға зиянды ықпалының жоқтығын көрсетеді. Алайда босану ұзақтығының созылу қаупі болуы мүмкін.
Лактация кезеңі
Емшек емізу кезінде телмисартанды және/немесе амлодипинді қолдануға қатысты ақпарат жоқ болғандықтан, лактация кезеңінде препаратты қабылдау ұсынылмайды. Осы кезеңде, әсіресе жаңа туған немесе шала туған балалар жағдайында, қауіпсіздік бейіні анықталған препараттармен емдеудің альтернативті әдістері дұрысырақ.
Фертильділік
Телмисартан мен амлодипин біріктірілімінің, сондай-ақ жекелей компоненттерінің уыттылығы жөнінде жеке зерттеулер жүргізілген жоқ. Клиникаға дейінгі сынақтар барысында телмисартан да, амлодипин де еркектің және әйелдің репродуктивтік жүйесіне әсер етпейтінін көрсетті.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Автокөлікті немесе механизмдерді басқару қабілетіне ықпал етуіне зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда пациенттер емдеу кезінде естен тану, ұйқышылдық, бас айналу немесе вертиго сияқты жағымсыз әсерлердің білінуі мүмкін екендігі жөнінде хабардар болуы тиіс. Сондықтан автомашинаны немесе механизмдерді басқару кезінде сақтық танытқан жөн. Егер пациенттерде осыған ұқсас реакциялар байқалса, олар автокөлікті немесе механизмдерді басқару сияқты потенциалды қауіпті әрекеттерді орындаудан бас тартқандары жөн.