Апиынға тәуелділігі, бас жарақаты, шогы бар пациенттерде, этиологиясы түсініксіз сананың бұзылуы бар, тыныс алуы бұзылған немесе тыныс алу орталығы зақымданған, бассүйекішілік қысымы жоғары пациенттерде трамадол тек аса сақтықпен қолданылуға тиіс.
Трамадолды апиынға сезімтал пациенттерде ерекше сақтықпен қолдану керек.
Серотонин синдромы
Трамадолды қолдану кезінде немесе басқа серотонинергиялық дәрілік препараттармен бір мезгілде қабылдау кезінде өмірге әлеуетті қауіп төндіретін серотонин синдромының дамуы туралы хабарламалар алынды.
Егер клиникалық көрсетілімдерге сәйкес басқа серотонинергиялық дәрілік препараттармен қатарлас емдеу тағайындалса, пациентті, әсіресе емді бастау кезінде және дозаны арттыру кезінде мұқият бақылау қажет.
Серотонин синдромының симптомдары психикалық статустың өзгеруін, вегетативті жүйке жүйесінің бұзылыстарын, жүйке-бұлшықет бұзылуларын және / немесе асқазан-ішек симптомдарын қамтуы мүмкін.
Серотониндік синдром келесі жай-күйлердің біреуі байқалған кезде болуы ықтимал:
• өздігінен болатын клонус
• қозумен немесе терлеумен жүретін индукцияланған немесе көз клонусы
• тремор және гиперрефлексия, гипертония және >38 °C дене температурасы және индукцияланған көз клонусы.
Серотонин синдромының дамуына күдік болған кезде симптомдардың ауырлық дәрежесіне қарай препарат дозасын төмендету немесе қолдануды тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек. Серотонинергиялық дәрілік препараттарды тоқтату әдетте тез жақсаруға әкеледі.
Пациенттер тыныс алудың бәсеңдеу белгілері мен симптомдарының анықталуына және тыныштандыратын дәрілерді қолдануға қатысты мұқият бақылауда болуы тиіс. Осыған байланысты пациенттерді және оларға күтім жасайтын тұлғаларды осы симптомдар туралы хабардар ету табанды түрде ұсынылады.
Седативті препараттарды бір мезгілде қолданғандағы қаупі
Трамадол препаратын және бензодиазепиндер немесе ұқсас препараттар сияқты седативті препараттарды бір мезгілде қабылдау седативті әсер, тыныс алу бәсеңдетуін, команы және өлімді тудыруы мүмкін. Демек, бұл препараттарды бір уақытта тағайындау емдеудің басқа нұсқалары болмаған кезде ғана мүмкін болады. Егер Трамадолды седативті дәрілік заттармен бірге тағайындау туралы шешім қабылданса, ең төмен тиімді дозаны қолдану ұсынылады және емдеу мүмкіндігінше қысқа болуы керек. Пациенттер тыныс алу бәсеңдеуінің және седацияның белгілері мен симптомдарын мұқият қадағалап отыруы керек.
Тыныс алуды бәсеңдету
Тыныс алуы бәсеңдеген пациенттерде немесе ОЖЖ депрессанттарымен біріктіріп қолданғанда немесе ұсынылған ең жоғары тәуліктік дозадан едәуір асырғанда препаратты сақтықпен тағайындау керек, өйткені тыныс алуының бәсеңдеуі туындауы мүмкін.
CYP2D6 изоферменті арқылы метаболизмі
Трамадол CYP2D6 изоферментімен метаболизденеді. Белсенділігі жеткіліксіз (метаболизмі «баяу» пациенттер) немесе осы изоферменті жоқ пациенттерде ауыруды талапқа сай басатын әсерге қол жетпеуі мүмкін. Бағалаулар бойынша, 7%-ға дейін еуропеоидтарда осы изоферменттің белсенділігі жеткіліксіз болуы мүмкін. Ал метаболизмі «аса жылдам» пациенттерде трамадолды тіпті ұсынылған дозаларда қабылдағанда да апиындық уыттылықтың жағымсыз әсерлерінің даму қаупі бар.
Апиындық уыттылықтың жалпы симптомдары сананың шатасуын, ұйқышылдықты, беткейлік тыныс алуды, қарашықтың күрт тарылуын, жүрек айнуын, құсуды, іштің қатуын және тәбеттің болмауын қамтиды. Ауыр жағдайларда өмірге қауіпті жүрек-қантамыр бұзылулары және сирек жағдайларда өліммен аяқталатын тыныс алудың бәсеңдеуі туындауы мүмкін.
Түрлі популяциялардағы метаболизмі «аса жылдам» пациенттердің таралуын бағалау:
Популяция — Таралуы %
Африкалық/эфиоптық — 29 %
Афроамерикалық — 3,4 %-дан 6,5%-ға дейін
Монғолоидтық — 1,2 %-дан 2 %-ға дейін
Еуропеоидтық («кавказ» типі) — 3,6 %-дан 6,5%-ға дейін
Жерорта-теңіздік (грекиялық) — 6,0 %
Орта еуропалық (венгриялық) — 1,9 %
Солтүстік еуропалық — 1 %-дан 2 %-ға дейін
Операциядан кейін балаларда қолдану
Балаларда ұйқыдағы обструктивті апноэ кезіндегі тонзиллэктомиядан және / немесе аденоидэктомиядан кейін трамадолды қолдану сирек, бірақ өмірге қауіп төндіретін жағымсыз реакцияларға әкелгені туралы хабарламалар бар. Балаларға Трамадолды операциядан кейін ауырғанды басу үшін тағайындағанда ерекше сақ болу керек және апиындық уыттылық симптомдарына, оның ішінде тыныс алудың бәсеңдеуіне мұқият мониторинг жүргізу керек.
Тыныс алу функциясы бұзылған балалар
Тыныс алу функциясы бұзылған балаларда, оның ішінде жүйке-бұлшықет аурулары, жүрек немесе тыныс алу жолдарының күрделі аурулары, жоғарғы тыныс алу жолдарының немесе өкпенің инфекциялары, көптеген жарақаттар немесе ауқымды хирургиялық араласулар кезінде Трамадолды қолданбаған жөн. Бұл факторлар апиындық уыттылық симптомдарының нашарлауына әкелуі мүмкін.
Ұйқы кезіндегі тыныс алудың бұзылуы
Апиындар ұйқы кезіндегі орталықтық апноэны және ұйқыға байланысты гипоксемияны қоса, ұйқыға байланысты тыныс алудың бұзылуларын тудыруы мүмкін. Апиындарды қолдану дозасына қарай ұйқы кезіндегі орталықтық апноэының даму қаупін арттырады.
Бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігі
Апиынды анальгетиктер кейде бақылау мен орын басушы глюкокортикоидты емді қолдануды қажет ететін бүйрек үсті безінің қайтымды жеткіліксіздігін тудыруы мүмкін. Бүйрек үсті безінің жедел немесе созылмалы жеткіліксіздігінің симптомдары, мысалы, іштің қатты ауыруы, жүрек айнуы және құсу, қан қысымының төмендеуі, қатты шаршау, тәбеттің төмендеуі және салмақ жоғалту сияқтыларды қамтуы мүмкін.
Аса жоғары сезімталдық
Препаратты аллергиялық және аллергиялық емес генездегі апиындардың ауыр жағымсыздығының белгілі жағдайлары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Құрысулар дамуының қаупі
Трамадолды ұсынылған дозаларда қабылдаған пациенттерде құрысу оқиғалары тіркелді. Құрысулардың даму қаупі препараттың ұсынылған ең жоғары тәуліктік дозасын (400 мг) асырған кезде ұлғаюы мүмкін. Трамадолды қабылдау құрысу шегін төмендететін препараттарды қабылдайтын пациенттерде құрысулардың даму қаупін арттыруы мүмкін. Эпилепсиясы бар пациенттер және құрысулардың дамуына бейім пациенттер трамадолды өмірлік көрсетілімдер бойынша ғана қабылдауға тиіс.
Тәуелділік дамуы
Дағдылану, дене және психикалық тәуелділік, әсіресе ұзақ қолданғанда дамуы мүмкін. Дәрілік препараттарды шамадан тыс пайдалануға немесе дәрілік тәуелділіктің дамуына бейім пациенттерде Трамадол препаратымен емдеу тек қысқа курстармен және медициналық бақылаумен жүргізілуге тиіс.
Трамадол апиындарға тәуелді пациенттер үшін орын басушы ем дәрісі ретінде қолданылмайды. Трамадол апиындық рецепторлардың агонисті екеніне қарамастан, ол морфиннің «тоқтату» симптомдарын баса алмайды.
Егер пациентке трамадолмен емдеу енді қажет болмаса, «тоқтату» симптомдарының алдын алу үшін дозаны біртіндеп төмендету орынды.
Тоқтату синдромы
Препаратты тоқтату синдромы емді күрт тоқтатқанда немесе дозаны азайтқанда пайда болуы мүмкін. Пациент әрі қарай емдеуді қажет етпеген кезде, тоқтату симптомдарын барынша азайту үшін дозаны біртіндеп азайту ұсынылады. Жоғары дозаны қабылдағаннан кейін дозаны азайту апталарға немесе айларға созылуы мүмкін.
Апиындық препараттарды тоқтату синдромы келесі симптомдардың кейбіреулерімен немесе барлығымен сипатталады: мазасыздық, көзден жас ағу, ринорея, есінеу, тершеңдік, қалтырау, миалгия, мидриаз және жүрек соғуының жиілеуі. Басқа симптомдар да дамуы мүмкін, оның ішінде тітіркену, қозу, мазасыздық, гиперкинезия, тремор, әлсіздік, ұйқысыздық, анорексия, іштің түйілуі, жүрек айну, құсу, диарея, артериялық қысымның жоғарылауы, тыныс алудың немесе жүрек соғуының жиілеуі.
Егер әйелдер бұл препаратты жүктілік кезінде қабылдаса, олардың жаңа туған нәрестелерінде неонаталдық абстиненттік синдромның туындау қаупі бар.
Трамадол апиындық тәуелділігі бар пациенттерге алмастырғыш ретінде жарамайды. Трамадол апиындық агонист болғанымен, ол морфинді тоқтату симптомдарын баса алмайды.
Гипералгезия
Ұзақ мерзімді апиындық ем алып жүрген пациент ауырудың күшеюіне шағымданса, гипералгезия диагнозын қоюға болады. Бұл аурудың үдеуімен байланысты ауырудан немесе апиындарға төзімділіктің дамуы нәтижесінде пайда болатын екпінді ауырудан сапалық және анатомиялық тұрғыдан ерекшеленуі мүмкін. Гипералгезиямен байланысты ауырудың бұрыннан бар ауыруға қарағанда неғұрлым диффузиялық және сапасы жағынан анықтығы азырақ болу үрдісі бар. Гипералгезия симптомдары апиындардың дозасын азайтқан кезде жойылуы мүмкін.
Толеранттылық және апиынды қолданумен байланысты бұзылысы (шамадан тыс пайдалану және тәуелділік)
Трамадол сияқты апиындарды қайта қабылдаған кезде толеранттылық, физикалық және психологиялық тәуелділік, сондай-ақ апиынды қолданумен байланысты бұзылыстар (АҚБ) дамуы мүмкін. Трамадолды қайта қолдану апиынды қолданумен байланысты бұзылысына (АҚБ) әкелуі мүмкін. Апиындармен емдеудің жоғары дозасы және ұзағырақ емдеу курсы АҚБ даму қаупін арттыруы мүмкін. Трамадолды шамадан тыс пайдалану немесе қасақана дұрыс қолданбау артық дозалануға және/немесе өлімге әкелуі мүмкін. АҚБ даму қаупі жеке немесе отбасылық анамнезі бар (ата-аналары, інілері мен қарындастары), психобелсенді заттарды қолдану бұзылыстары бар (алкогольдік бұзылуларды қоса), қазіргі уақытта темекі шегетіндерде немесе басқа психикалық бұзылыстары бар пациенттерде (мысалы, терең депрессия, үрейлену және тұлғалық бұзылыстары) жоғарылайды. Трамадолмен емдеуді бастамас бұрын және емдеу кезінде пациентпен препаратты тоқтату жоспары келісілуі керек. Емдеуді бастамас бұрын және емдеу кезінде пациентке АҚБ қауіптері мен белгілері туралы да хабарлау керек. Егер бұл белгілер пайда болса, пациенттерге өзінің емдеуші дәрігерімен кеңесу керек.
Пациенттерге есірткіні қолдануға бейімділік белгілерін анықтау үшін бақылау қажет болады (мысалы, дозаны толтыру туралы тым ерте өтініштер). Бұл қатар қабылданатын апиындар мен психобелсенді препараттарды (мысалы, бензодиазепиндер) талдауды қамтиды. АҚБ белгілері мен симптомдары бар пациенттер наркологпен кеңесуді қарастыруы керек.
Арнайы сақтандырулар
Педиатрияда қолдану
Трамадол таблеткалары 12 жасқа дейінгі балаларда қолданылмайды.
Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Тіпті, ұсынылған дозаларда да трамадол ұйқышылдық пен бас айналу сияқты әсерлерді тудыруы мүмкін, сондықтан автокөлік жүргізушілері мен механизмдердің операторларында реакцияны бұзуы мүмкін. Трамадол препаратын қолданған кезде, әсіресе басқа психотропты препараттармен немесе алкогольмен бірге қолданғанда, автокөлікті басқарудан және аса зейін қоюды және жылдам психомоторлық реакцияларды талап ететін қауіптілігі зор қызмет түрлерімен айналысудан бас тарта тұру қажет.