Арнайы ескертулер
Фамдексбилл препаратын анамнезінде аллергиялық реакциялары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Фамдексбилл препаратын циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) селективті тежегіштерін қоса алғанда, басқа ҚҚСП-мен бірге қолдануға болмайды.
Жағымсыз реакциялардың пайда болу қаупін мейлінше азайту үшін дәрілік препаратты симптомдарды бақылау үшін қажетті ең қысқа уақыт ішінде ең аз тиімді дозада қолдану керек.
Асқазан-ішек жолы (АІЖ) тарапынан бұзылулар
Асқазан-ішектен қан кетудің, ойық жаралардың немесе тесілудің туындау жағдайлары, кейде өліммен аяқталатын, алдында болған симптомдардың болуына немесе анамнезінде АІЖ тарапынан ауыр аурулардың болуына қарамастан, ҚҚСП тобындағы дәрілік препараттармен әртүрлі емдеу кезеңдерінде байқалды. Фамдексбиллмен ем қабылдап жүрген пациенттерде асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жаралар пайда болған кезде препаратпен емдеуді тоқтату керек.
Асқазан-ішектен қан кету, ойық жараның немесе тесілудің даму қаупі анамнезінде ойық жара ауруы бар, әсіресе қан кету немесе тесілумен асқынған пациенттерде, сондай-ақ егде жастағы пациенттерде ҚҚСП дозасы артқан сайын жоғарылайды.
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде ҚҚСП қолданумен байланысты жағымсыз реакциялардың, әсіресе өлімге әкелуі мүмкін, асқазан-ішектен қан кетулер мен тесілулердің пайда болу қаупі артады. Мұндай пациенттерде препаратты ең төмен тиімді дозада қолдана отырып, емдеуді бастау керек. Басқа ҚҚСП қолданғандағыдай, декскетопрофен трометамолымен емдеуді бастамас бұрын, егер пациенттің анамнезінде эзофагитке, гастритке және/немесе пептидтік ойық жараға қатысты белгілер бар болса, бұл аурулар ремиссия сатысында екеніне көз жеткізу керек. АІЖ тарапынан симптомдары бар немесе анамнезінде АІЖ аурулары бар пациенттерге ас қорыту жолының тарапынан бұзылулардың туындауы, әсіресе асқазан-ішектен қан кету тұрғысынан бақылау жүргізу қажет.
АІЖ тарапынан аурулары бар пациенттерде (ойық жаралы колит, Крон ауруы) ҚҚСП-ні сақтықпен қолдануы керек, себебі олардың өршу қаупі бар.
Жоғарыда аталған пациенттерде, сондай-ақ АСҚ-ны төмен дозада немесе АІЖ тарапынан жағымсыз реакциялардың даму қаупін арттыруы мүмкін, басқа дәрілік заттарды қабылдап жүрген пациенттерде гастропротекторлық емді, мысалы, мизопростолды немесе протонды помпа тежегіштерін (ППТ) пайдалану туралы мәселені қарастырған жөн.
Анамнезінде АІЖ бар пациенттер, әсіресе егде жастағы адамдар, дәрігерге кез-келген абдоминальді қалыптан тыс симптомдар (атап айтқанда, асқазан-ішектен қан кету) туралы, әсіресе емдеудің бастапқы кезеңінде хабарлауы керек.
Глюкокортикостероидтар (ГКС), варфарин сияқты антикоагулянттар, серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері (СКҚСТ) немесе АСҚ секілді антиагреганттар сияқты ойық жараның пайда болу немесе қан кетудің даму қаупін арттыруы мүмкін дәрілік заттармен бір мезгілде ем қабылдайтын пациенттерде препаратты қолданғанда ерекше сақ болу керек.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде препаратты қолданғанда сақ болу керек. Мұндай пациенттерде ҚҚСП қолданған кезде бүйрек функциясының бұзылу ауырлығының жоғарылауы, организмдегі сұйықтықтың іркілуі және ісіну байқалуы мүмкін. Сондай-ақ, препаратты қолданған кезде диуретиктермен ем алып жүрген пациенттерде немесе гиповолемияның даму қаупі бар пациенттерде сақ болу керек, себебі бұл жағдайда нефроуытты әсердің пайда болу қаупі артады.
Сусызданудың дамуын және онымен байланысты нефроуытты әсерді болдырмау мақсатында препаратпен емдеу кезінде пациенттер сұйықтықтың жеткілікті мөлшерін тұтынуы керек.
Басқа ҚҚСП сияқты, Фамдексбилл препаратын қолданғанда қан плазмасындағы мочевина азоты мен креатинин деңгейі жоғарылауы мүмкін. Простагландин синтезінің басқа тежегіштерімен жүргізілетін ем кезіндегідей, Фамдексбилл препаратымен емдеу кезінде бүйрек тарапынан жағымсыз реакциялар байқалуы мүмкін, оның ішінде гломерулонефрит, интерстициялық нефрит, папиллярлы бүйрек некрозы, нефроздық синдром және бүйректің жедел жеткіліксіздігі дамуы мүмкін.
Егде жастағы пациенттерде бүйрек тарапынан бұзылулардың пайда болу қаупі жоғары.
Бауыр жеткіліксіздігі
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде препаратты қолданғанда сақ болу керек. Басқа ҚҚСП қолдану кезіндегідей, Фамдексбилл препаратын қолдану кезінде бауырдың кейбір функционалдық көрсеткіштерінің шамалы өтпелі жоғарылауы, сондай-ақ қандағы аспартатаминотрансфераза (АСТ) және аланинаминотрансфераза (АЛТ) деңгейінің айтарлықтай ұлғаюы тіркелуі мүмкін. Жоғарыда көрсетілген көрсеткіштердің айтарлықтай жоғарылауы жағдайында препаратпен емдеуді тоқтату керек.
Егде жастағы пациенттерде бауыр тарапынан бұзылулардың пайда болу қаупі жоғары.
Жүрек-қантамыр жүйесі мен ми қанайналымы тарапынан бұзылулар
Препаратты қолданған кезде тиісті мониторинг жүргізіп, анамнезінде жеңіл және орташа ауырлық дәрежедегі артериялық гипертензиясы және/немесе іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге қажетті ұсынымдар беру керек. ҚҚСП-мен емдеу кезінде организмде сұйықтықтың іркілуі және ісіну туралы хабарланғандықтан, Фамдексбилл препаратын анамнезінде жүрек ауруы бар пациенттерде, атап айтқанда бұрын тіркелген жүрек жеткіліксіздігінің көріністері бар пациенттерде қолданған кезде ерекше сақ болу керек, себебі оларда жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупі артады.
Клиникалық және эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелері кейбір ҚҚСП жүргізілетін ем кезінде (әсіресе жоғары дозада және ұзақ уақыт бойы қолданғанда) артериялық тромбоздардың даму қаупі (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) шамалы артуы мүмкін екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта декскетопрофен үшін мұндай қауіпті жоққа шығаруға мүмкіндік беретін деректердің жеткілікті көлемі жоқ.
Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы, шеткері артериялар аурулары және/немесе цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерде Фамдексбилл препаратын пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін ғана қолдану керек. Сондай-ақ, жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторлары бар (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) пациенттерде препаратпен ұзақ уақыт бойы жүргізілетін емді бастамас бұрын пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалау қажет.
Барлық селективті емес ҚҚСП тромбоциттердің агрегациясын тежеп, простагландин синтезінің бұзылуы арқылы қан кету уақытын ұзарта алады. Бақыланатын клиникалық зерттеулерде операциядан кейінгі кезеңде төмен молекулалы гепаринмен бір мезгілде қолданғанда (профилактикалық дозалар) декскетопрофен қанның ұю көрсеткіштеріне әсер етпеді. Дегенмен, Фамдексбилл препаратын варфарин, кумариннің басқа туындылары немесе гепариндер сияқты гемостазға әсер ететін басқа препараттармен бірге қолданғанда пациентті мұқият бақылауды қамтамасыз ету қажет.
Егде жастағы пациенттерде жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулардың туындау қаупі анағұрлым жоғары.
Декскетопрофенмен ем алған пациенттерде Коунис синдромының жағдайлары туралы хабарланды. Коунис синдромы аллергиялық реакцияға немесе аса жоғары сезімталдық реакциясына салдарлы реакция ретінде туындайтын жүрек-қантамырлар тарапынан симптомдардың кешені болып табылады. Бұл жағдай коронарлық артериялардың тарылуына байланысты болуы мүмкін және ықтимал түрде миокард инфарктісіне әкелуі мүмкін.
Тері реакциялары
Өте сирек жағдайларда ҚҚСП қолданғанда эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермалық некролиз сияқты терінің ауыр реакциялары дамыды, соның ішінде өліммен аяқталған жағдай да орын алды. Мұндай реакциялардың анағұрлым жоғары пайда болу қаупі емнің бастапқы кезеңіне тән - олар негізінен ҚҚСП емдеудің бірінші айында тіркелген. Тері бөртпесі алғаш пайда болғанда, шырышты қабықтың зақымдану белгілері немесе аса жоғары сезімталдық реакцияларымен байланысты басқа симптомдар пайда болған кезде препаратты қолдануды тоқтату керек.
Инфекциялық аурулар симптомдарының бүркемеленуі
Фамдексбилл препараты инфекция симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, бұл тиісті ем тағайындалуының кешеуілденуіне және осылайша инфекциялық ауру нәтижесінің нашарлауына әкелуі мүмкін. Бұл бактериялық ауруханадан тыс пневмония және желшешектің бактериялық асқынулары кезінде байқалды. Инфекциялық аурулар кезінде ауырсыну синдромын жеңілдету үшін препаратты қолданған кезде инфекцияның ағымын мұқият бақылау ұсынылады. Ауруханадан тыс инфекциялық ауруды емдеу кезінде, егер жай-күйі жақсармаса немесе аурудың нашарлауы байқалса, пациент дәрігерге қаралуы керек.
Сирек жағдайларда тері мен жұмсақ тіндердің тарапынан ауыр инфекциялық асқынулар желшешек аясында пайда болуы мүмкін. ҚҚСП қолданған кезде инфекция ауырлығының жоғарылау қаупін жоққа шығаруға болмайтындықтан, желшешекпен ауыратын пациенттерге Фамдексбилл препараттын қолдануға болмайды.
Қосымша ақпарат
Пациенттерде Фамдексбилл препаратын қолданғанда ерекше сақ болу қажет:
• порфириндер метаболизмінің туа біткен бұзылуы (мысалы, жедел ұстамалы порфирия);
• сусыздану;
• тікелей ірі хирургиялық араласымнан кейін.
Егер дәрігер декскетопрофенмен жүргізілетін ұзақ мерзімді емді қажет деп санаса, бауыр мен бүйрек функцияларын, сондай-ақ қан көрсеткіштерінің үнемі мониторингін жүргізу қажет.
Өте сирек жағдайларда аса жоғары сезімталдықтың ауыр жедел реакциялары (мысалы, анафилаксиялық шок) байқалды. Препаратты қолданумен байланысты ауыр аса жоғары сезімталдық реакцияларының алғашқы белгілері пайда болған кезде Фамдексбилл препаратымен емдеуді тоқтату керек. Симптомдарға байланысты мұндай жағдайларда кез-келген емдеу маман дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек.
Созылмалы ринитпен, синуситпен және/немесе мұрын полиптерімен бірге бронх демікпесі бар пациенттерде пациенттердің басқа топтарымен салыстырғанда АСҚ және/немесе ҚҚСП қолданған кезде аллергиялық реакциялардың пайда болу қаупі жоғары. Препаратты қолдану бронх демікпесінің немесе бронх түйілуінің дамуымен қатар жүруі мүмкін, әсіресе АСҚ немесе ҚҚСП-ге аса жоғары сезімталдығы бар пациенттерде.
Препаратты қан жүйесі тарапынан бұзылулары, жүйелі қызыл жегісі немесе дәнекер тінінің аралас ауруы бар пациенттерде қолданған кезде сақ болу керек.
Жекелеген жағдайларда ҚҚСП қолдану аясында жұмсақ тіндердің инфекциялық ауруларының ауырлығы ұлғаюы мүмкін. Пациент Фамдексбилл препаратымен емдеу аясында бактериялық инфекция белгілері пайда болған немесе оның ауырлығы жоғарылаған жағдайда дереу дәрігерге қаралуы керек.
Балалар мен жасөспірімдер
Препаратты балалар мен жасөспірімдерде қолдану қауіпсіздігі анықталмаған.
Қосымша заттар
Фамдексбилл препаратының құрамында этанолдың 12,39 көл.% бар, яғни бір дозаға 200 мг-ға дейін (2 мл), бұл 5 мл сыраға немесе 2,08 мл шарапқа сәйкес келеді.
Препарат құрамында аз мөлшерде кездесетін этанол қандай да бір маңызды әсер етпейді.
Фамдексбилл препаратының 1 ампуласының ішінде 1 ммольден аз натрий (23 мг) бар, яғни іс жүзінде «натрий жоқ».
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препаратты қолданған кезде бас айналу, көрудің бұзылуы немесе ұйқышылдық сияқты жағымсыз реакциялар дамуы мүмкін. Мұндай жағдайларда көлік құралдарын басқаруға және ден қоюға, сондай-ақ қауіптілігі зор механизмдерді басқаруға қабілет бұзылуы мүмкін.