Шарананың өлу қаупі
Кетопрофен кардиопульмональді уыттылығының салдарынан тіпті бір реттік дозадан кейін-ақ шарананы өлімге ұшырату қаупі бар (артериялық түтіктің тарылуы және қағанақ суы аздығының туындауы).
Болашақ балаға әсері
Кетопрофен жаңа туған нәрестені бүйректің зақымдану (бүйрек жеткіліксіздігі), артериялық түтіктің мерзімінен бұрын жабылу және өкпе гипертензиясы қаупіне де ұшыратады.
Кетопрофенді жүкті әйелдерге жүктіліктің 6-шы айының басынан (24 аптасы) бастап қолдануға болмайды.
Жоспарланған жүктілікте немесе алғашқы 5 айдың ішінде (аменореяның 24 аптасына дейін) препаратты аса қажет болған жағдайда ғана тағайындау керек.
Кетопрофенді циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) селективті тежегіштерін қоса, жүйелі ҚҚСП-мен бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.
Жағымсыз әсерлерді симптомдарды бақылау үшін қажетті аса қысқа мерзім ішінде ең аз тиімді дозаны қолдану арқылы азайтуға болады («Қолдану жөніндегі нұсқаулар» бөлімін және төменде көрсетілген «Асқазан-ішек жолына әсері», «Жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық жүйеге әсері» ақпаратын қараңыз).
Бронх демікпесі және созылмалы ринит, созылмалы синусит және/немесе мұрын полипозы бар пациенттерде ацетилсалицил қышқылына және басқа да ҚҚСП-ға аллергиялардың туындау қаупі жоғары. Кетопрофен оларда, әсіресе ацетилсалицил қышқылына және басқа ҚҚСП-ға сезімталдығы жоғары адамдарда демікпе ұстамасын, бронх түйілуін тудыруы мүмкін.
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде ҚҚСП-ға жағымсыз реакциялардың, әсіресе өлім-жітімге ұшыратуы мүмкін асқазан-ішектен қан кетулер мен тесілулердің жиілігі жоғары.
Асқазан-ішек жолына әсері
Кетопрофен ас қорыту жолдары тарапынан асқазан-ішектің ойық жаралары, қан кету және тесілу түріндегі ауыр жағымсыз реакцияларды тудыруға қабілетті. Мұндай жағымсыз реакциялар кетопрофенді қабылдап жүрген пациенттерде хабаршы-симптомдардан кейін немесе оларсыз кез келген мерзімде туындауы мүмкін және өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.
Зерттеулердің деректері кетопрофеннің, әсіресе жоғары дозаларында, басқа ҚҚСП-мен салыстырғанда АІЖ ағзалары үшін уыттылығы жоғарырақ болуы мүмкін деген болжам жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Ойық жараның күрделі асқазан-ішектік қан кетуінің немесе тесілудің пайда болу қаупі анамнезінде ойық жаралары бар, әсіресе асқынған тесілуі немесе қан кетуі бар пациенттерде және егде жастағы пациенттерде немесе дене салмағы төмен пациенттерде дозасына және жасына байланысты болады. Мұндай пациенттер ең төмен тиімді дозаны қабылдауы тиіс. Пациенттердің осы санаттарына, сондай-ақ, гастроинтестинальді қауіптерді арттыратын препараттармен қатарлас ем қабылдап жүрген пациенттерге гастропротекторларды (мизопростол немесе протондық помпа тежегіштерін) тағайындау қажет.
Анамнезінде асқазан-ішек бұзылыстары бар, әсіресе егде жастағы пациенттер, әсіресе кетопрофенмен емдеудің басында, кез келген әдеттен тыс абдоминальды симптомдар (әсіресе АІЖ қан кету) туралы хабарлауы тиіс.
Ойық жараның немесе қан кетудің туындау қаупін арттыруы мүмкін, жүйелі кортикостероидтар, варфарин сияқты антикоагулянттар, ацетилсалицил қышқылы сияқты тромбозға қарсы дәрілер, немесе серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері, никорандил сияқты дәрілік заттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттер үшін де сақтық қажет.
Кетопрофенді қабылдап жүрген пациенттердегі асқазан-ішектен қан кетулер немесе ойық жара жағдайында, емдеуді дереу тоқтату керек.
Препаратты анамнезінде ішектің қабыну аурулары (Крон ауруы, спецификалық емес ойық жаралы колит) болған пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені мұндай тағайындау аталған аурулардың ағымын қиындатуы мүмкін.
Жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық жүйеге әсері
Гипертензиясы және/немесе жүректің жеңіл және орташа іркілісті жеткіліксіздігі бар пациенттердің жай-күйін мұқият бақылау керек, өйткені ҚҚСП қолдану кезінде сұйықтықтың іркілуі және ісіну тіркелген.
Клиникалық зерттеулер мен эпидемиологиялық деректер ЦОГ-2 селективті тежегіштерін және кейбір ҚҚСП (негізінен жоғары дозаларда) қолдану артериялық тромбоз (миокард инфаркті, инсульт) қаупінің біршама жоғарылауын туғызуы мүмкіндігін айғақтайды. Кетопрофенді қолдануға байланысты артериялық тромбоздың даму жағдайлары туралы мәліметтер болмаса да, мұндай ықтималдылығын жоққа шығару үшін деректер жеткіліксіз.
Кетопрофенді бақыланбаған гипертензиясы, жүректің іркілісті жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы, шеткері артерия аурулары және/немесе цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерде мұқият тексеруден кейін ғана қолдануға болады. Кардиоваскулярлық аурулардың (гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) қауіп факторлары бар пациенттерді емдеуді бастар алдында осындай тұжырымдар жасалуы керек.
Операция алдында және оны жүргізу кезінде (артерияларды шунттау) ҚҚСП (аспиринді қоспағанда) алған пациенттерде артериялық тромбоздық асқынулардың жоғары қаупі туралы хабарланды.
Тері реакциялары
ҚҚСП қолданғанда эксфолиативтік дерматитті, Стивенс-Джонсон синдромын және уытты эпидермалық некролизді (Лайелл синдромын) қоса, ауыр, кейбір жағдайларда өлім-жітіммен аяқталатын тері реакциялары туралы өте сирек хабарланды. Бұл реакциялардың туындау қаупінің жоғарылығы емдеу курсының басында, көпшілік жағдайларда емдеудің алғашқы айында анықталған. Тері бөртпелерінің, шырышты қабықтардың зақымдануының алғашқы белгілері немесе аса жоғары сезімталдықтың кез келген басқа көріністері жағдайында емдеуді тоқтату керек.
Кетопрофенді қолдану кезінде орныққан пигменттік эритема (ОПЭ) жағдайлары тіркелген. Анамнезінде кетопрофенмен байланысты орныққан пигменттік эритема (ОПЭ) болған пациенттерге кетопрофенді қайта тағайындауға болмайды.
Жасырын инфекциялар симптомдарын бүркемелеуі
ФЕБРОФИД инфекциялық аурудың симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, бұл тиісті емнің басталуының кешіктірілуіне алып келуі және сол арқылы аурудың ағымын қиындатуы мүмкін. Бұл ауруханадан тыс бактериялық пневмония және желшешектің бактериялық асқынулары кезінде байқалды.
Инфекциялық аурудың белгілері анықталған жағдайда, кетопрофеннің қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын және ыстықты түсіретін қасиеттері, басқа ҚҚСП тәрізді, қызба сияқты инфекцияның өршуінің әдеттегі белгілерін бүркемелеуі мүмкіндігіне назар аудару керек. Инфекциялық ауруға мониторинг жүргізу ұсынылады.
Медициналық мекемеден тыс емдеу жағдайында, егер симптомдары сақталып қалса немесе күшейе түссе, пациент дәрігерге жүгінуі тиіс.
Бүйректің функциялық жеткіліксіздігі
ҚҚСП тобының препараттары бүйрек простагландиндерінің вазодилатациялаушы әсерін тежейді, осыған байланысты гломерулалық сүзілудің төмендеуімен байланысты бүйректің функциялық жеткіліксіздігі дамуын тудыруы мүмкін. Бұл жағымсыз әсері дозасына тәуелді.
Емдеуді бастар алдында және препараттың дозасын арттырар алдында келесі қауіп факторлары бар пациенттерде бүйрек функциясы мен бөлініп шығатын несеп көлемі мұқият бағалануы тиіс:
• егде жастағы пациенттер;
• ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштері тобының препараттарын, сартандарды, диуретиктерді бір мезгілде қабылдау;
• этиологиясы әртүрлі гиповолемия;
• жүрек жеткіліксіздігі;
• бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі;
• нефроздық синдромы;
• жегілік нефропатия;
• бауыр циррозы.
Организмдегі натрий мен сұйықтықтың іркілуі
Натрий мен сұйықтықтың іркілуі ісіну, артериялық гипертензия, жүрек жеткіліксіздігі үдеуінің даму қаупін арттырады. Гипертония немесе жүрек жеткіліксіздігі жағдайында мұндай пациенттер емдеудің ең басынан бастап мұқият бақылауды қажет етеді. Препараттардың гипотензивті әсері азаюы мүмкін.
Гиперкалиемия
Диабет немесе гиперкалиемиялық препараттармен қатарлас емдеу гиперкалиемияның даму қаупін арттырады.Қан сарысуындағы калий құрамына мониторинг жүргізу қажет.
Әйелдердегі фертильділік
Кетопрофенді қолдану әйелдерде фертильділіктің бұзылуына әкелуі мүмкін және жүкті болғысы келетін әйелдерге ұсынылмайды. Бала көтеру қиындығы бар немесе бедеулікке байланысты тексеруден өтіп жүрген әйелдерге қатысты кетопрофенді тоқтату туралы мәселені қарастыру керек.
Фотоуыттылық
Анамнезінде жарықсезгіштік немесе фотоуыттылықтың жоғары реакциялары бар пациенттер мұқият қадағалауда болуы тиіс.
Бауыр тарапынан бұзылулар
Бауыр функциясы қалыпсыз пациенттерде, сондай-ақ бауыр ауруын өткерген пациенттерде, әсіресе ұзақ ем кезінде, трансаминазалардың деңгейі мезгіл-мезгіл тексерілуі тиіс. Кетопрофен қабылдайтын пациенттерде сарғаю мен гепатиттің сирек жағдайлары сипатталған.
Кетопрофенді ұзақ уақыт қолданған кезде қан талдауын, бауыр мен бүйрек функциясын бақылау керек.
Көру мүшелері тарапынан бұзылулар
Көру мүшелері тарапынан көрудің бұлыңғырлануы және т.б. бұзылулар туындаған жағдайда, емдеуді дереу тоқтату керек.
Жүйелі қызыл жегі және дәнекер тіндердің аралас ауруы
Жүйелі қызыл жегі (ЖҚЖ) және дәнекер тіндердің аралас аурулары бар пациенттерде асептикалық менингит қаупі жоғары болуы мүмкін.
Басқа ҚҚСП, жанама әсер ететін антикоагулянттарды, литий препараттарын, ауырсынуды басатын дозада аспиринді, ыстықты түсіретін дәрілерді немесе қабынуға қарсы дәрілерді, аптасына 20 мг-ден асатын дозада метотрексатты, төменмолекулалы гепариндер мен фракцияланбаған стандартты гепариндерді, (емдік дозаларда және/немесе егде жастағы пациенттерде), пеметрекседті қолданған жағдайда бүйректің жеңіл/орташа дисфункциясы бар пациенттерге кетопрофенді бір мезгілде қабылдауға жол берілмейді .
Арнайы сақтандырулар
Препараттың құрамында лактоза моногидраты бар, сирек кездесетін тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, лопарлардағы лактаза тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге қолдануға болмайды.
Бұл препараттың құрамында бір капсулада 1 ммолден аз (23 мг) натрий бар, яғни, шын мәнінде натрий жоқ.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Бас айналуы, ұйқышылдық, құрысулар немесе көру бұзылыстары туындаған жағдайда, көлік жүргізуге немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқаруға болмайды.