Алынған хабарламаларға сәйкес жағымсыз реакциялардың жиілігі монотерапияда карбоплатин қабылдаған пациенттердің жинақталған мәліметтер базасына және тіркеуден кейінгі тәжірибеге негізделген. Төменде келтірілген карбоплатинді қолдану кезіндегі жағымсыз реакциялар тіркелді және келесі жиілікте хабарланды:
өте жиі (>1/10);
жиі (≥ 1/100 < 1/10 дейін);
жиі емес (> 1/1000 < 1/100 дейін);
сирек (≥ 1/10000 < 1/1000 дейін);
өте сирек (<1/10000)
жиілігі белгісіз (жиілікті қолда бар мәліметтер негізінде бағалау мүмкін емес).
Өте жиі
• тромбоцитопения, нейтропения, лейкопения, анемия
• құсу, жүрек айнуы, іш аймағының ауыруы
• креатининнің бүйрек клиренсінің төмендеуі, қандағы мочевина деңгейінің жоғарылауы, қандағы сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы, аминотрансфераза аспартатының жоғарылауы, бауыр функциясының ауытқуы, қандағы натрий деңгейінің төмендеуі, қандағы калий деңгейінің төмендеуі, қандағы кальций деңгейінің төмендеуі, қандағы магний деңгейінің төмендеуі
Жиі
• инфекциялар*
• қан кету*
• жоғары сезімталдық (мысалы, тері бөртпесі, есекжем, эритема, айқын себепсіз қызба немесе қышу), анафилактоидты реакция (ангионевроздық ісіну, беттің ісінуі, ентігу, тахикардия, төмен артериялық қысым, есекжем, анафилаксиялық шок, бронхоспазм)
• шеткері нейропатия, парестезия, терең сіңір рефлекстерінің төмендеуі, сенсорлық бұзылыс, дисгевзия
• көрудің бұзылуы
• отоуыттылық
• жүрек-қантамыр аурулары*
• тыныс алу бұзылыстары, өкпенің интерстициальді ауруы, бронхоспазм
• диарея, іш қату, шырышты қабықтың бұзылуы
• алопеция, терінің зақымдануы
• тірек-қимыл аппаратының аурулары
• урогенитальді жол ағзаларының аурулары
• әлсіздік
• қандағы билирубин деңгейінің жоғарылауы, қандағы креатинин деңгейінің жоғарылауы, қандағы несеп қышқылының жоғарылауы
Жиі емес
• қызба жағдайы, инфекция белгілерінсіз қалтырау
Сирек
• көрмей қалу
Өте сирек
• жедел промиелоциттік лейкемия
Жиілігі белгісіз
• пневмония
• жүргізілген терапиямен байланысты қайталама қатерлі ісік
• сүйек кемігінің жеткіліксіздігі, фебрильді нейтропения, гемолиздік-уремиялық синдром (ГУС)
• сусыздану, анорексия, гипонатриемия, ісік лизис синдромы
• цереброваскулярлық бұзылыс*, Артқы қайтымды лейкоэнцефалопатия синдромы (АҚЛС)
• жүрек жеткіліксіздігі*, Коунис синдромы
• эмболизм*, гипертензия, гипотензия
• стоматит, панкреатит
• бауыр функциясының ауыр бұзылуы (оған қоса жедел бауыр некрозы)
• есекжем, бөртпе, эритема, қышыну
• инъекция орнындағы некроз, инъекция орнындағы реакция, экстравазация, инъекция орнындағы эритема, дімкәстік
* < 1%-дағы өлім, < 1%-дағы жүрек-қантамыр жүйесінің өлімге әкелетін жағымсыз реакцияларына жүрек жеткіліксіздігі, эмболия және ми қан айналымының жедел бұзылуы жатады.
Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар
Миелосупрессия карбоплатиннің дозаны шектейтін уыттылығы болып табылады. Бастапқы мәндері қалыпты пациенттерде тромбоциттердің 50000/мм3 төмен деңгейімен тромбоцитопения 25% пациентте, гранулоциттердің 1000/мм3 төмен деңгейімен нейтропения - 18% пациентте және лейкоциттердің 2000/мм3 төмен деңгейімен лейкопения - 14% пациентте байқалады. Барынша төмендеуі, әдетте, 21-інші күні байқалады. Карбоплатинді басқа миелосуппрессиялық препараттармен немесе емдеу түрлерімен біріктіріп қолданғанда миелосупрессия ушығуы мүмкін.
Бұрын ем қабылдаған пациенттерде, әсіресе, бұрын цисплатинді қабылдаған пациенттерде, және бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде миелоуыттылықтың дәрежесі ауырырақ. Функционалдық статусы нашар пациенттерде де лейкопения мен тромбоцитопенияның ауырырақ дәрежесі білінген. Аталған құбылыстар, әдетте қайтымды екендігіне қарамастан, карбоплатинді қабылдаған, тиісінше 4% және 5% пациентте инфекциялық және геморрагиялық асқынулардың дамуына алып келген. Аталған асқынулар пациенттердің 1%-ынан азында өлімге әкелді.
Гемоглобиннің 8 г/дл төмен мәндерімен анемия бастапқы мәндері қалыпты 15% пациентте болған. Карбоплатиннің дозасын арттырғанда анемияның даму жиілігі жоғарылай түседі.
Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар
Құсу 65% пациентте байқалады, олардың ішінен 1/3 пациентте ол ауыр дәрежеде болады. Жүрек айнуы тағы 15%-ында байқалады. Бұрын ем қабылдаған пациенттер (әсіресе, бұрын цисплатинді қабылдаған пациенттер), құсудың дамуына анағұрлым бейім. Жүрек айнуы мен құсу, әдетте, карбоплатинді енгізгеннен кейін 6 – 12 сағаттан соң дамиды. Жүрек айнуы мен құсу, әдетте, препаратты еннізгеннен кейінгі 24 сағат ішінде тыйылады және әдетте, құсуға қарсы дәрілермен жүргізілетін профилактика мен емге жақсы жауап береді. Карбоплатинді басқа эметогенді препараттармен біріктіріп қолданғанда құсудың дамуы анағұрлым ықтимал.
Асқазан-ішек жолы тарапынан болған басқа шағымдар 8% пациенттегі ауыруды, 6% пациенттегі диареяны мен іш қатуды қамтиды.
Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар
Шеткері нейропатия (негізінен, парестезиялар және терең сіңір рефлекстерінің төмендеуі) карбоплатинді қабылдап жүрген 4% пациентте кездесті. 65 жастан асқан пациенттер мен бұрын цисплатинді қабылдаған пациенттер, карбоплатинмен ұзақ уақыт ем қабылдаған пациенттер сияқты, қауіптің жоғарылауына ұшырайды. Карбоплатинмен емдеуді бастағанға дейін байқалған парестезиялар, әсіресе, егер олар цисплатинмен емдеумен байланысты болса, карбоплатинмен емдеу кезінде сақталуы немесе нашарлауы мүмкін.
Клиникалық тұрғыдан елеулі сенсорлық бұзылулар (яғни, көрудің бұзылулары және дәм сезудің өзгерулері) 1% пациентте байқалды.
Орталық жүйке жүйесі тарапынан болатын көріністер туралы жиі емес хабарланған, және олар көбінесе, құсуға қарсы қатарлас еммен байланысты.
Неврологиялық жағымсыз әсерлердің жалпы жиілігі карбоплатинді біріктірілген режимде қабылдап жүрген пациенттерде жоғары. Сондай-ақ, бұл ұзағырақ жинақталған әсерімен байланысты болуы мүмкін.
Көру ағзасы тарапынан бұзылулар
Платина негізіндегі препараттармен емдеу кезіде дамитын, кейде уақытша көрмей қалуды қамтитын, көру қабілетінің транзиторлық бұзылулары туралы хабарламалар бар. Әдетте бұл, бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде препараттардың жоғары дозаларымен емдеумен байланысты.
Есту және тепе-теңдік мүшелер тарапынан бұзылулар
Жоғары жиілікті диапазондағы (4000 - 8000 Гц) бұзылулармен естудің сөйлеу диапазонынан тыс нашарлауы сериялық аудиометриялық зерттеулерде 15% жиілікпен байқалды. Гипоакузияның өте сирек жағдайлары туралы хабарланған. Тек 1% пациентте, көпшілік жағдайларда тиннит түрінде көрініс беретін клиникалық симптомдары болады.
Кейде карбоплатинмен емдеу кезінде, бұрын цисплатинмен емдеу кезінде есту мүшелері зақымданған пациенттерде есту функциясының ары қарай нашарлауы орын алады.
Карбоплатинмен емдеу кезіндегі, балалар жасындағы пациенттерде ұсынылғанынан артық дозаларын басқа отоуытты препараттармен біріктіріп қолданғанда клиникалық тұрғыдан елеулі естімей қалу туралы хабарламалар бар.
Бүйрек және несеп шығару жолының тарапынан бұзылулар
Нефроуыттылығы әдетте, карбоплатинді қабылдаған пациенттерде дозасын шектемейді, және сұйықтықтың көп көлемімен гидратациялау немесе қарқынды диурез сияқты профилактикалық шараларды қажет етпейді. Дегенмен, қан сарысуындағы мочевина немесе креатинин деңгейінің жоғарылауы байқалуы мүмкін.
Креатинин клиренсінің минутына 60 мл төмендеуімен анықталатын, бүйрек функциясының бұзылуы да байқалуы мүмкін. Карбоплатинмен емдеуді бастағанға дейін бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде нефроуыттылығының даму жиілігі мен ауырлық дәрежесі жоғарылауы мүмкін. Тиісінше гидратациялау бағдарламасының көмегімен бұндай әсерін болдырмауға мүмкіндік бар-жоғы белгісіз, дегенмен, бүйрек функциясының орташа төмендеуі (креатинин клиренсі 30 - 59 мл/мин) жағдайында дозасын азайту немесе карбоплатинмен емдеуді тоқтату қажет. Креатинин клиренсі < 30 мл/ мин пациенттерге карбоплатинді қолдануға болмайды.
Карбоплатиннің әдеттегі дозаларын енгізгенде, карбоплатиннің сұйықтықтың көп көлемімен гидратациялаусыз және/немесе қарқынды диурезсіз қолданылғанына қарамастан, бүйрек функциясының нашарлауы жиі емес дамыған. Қан сарысуындағы креатинин деңгейінің жоғарылауы 6% пациентте, қандағы мочевина азоты деңгейінің жоғарылауы - 14% және несеп қышқылы деңгейінің жоғарылауы - 5% пациентте байқалды. Әдетте олар шамамен, пациенттердің жартысында жеңіл дәрежеде және қайтымды болған. Карбоплатинді қабылдап жүрген пациенттерде креатинин клиренсі бүйрек функциясын өлшеудің анағұрлым сезімтал тәсілі болып табылатындығы дәлелденді. Креатинин клиренсінің бастапқы мәндері 60 мл/мин немесе одан жоғары пациенттердің жиырма жеті (27%) пайызында карбоплатинмен емду кезінде креатинин клиренсінің төмендеуі білінді.
Зертханалық көрсеткіштердің өзгеруі
Қан сарысуындағы натрий, калий, кальций және магний деңгейінің төмендеуі сәйкесінше 29%, 20%, 22% және 29% пациентте байқалды. Гипонатриемияның бастапқы дамуы туралы анағұрлым жиі хабарланды. Электролиттердің жоғалтылулары елеусіз болды, және негізінен, қандай-да бір клиникалық симптомдарсыз өтті.
Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар
Бастапқы мәндері қалыпты 5% пациентте жалпы билирубин, 15%-ында - аспартатаминотрансфераза (АСТ) және 24% пациентте - сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауын қамтитын пациенттерде, бауыр функциясының өзгерістері байқалды. Негізінен, аталған өзгерістер жеңіл дәрежеде болды және пациенттердің шамамен жартысында қайтымды болды.
Карбоплатиннің өте жоғары дозаларын қабылдаған және сүйек кемігінің аллогенді трансплантациясын бастан өткерген пациенттердің шағын тобында, бауыр функциясы көрсеткіштерінің едәуір жоғарылауы байқалды.
Карбоплатинді жоғары дозаларда тағайындағаннан кейін бауыр жасушаларының жедел фульминантты некрозы жағдайлары байқалған.
Иммундық жүйенің тарапынан бұзылулар
Тері бөртпесі, есекжем, эритема, айқын себепсіз қызба немесе қышыну сияқты, карбоплатинге аллергиялық реакциялар пациенттердің 2%-ынан азында байқалған.
Кейде өлімге соқтыратын анафилаксиялық реакциялар препаратты енгізгеннен кейін бірнеше минуттан соң дамуы мүмкін: ангионевроздық ісіну, беттің ісінуі, ентігу, тахикардия, артериялық қысымның төмендеуі, есекжем, анафилаксиялық шок, бронх түйілуі.
Басқа да жағымсыз әсерлер
Карбоплатинді қоса, бірнеше цитостатикалық препараттың біріктірілімімен емдеуден кейін салдарлы қатерлі жаңа түзілімдердің дамығаны туралы хабарланды.
Осының алдындағы сәулелік терапиядан кейінгі, карбоплатинмен монотерапиядан кейін 6 жылдан соң жедел промиелоциттік лейкоз дамығаны туралы хабарламалар бар.
Кейде алопеция, қызба және қалтырау, мукозит, әлсіздік, дімкәстану, сондай-ақ, дисгевзия байқалған.
Жекелеген жағдайларда гемолиздік-уремиялық синдром дамыған.
Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан асқынулар (жүрек жеткіліксіздігі, эмболия), сондай-ақ, ми қан айналымының жедел бұзылуының жекелеген жағдайлары туралы хабарламалар бар. Гипертензия жағдайлары туралы хабарланды.
Жалпы бұзылулар және енгізу орнындағы бұзылулар
Енгізген орындағы реакциялар (ашыту, ауыру, қызару, ісіну, есекжем, экстравазация салдарынан болған некроз) дамығаны туралы хабарламалар бар.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаса медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласыңыз
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы»
http://www.ndda.kz