Неврологиялық бұзылыстар
Қатарлас неврологиялық аурулары бар пациенттерге және орталық жүйке жүйесіне әсер ететін басқа препараттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге ерекше көңіл бөлу керек. Экстрапирамидалық симптомдар, метоклопрамидті қолданғанда да, фенотиазиндер сияқты нейролептиктерді қолданғанда да дамуы мүмкін, сондықтан екі препаратты бір мезгілде тағайындағанда сақтық таныту қажет. Эпилепсиясы бар, метоклопрамидті қабылдап жүрген пациенттерде құрысулардың немесе экстрапирамидалық реакциялардың жиілігі мен ауырлығы арта түсуі мүмкін.
Артық дозалануы қаупін азайту үшін, инъекциялар арасындағы уақыт аралығы 6 сағаттан аз болмауы тиіс .
Қатерлі нейролептикалық синдром
Метоклопрамидтің нейролептиктермен біріктірілімін қолданғанда, сондай-ақ, метоклопрамидпен монотерапия кезінде қатерлі нейролептикалық синдром дамуы мүмкін, ол температура жоғарылауымен, артериялық қысымның жоғарылауымен, құрысулармен, бұлшықеттер тонусының жоғарылауымен, сілекей ағуымен, тершеңдікпен көрініс беруі мүмкін. Қатерлі нейролептикалық синдромның симптомдары пайда болған жағдайда, препаратты қолдануды дереу тоқтату және тиісінше емін бастау керек.
Кешеуілдеген дискинезия
Метоклопрамидпен ұзақ емдеу, көбінесе жоғары дозаларын қабылдап жүрген, егде жастағы адамдарда, әсіресе әйелдерде қайтымды болуы ықтимал кешеуілдеген дискинезияға алып келуі мүмкін. Синдром тілдің, ауыздың, жақсүйектің еріксіз ырғақты қозғалыстарымен (мысалы, тілін шығару, ұртын томпайту, аузын бырыстыру, шайнау қимылдары, бет-аузын қисайту) сипатталады. Кешеуілдеген дискинезияның дамуы қаупіне байланысты, емдеуді 3 айдан артық жалғастырмау керек, және кешеуілдеген дискинезияның клиникалық белгілері пайда болған жағдайда ол тоқтатылуы тиіс.
Паркинсонизм
Метоклопрамид паркинсонизм көріністерін күшейтуі мүмкін.
Метгемоглобинемия
НАДФ-цитохром-b5 тапшылығымен байланысты метгемоглобинемия дамығаны туралы хабарланды. Ондай жағдайларда Церулин® препаратын қолдануды дереу және түбегейлі тоқтату, және тиісінше шара қолдану (мысалы, метиленді көкпен емдеуді бастау) керек.
Жүрек-қантамыр аурулары
Ауыр брадикардия жағдайларын (жүректің тоқтап қалуына дейінгі), қантамыр коллапсн, метоклопрамидті инъекция түрінде, әсіресе, в/і енгізгеннен кейін QT аралығының ұзаруын қоса, жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан күрделі жағымсыз реакциялар туралы хабарламалар бар.
Егде жастағы пациенттер
Препаратты егде жастағы адамдарға, жүрек өткізгіштігінің бұзылулары бар (соның ішінде QT аралығының ұзаруымен) пациенттерге, электролит теңгерімсіздігі түзетілмеген, брадикардиясы бар және QT аралығын ұзартатын басқа препараттарды қабылдап жүрген пациенттерге в/і сақтықпен енгізу керек. Жағымсыз реакцияларды болдырмау үшін, дозалау жөніндегі ұсынымдарды қатаң ұстану қажет, ал ұзақ емдеу жағдайында, пациенттер жүйелі түрде тексеруден өтуі тиіс.
Бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі
Бүйректің орташа және ауыр дәрежелі жеткіліксіздігі мен бауырдың ауыр дәрежелі жеткіліксіздігі кезінде дозасын төмендету ұсынылады.
Пролактин деңгейінің жоғарылауы
Метоклопрамид пролактин деңгейін жоғарылатады, және оны ұзақ қолданғанда ол жоғарылау сақталады. Бұл бұрын сүт безінің пролактинге тәуелді обыры анықталған пациенттер үшін маңызды болуы мүмкін.
Депрессия
Бұрын ондай көріністер болмаған пациенттерде метоклопрамидтен туындаған депрессия жағдайлары байқалған. Симптомдары жеңілден ауырға дейін ауытқып отырған және суицидтік ойлармен өзін-өзі өлтіруді қамтыған. Анамнезінде депрессия болған пациенттерге препаратты тек, күтілетін пайдасы ықтимал қаупінен асып түсетін жағдайда ғана тағайындау керек.
Басқа ескертулер
Церулинді® артериялық гипертензиясы бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек, өйткені в/і енгізілгенде, метоклопрамид катехоламиндерді босатып шығарады.
Пилоропластика сияқты операциялардан немесе ішекке жасалған операциядан кейін үш-төрт күн ішінде метоклопрамидті қолданбай тұра тұру керек, өйткені бұлшықеттердің қатты жиырылулары жазылуына кедергі келтіруі мүмкін.
Метоклопрамидтің әсері күрделі аурулардың симптомдарын бүркемелеуі және дер кезінде анықталуын кідіртуі мүмкін. Препаратты диагноз қойылғанға дейін тағайындамау керек және пациентке қажетті тексерулерді онымен алмастырмау керек.
Егер Церулинді® қабылдап жүрген пациентте құсу сақталып қалса, пациентте мидың тітіркенуі сияқты негізгі күрделі аурудың бар-жоқтығын анықтау үшін оны қайтадан тексеру керек.
Жағымсыз реакциялардың (мысалы, гипотонияның, акатизияның) қаупін азайту үшін, Церулин® препаратын в/і баяу (кемінде 3 минут ішінде) енгізу керек, өйткені жылдам енгізген кезде өтпелі, бірақ күшті үрейлену және мазасыздық сезімдері дамуы, артынша ұйқышылдық орын алуы мүмкін.
Зертханалық тестілердің нәтижелеріне әсері
Метоклопрамид бауырдың функционалдық тестілерінің нәтижелеріне әсер етуі мүмкін. Метоклопрамид қан сарысуындағы пролактин деңгейін арттырады және сондықтан да гонадорелинге жүргізілген диагностикалық тест жауабына ықпал етуі мүмкін.
Балалар
Метоклопрамидті балаларға қолдануға болмайды 1 жасқа дейінгі балаларға. Егер метоклопрамидті қолдану үшін нақты көрсетілімдер белгіленбесе, оны балаларда қолданбау керек. Балаларда метоклопрамидке жағымсыз реакциялардың даму қаупі көбірек болады. Балалар мен жастарда экстрапирамидалық бұзылыстар, әсіресе және/немесе метоклопрамидтің жоғары дозаларын қолданғанда дамуы мүмкін. Мұндай реакциялар, әдетте, емнің басында туындайды және бір рет енгізгеннен кейін көрініс беруі мүмкін. Экстрапирамидалық бұзылыстардың симптомдары пайда болған жағдайда, дереу метоклопрамидті қолдануды тоқтату керек. Аталған симптомдар, әдетте, емдеуді тоқтатқаннан кейін толықтай қайтымды, бірақ симптоматикалық ем (балаларда бензодиазепиндер және/немесе ересектерде паркинсон ауруына қарсы антихолинергиялық препараттар) қажет болуы мүмкін.
Арнайы сақтандырулар
Қосымша заттар
Препараттың құрамында натрий сульфиті бар, ол кейде күрделі аллергиялық реакциялар мен бронх түйілуін тудыруы мүмкін.
Препараттың бір реттік дозасында 1 ммольден аз (23 мг) натрий бар, яғни іс жүзінде препарат натрийсіз.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Көру қабілетіне әсер етуі мүмкін ұйқышылдық, бас айналу, дистония және дискинезияның даму қаупіне байланысты автокөлікті басқару және механизмдермен жұмыс жүргізу кезінде сақ болу керек.
Үйлесімсіздігі
Натрий цефалотин, натрий хлорамфеникол және натрий карбонатының ерітінділерімен араластыруға болмайды.