Дозалау режимі
Препарат дозалары және емдеу курсының ұзақтығы инфекция ағымының ауырлығы мен орналасуын, сондай-ақ қоздырғыштың ықтимал сезімталдығын ескере отырып, әркімге жеке белгіленеді.
Ересектерде қолдану
Инфекция түрі — Бір реттік доза — Енгізу жиілігі
Сезімтал грам-оң кокктар туғызған ауырлығы жеңіл дәрежедегі инфекциялар — 0,5-1 г — Әр 8 сағат сайын
Пневмококкты пневмония — 0,5 г — Әр 12 сағат сайын
Несеп шығару жолдарының асқынбаған жедел инфекциялары — 1 г — Әр 12 сағат сайын
Ауырлығы орташа немесе ауыр дәрежедегі инфекциялар — 0,5-1 г — Әр 6-8 сағат сайын
Өмірге қатерлі инфекциялар (мысалы, сепсис, бактериялық эндокардит)* — 1-1,5 г — Әр 6 сағат сайын
*сирек жағдайларда тәулігіне 12 г дейінгі дозалар қолданылады.
Периоперациялық профилактика
Бірінші доза – 1 г цефазолин вена ішіне (в/і) немесе бұлшықет ішіне (б/і) хирургиялық операция басталуына дейін 30 минут – 1 сағат бұрын енгізілу керек. Ұзаққа созылатын хирургиялық операцияларда (2 сағат және одан көп) операция кезінде тікелей 0,5-1 г препарат қосымша енгізіледі. Қажет болса, операциядан кейін 24 сағат ішінде 0,5-1 г препаратты 6-8 сағат аралықпен в/і немесе б/і енгізеді.
Егер ықтималды инфекция пациентке елеулі қатер төндірсе (мысалы, жүрекке операциядан кейін немесе буынды толық ауыстыру сияқты күрделі ортопедиялық операциядан кейін), араласудан кейін 3-5 күн ішінде цефазолин енгізуді жалғастыру ұсынылады.
Хирургиялық тілік жасау кезінде қан сарысуында және тіндерде антибиотиктің жеткілікті концентрациялары болу үшін жоғарыда көрсетілген цефазолиннің бірінші дозасын енгізу уақытын қадағалау маңызды. Анаэробты инфекцияның жоғары даму қаупі жағдайында (мысалы, жуан ішекке операциялық араласудан кейін) анаэробтарға қатысты белсенді препаратты қосымша қолдану ұсынылады.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар ересек пациенттерде дозаны түзету
Креатинин клиренсі (КК) (мл/мин × 1,73 м2) — Креатинин концентрациясы (мг/100 мл) — Доза (бастапқыдан %) — Енгізулер арасындағы үзілістер
≥ 55 — ≤ 1,5 — 100% — Дозаны түзету қажет емес
35-54 — 1,6-3,0 — 100% — 8 сағат
11-34 — 3,1-4,5 — 50% — 12 сағат
≤ 10 — ≥ 4,6 — 50% — 18-24 сағат
Барлық ұсынылған дозалар инфекция көрсетілімі мен ауырлығына сәйкес келетін бастапқы дозадан кейін енгізіледі. Гемодиализде жүрген пациенттерде дозалау сызбасы қолданылатын диализ режиміне байланысты.
Егде жастағы пациенттер
Дозаны түзету қажет емес.
1 айдан 18 жасқа дейінгі балаларда қолдану
Ауырлығы жеңіл немесе орташа дәрежедегі инфекциялардың көпшілігін емдеу үшін 3-4 енгізуге бөлінген 25-50 мг/кг тәуліктік доза жеткілікті.
Ауыр инфекциялар жағдайында тәуліктік дозаны ең жоғары ұсынылатын 100 мг/кг дозаға дейін арттыруға болады. Жаңа туған нәрестелерде препаратты қолдану қауіпсіздігі анықталмаған.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар балаларда дозаны түзету
КК 70-40 мл/мин/1,73 м2 құрайтын балаларға 12 сағат өткен соң цефазолиннің орташа тәуліктік дозасынан 60% енгізіледі. КК 39-20 мл/мин/1,73 м2 балаларға 12 сағат өткен соң препараттың орташа тәуліктік дозасынан 25% енгізіледі.
КК 19-5 мл/мин/1,73 м2 кезінде цефазолиннің орташа тәуліктік дозасының 10%-ы 24 сағат аралықпен енгізіледі. Барлық ұсынылған дозалар инфекцияның ауырлығына сәйкес келетін бастапқы дозадан кейін енгізіледі.
Енгізу әдісі және жолы
Цефазолин тек парентеральді енгізуге арналған – препаратты в/і (сорғалатып немесе тамшылатып) немесе терең б/і енгізу керек.
Дәрілік препарат ерітінділерін дайындау
Бұлшықет ішіне енгізу үшін: 1 г препаратты 4 мл инъекцияға арналған суда немесе 0,5% лидокаин ерітіндісінде ерітеді.
Б/і енгізуге арналған ең жоғары бір реттік доза 1 г құрайды, препаратты тек ірі бұлшықеттерге енгізу керек.
1 г дейінгі дозаларды баяу в/і инъекция арқылы енгізуге болады, препараттың үлкен дозаларын в/і инфузия арқылы енгізу керек.
В/і сорғалатып енгізу үшін 1 г препарат 10 мл инъекцияға арналған суда ерітіледі. 3-5 минут ішінде вена ішіне баяу енгізіледі.
В/і ішіне тамшылатып енгізу үшін 1 г препаратты 50-100 мл 5% декстроза ерітіндісінде немесе 0,9% натрий хлориді ерітіндісінде сұйылтады.
Ерітінді инфузиясы 20-30 минут ішінде жүргізіледі (енгізу жылдамдығы -минутына 60-80 тамшы).
Инфузиялық ерітіндіні дайындау үшін келесі еріткіштер пайдаланылады: 0,9% натрий хлориді ерітіндісі, 5% немесе 10% декстроза ерітіндісі, 0,9% натрий хлориді ерітіндісіндегі 5% декстроза ерітіндісі, Рингер ерітіндісі, Рингер ерітіндісіндегі 5% немесе 10% декстроза ерітіндісі, Рингер ерітіндісі 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен, инъекцияға арналған стерильді судағы 5% немесе 10% фруктоза ерітіндісі, 5% натрий гидрокарбонат ерітіндісі.
Сұйылту кезінде құтыларды ұнтақ толық ерігенше қатты сілку керек.
Ұнтақты ерітуден кейін пайда болуы мүмкін сарғыш рең дәрілік препарат қасиеттерінің қандай да бір өзгерісін немесе оның емдік тиімділігіндегі ерекшелікті айғақтамайды.
Дайындалған ерітіндіні сақтау
Вена ішіне және бұлшықет ішіне енгізуге арналған препараттың қалпына келтірілген ерітіндісін дайындаудан кейін бірден қолдану керек.
Үйлесімді еріткіштерді: 0,9% натрий хлориді ерітіндісін, 5% немесе 10% декстроза ерітіндісін, Рингер ерітіндісімен 5% декстроза ерітіндісін, 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен 5% декстроза ерітіндісін, инъекцияға арналған Рингер ерітіндісін пайдалана отырып дайындалған инфузияға арналған препарат ерітіндісінің химиялық және физикалық тұрақтылығы бөлме температурасында 24 сағатқа дейін (25° C дейін) немесе тоңазытқышта 48 сағат бойы (2 - 8 °C) сақталады.
Инъекцияға арналған стерильді судағы 10% фруктоза ерітіндісі, инъекцияға арналған 5% натрий бикарбонаты ерітіндісі еріткіштерін пайдалана отырып дайындалған инфузияға арналған препарат ерітіндісін дайындаудан кейін бірден қолдану керек.
Микробиологиялық тұрғыдан, препараттың алынған ерітіндісін дереу пайдалану керек. Егер дереу пайдаланылмаса, қолдану алдында сақтау ұзақтығы мен шарттары үшін жауапкершілік пайдаланушыға жүктеледі.
Қабылдау уақытының көрсетілуімен қолдану жиілігі
Ересектер үшін орташа тәуліктік доза 1-4 г; енгізу жиілігі тәулігіне 3-4 рет. Ең жоғары тәуліктік доза - 6 г.
Емдеу ұзақтығы
Емдеудің орташа ұзақтығы 7-10 күнге созылады. Бактерияға қарсы ем қағидаттарына сәйкес, емдеу курсын қызба басылған соң немесе қоздырғыш эрадикациясының растауын алуға дейін, кем дегенде, 2-3 күн бойы жалғастыру керек.
Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізіп алу кезіндегі қажетті шаралар
Өткізіп алған дозаны, егер тек келесі әдеттегі дозаға дейінгі уақыт жеткілікті көп болса ғана, келесі әдеттегі дозаның алдында енгізу керек. Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкер кеңесіне жүгіну жөніндегі нұсқаулар
Цефазолин дозасын, енгізу тәсілі мен ұзақтығын аурудың типіне, ауырлығына және ағымына қарай емдеуші дәрігер белгілейді.