Дәріханалардағы баға мен қолжетімділік кейінірек пайда болады
Дәрігер рецепті бойынша беріледі
Тауардың сыртқы түрі суреттен өзгеше болуы мүмкін. Бағасы мен қолжетімділігін таңдалған доза мен қаптама анықтайды.
Препарат туралы
Шығарылу түрі
Порошок для приготовления раствора для внутривенного и внутримышечного введения
Дозасы
1 г
Саудалық атауы
Цефтриаксон
Әсер етуші зат
Цефтриаксон
Мақсаты
Препарат ересектер мен мерзімі жетіп туған нәрестелерді (туғаннан бастап) қоса, балаларда қолданылады
Өндіруші
Биосинтез
Ел
Россия
Берілу шарттары
Рецепт бойынша
Дәріханалардағы бағалар
Дәріхана ұсыныстары кейінірек пайда болады
Біз Қазақстан дәріханаларын қосып жатырмыз. Тексерілген бағалар мен қолжетімділік пайда болғанда, олар осы бетте болады.
Нұсқаулық
Бір құтының ішінде
белсенді зат – цефтриаксон натрий трисесквигидраты (цефтриаксонға шаққанда) – 1,00 г
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Ақтан сарғыш реңкті ақ түске дейінгі ұнтақ.
Қалпына келтірілген ерітінді: ашық сарыдан қоңыр реңкті сары түске дейінгі сәл бұлыңғырланатын сұйықтық.
Препарат ересектер мен мерзімі жетіп туған нәрестелерді (туғаннан бастап) қоса, балаларда қолданылады.
Цефтриаксонға сезімтал микроорганизмдерден туындаған инфекциялық-қабыну аурулары:
- бактериялық менингит
- ауруханадан тыс (ауруханалық емес) пневмония
- ауруханаішілік пневмония
- жедел ортаңғы отит
- құрсақ қуысы ағзаларының инфекциялары
- несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (оның ішінде пиелонефрит)
- сүйектер мен буындардың инфекциялары
- тері мен жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары
- соз
- мерез
- бактериялық эндокардит
Препарат келесілерде қолданылуы мүмкін:
- ересектерде өршу сатысындағы өкпенің созылмалы обструкциялық ауруларын (ӨСОА) емдеу үшін
- кең таралған Лайм боррелиозын емдеу үшін (ересектерде және 15-күндік жаңа туған нәрестелерді қоса, балаларда аурудың ерте (II) және кеш (III) сатыларында)
- хирургиялық араласым аймағында инфекциялардың операция алдындағы профилактикасы үшін
- шамамен бактериялық сипаттағы нейтропениясы бар науқастарда қызба жағдайларында
- жоғарыда аталған инфекциялардың кез келгенімен байланысты немесе шамамен байланысты болуы мүмкін, бактериемиясы бар пациенттерге енгізгенде
Цефтриаксонды, егер қоздырғыштардың ықтимал ауқымы оның бактерияларға қарсы белсенділігі ауқымына жатпаса, бактерияларға қарсы басқа дәрілермен бірге қолдануға болады.
Бактерияға қарсы дәрілерді тиісінше пайдалану жөніндегі нұсқауларды ескеру қажет.
Жүйелі қолдануға арналған бактерияға қарсы препараттар. Бактерияға қарсы басқа бета-лактамдық препараттар. Үшінші буын цефалоспориндері. Цефтриаксон.
ATХ коды: J01DD04
Әсер ету механизмі
Цефтриаксон пенициллин байланыстыратын ақуыздарға (ПБА) қосылғаннан кейін бактерияның жасуша қабығының синтезін тежейді. Бұл бактерияның жасуша қабығының (пептидогликан) биосинтезінің бұзылуына әкеледі, әрі қарай бактерия жасушаларының лизисі мен өліміне соқтырады.
Төзімділік
Цефтриаксонға бактериялық төзімділік келесі механизмдердің біріне немесе бірнешеуіне байланысты болуы мүмкін:
- Ауқымды спектрлі бета-лактамаза (АСБЛ), карбапенемазалармен және Amp C ферменттерімен қоса, бета-лактамаза гидролизі, бұл бактериялардың кейбір аэробты грамтеріс түрлерінде индукциялануы мүмкін.
- Цефтриаксон үшін пенициллин байланыстырушы ақуыздардың аффинділігі төмендеуі.
- Грам теріс организмдердегі сыртқы жарғақшаның өткізбеуі.
- Бактериялық эффлюксті сорғылар.
Микробқа қарсы сезімталдықты анықтайтын бақылау нүктелері
Еуропалық микробқа қарсы сезімталдықты тестілеу комитеті (EUCAST) белгілеген ең төмен тежегіш концентрацияны (ЕТТК) анықтаудың бақылау нүктелері сілтеме бойынша берілген:
https://www.ema.europa.eu/documents/other/minimum-inhibitory-concentration-mic-breakpoints_en.xlsx
Нақты патогендерге қатысты клиникалық тиімділік
Жүре пайда болған төзімділіктің таралуы географиясына қарай және уақыт өте келе жекелеген түрлер үшін өзгеруі мүмкін, ал жергілікті төзімділік туралы ақпарат, әсіресе ауыр инфекцияларды емдеуде қолайлы болады. Төзімділіктің жергілікті таралуы цефтриаксонның қоздырғыштардың кейбір түрлеріне қатысты пайдасы күмән тудыратын жағдайларда, ұсыныстар алу үшін сарапшылармен кеңесу керек.
Әдеттегі сезімтал түрлер
- грамоң аэробтар:
Staphylococcus aureus (метициллин-сезімталдар)£, Staphylococci coagulase-negative (метициллин- сезімталдар)£, Streptococcus pyogenes (A тобы), Streptococcus agalactiae (B тобы), Streptococcus pneumoniae, Streptococcus spp. Viridans тобы
- грамтеріс аэробтар:
Borrelia burgdorferi, Haemophilus influenzae, Haemophilus parainfluenzae, Moraxella catarrhalis, Neisseria gonorrhoeae, Neisseria meningitidis, Proteus mirabilis, Providencia spp., Treponema pallidum
Жүре пайда болған резистенттілік күрделі проблемалар тудыруы мүмкін түрлер:
- грамоң аэробтар:
Staphylococcus epidermidis+, Staphylococcus haemolyticus+, Staphylococcus hominis+
- грамтеріс аэробтар:
Citrobacter freundii, Enterobacter aerogenes, Enterobacter cloacae, Escherichia coli%, Klebsiella pneumoniae%, Klebsiella oxytoca%, Morganella morganii, Proteus vulgaris, Serratia marcescens
- анаэробтар:
Bacteroides spp., Fusobacterium spp., Peptostreptococcus spp., Clostridium perfringens
Төзімді микроорганизмдер
- грамоң аэробтар:
Enterococcus spp., Listeria monocytogenes
- грамтеріс аэробтар:
Acinetobacter baumannii, Pseudomonas aeruginosa, Stenotrophomonas maltophilia
- анаэробтар:
Clostridium difficile
- басқалары:
Chlamydia spp., Chlamydophila spp., Mycoplasma spp., Legionella spp., Ureaplasma urealyticum
£ Барлық метициллинге төзімді стафилококктар цефтриаксонға төзімді болады
+ Бір аймақтағы төзімділіктің ең төмен нормасы >50 %
% Пайыздық штаммдар ESBL әркез төзімді
Дозалау режимі
Дозасы инфекцияның типіне, орналасуына және ауырлығына, қоздырғыштың сезімталдығына, пациенттің жасына және оның бауыр және бүйрек функциясының жай-күйіне байланысты болады.
Төменде келтірілген кестелерде көрсетілген дозалар, осы көрсетілімдерде қолдану үшін ұсынылатын дозалар болып табылады. Ерекше ауыр жағдайларда көрсетілген диапазонның ең жоғары дозасын тағайындаудың дұрыстығын қарастыру керек.
Ересектер мен 12 жастан асқан балалар (дене салмағы ≥ 50 кг)
Дозасы* — Қолдану жиілігі** — Қолданылуы
1-2 г — тәулігіне 1 рет — Ауруханадан тыс (ауруханалық емес) пневмония
Өкпенің созылмалы обструкциялық ауруының өршуі
Құрсақ қуысы ағзаларының инфекциялары
Несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (оның ішінде пиелонефрит)
2 г — тәулігіне 1 рет — Ауруханаішілік пневмония
Тері мен жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары
Сүйектер мен буындардың инфекциялары
2-4 г — тәулігіне 1 рет — Шамамен бактериялық сипаттағы нейтропениясы бар науқастардағы қызба жай-күйлері
Бактериялық эндокардит
Бактериялық менингит
*Анықталған бактериемияларда берілген ауқымдағы өте жоғары дозаларды қолдану қаралады.
**Препаратты тәулігіне 2 г-ден көбірек дозада тағайындағанда препаратты күніне 2 рет (әрбір 12 сағат сайын) қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Препаратты арнайы енгізу режимін қажет ететін ересектер және 12 жастан асқан (≥ 50 кг) балалар үшін көрсетілімдері:
Жедел ортаңғы отит: әдеттегідей, препаратты 1-2 г дозада бұлшықет ішіне бір реттік енгізу жеткілікті. Шектеулі деректер ауыр жағдайларда немесе бұдан бұрынғы емдеуден әсер болмаған жағдайда цефтриаксонды 3 күн бойы тәулігіне 1-2 г дозада бұлшықет ішіне енгізу тиімді болуы мүмкін екендігін айғақтайды.
Операция алдында хирургиялық араласым аймағындағы инфекцияларға профилактика жасау: операция алдында препаратты 2 г дозада бір реттік енгізу.
Соз: препаратты 500 мг дозада бұлшықет ішіне бір реттік енгізу.
Мерез: ұсынылған дозалар тәулігіне бір рет 500 мг 1 г, нейромерезде дозаны тәулігіне бір рет 2 г-ге дейін арттырады, емдеу ұзақтығы 10-14 күнді құрайды. Мерезде, соның ішінде нейромерезде дозалау жөнінде нұсқаулар шектеулі деректерге негізделген. Ұлттық және жергілікті нұсқауларды басшылыққа алған жөн.
Көп таралған Лайм боррелиозы (ерте (II) және кеш (III) сатылары): тәулігіне бір рет 2 г дозаны 14-21 күн бойы қолдану керек. Емдеудің ұсынылатын ұзақтығы өзгеріп отырады. Ұлттық және жергілікті нұсқауларды басшылыққа алу қажет.
Балаларда қолданылуы
Жаңа туған нәрестелер, сәбилер және 15 күнінен 12 жасқа дейінгі балалар (< 50 кг)
Дене салмағы 50 кг және одан жоғары балалар үшін ересектерге арналған әдеттегі дозаны тағайындау керек.
Дозасы* — Қолдану жиілігі** — Қолданылуы
Дене салмағына шаққанда 50-80 мг/кг — тәулігіне 1 рет — Құрсақ қуысы ағзаларының инфекциялары
Несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (оның ішінде пиелонефрит)
Ауруханадан тыс (ауруханалық емес) пневмония
Ауруханаішілік пневмония
Дене салмағына шаққанда 50-100 мг/кг (ең жоғары доза - 4 г) — тәулігіне 1 рет — Терінің және жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары
Сүйектер мен буындардың инфекциялары
Шамамен бактериялық сипаттағы нейтропениясы бар науқастардағы қызба жағдайлары
Дене салмағына шаққанда 80-100 мг/кг (ең жоғары доза - 4 г) — тәулігіне 1 рет — Бактериялық менингит
Дене салмағына шаққанда 100 мг/кг (ең жоғары доза - 4 г) — тәулігіне 1 рет — Бактериялық эндокардит
*Анықталған бактериемияларда берілген ауқымдағы өте жоғары дозаларды қолданған жөн.
**Препаратты тәулігіне 2 г-ден көбірек дозада тағайындағанда препаратты күніне 2 рет (әрбір 12 сағат сайын) қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Препаратты арнайы енгізу режимін қажет ететін 15 күннен 12 жасқа (< 50 кг) дейінгі жаңа туған нәрестелер, сәбилер мен балалар:
Жедел ортаңғы отит: әдеттегідей, препаратты дене салмағына шаққанда 50 мг/кг дозада бұлшықет ішіне бір реттік енгізу жеткілікті. Шектеулі деректер ауыр жағдайларда немесе бұдан бұрынғы емдеуден әсер болмаған жағдайда цефтриаксонды 3 күн бойы тәулігіне 50 мг/кг дозада бұлшықет ішіне енгізу тиімді болуы мүмкін екендігін айғақтайды.
Операция алдында хирургиялық араласым аймағындағы инфекцияларға профилактика жасау: операция алдында препаратты дене салмағына шаққанда 50-80 мг/кг дозада бір реттік енгізу.
Мерез: ұсынылған дозалар тәулігіне бір рет дене салмағына шаққанда 75-100 мг/кг (ең жоғары дегенде 4 г), емдеу ұзақтығы 10-14 күнді құрайды. Мерезде, соның ішінде нейромерезде дозалау жөнінде нұсқаулар шектеулі деректерге негізделген. Ұлттық және жергілікті нұсқауларды басшылыққа алған жөн.
Кең таралған Лайм боррелиозы (ерте (II) және кеш (III) сатылары): дене салмағына шаққанда 50-80 мг/кг дозаны тәулігіне бір рет 14-21 күн бойы қолдану керек. Ұсынылатын емдеу ұзақтығы өзгеріп отырады. Ұлттық және жергілікті нұсқауларды басшылыққа алған жөн.
0-ден 14 күнге дейінгі жаңа туған нәрестелер
Цефтриаксонды етеккірден кейінгі 41 аптаға дейінгі мерзімдегі жаңа туған нәрестелерге (гестациялық жасы + хронологиялық жасы) қолдануға болмайды.
Дозасы* — Қолдану жиілігі — Қолданылуы
Дене салмағына шаққанда 20-50 мг/кг — тәулігіне 1 рет — Құрсақ қуысы ағзаларының инфекциялары
Терінің және жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары
Несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (пиелонефритті қоса)
Ауруханадан тыс (ауруханалық емес) пневмония
Ауруханаішілік пневмония
Сүйектер мен буындардың инфекциялары
Шамамен бактериялық сипаттағы нейтропениясы бар науқастардағы қызба жағдайлары
Дене салмағына шаққанда 50 мг/кг — тәулігіне 1 рет — Бактериялық менингит
Бактериялық эндокардит
*Анықталған бактериемияларда берілген ауқымдағы өте жоғары дозаларды қолданған жөн.
*Дене салмағына шаққанда 50 мг/кг тәуліктік ең жоғары дозаны арттырмау керек.
Препаратты арнайы енгізу режимін қажет ететін 0-ден 14 күнге дейінгі жаңа туған нәрестелер үшін қолдану:
Жедел ортаңғы отит: әдеттегідей, препаратты дене салмағына шаққанда 50 мг/кг дозада бұлшықет ішіне бір реттік енгізу жеткілікті.
Операция алдында хирургиялық араласым аймағындағы инфекцияларға профилактика жасау: операция алдында препаратты дене салмағына шаққанда 20-50 мг/кг дозада бір реттік енгізу.
Мерез: ұсынылған доза тәулігіне бір рет дене салмағына шаққанда 50 мг/кг, емдеу ұзақтығы 10-14 күнді құрайды. Мерезде, соның ішінде нейромерезде дозалау жөнінде нұсқаулар шектеулі деректерге негізделген. Ұлттық және жергілікті нұсқауларды басшылыққа алған жөн.
Егде жастағы адамдарға қолдану: егде жастағы пациенттерде бүйрек және бауыр өз функцияларын қалыпты атқарып тұрған жағдайда дозаны түзету қажет емес.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттерге қолдану: қолда бар деректер бүйрек функциясы қалыпты болған жағдайда бауыр функциясының жеңіл немесе орташа бұзылуларында цефтриаксонның дозасын түзетудің қажет еместігін көрсетеді. Бауыр функциясының ауыр бұзылуларында препаратты қолдануға қатысты зерттеулер жүргізілген жоқ.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге қолдану: қолда бар деректер бауыр функциясы бұзылмаған жағдайда, бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде цефтриаксонның дозасын түзетудің қажет еместігін көрсетеді. Бүйрек функциясының претерминальді жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі < 10 мл/мин) цефтриаксонның дозасы тәулігіне 2 г-ден аспауы тиіс. Диализде жүрген пациенттерде емшарадан кейін препаратты қосымша енгізу қажет емес. Цефтриаксон перитонеальді түрде немесе гемодиализ арқылы шығарылмайды. Препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігіне клиникалық бақылау қажет.
Бауыр және бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолдану: бүйрек және бауыр функцияларының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге цефтриаксонды қолданғанда препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігіне клиникалық бақылау қажет.
Енгізу жолы мен тәсілі
Бұлшықет ішіне енгізу
Бұлшықет ішіне енгізу ірі бұлшықеттерге терең енгізіліп жүргізіледі, бір бұлшықетке 1 г асырмай енгізу керек.
Лидокаинді еріткіш ретінде қолданған кезде алынған цефтриаксон ерітіндісін вена ішіне енгізу қарсы көрсетілімде. Инъекция алдында шприцтің ішіндегісін аспирациялау арқылы кездейсоқ вена ішіне енгізу жағдайына шприцті тексеру керек.
Вена ішіне енгізу
Цефтриаксонды кем дегенде 30 мин бойы вена ішіне инфузия түрінде (қолайлы жолы) немесе 5 минут бойы вена ішіне баяу сорғалата отырып енгізу түрінде қолданған жөн.
Вена ішіне сорғалатып енгізуді, дұрысы, ірі веналарға 5 минут бойы енгізуді жүзеге асыру керек.
15 күннен 12 жасқа дейінгі нәрестелер мен балаларда дене салмағына шаққанда 50 мг/кг дозаны вена ішіне инфузия жолымен енгізген жөн. Жаңа туған нәрестелерде билирубин энцефалопатиясының ықтимал қаупін азайту үшін инфузия ұзақтығы 60 минут болуы тиіс.
Цефтриаксон ерітіндісін вена ішіне енгізу мүмкін болмаған немесе пациент үшін бұлшықет ішіне енгізу жолы қолайлы болған жағдайда бұлшықет ішіне енгізу керек. 2 г-нан асатын дозалар үшін тек вена ішіне енгізу әдісін қолдану керек.
Цефтриаксон кальций препараттарын немесе құрамында кальций бар ерітінділерді вена ішіне енгізуді қажет ететін (немесе қажет болуы мүмкін) жаңа туған нәрестелерге (≤ 28 күн) қарсы көрсетілімде.
Құрамында кальций бар еріткіштерді вена ішіне енгізу және оларды сұйылту үшін Цефтриаксон препаратының ерітінділерін дайындауда қолдануға болмайды.
Операция алдындағы хирургиялық араласым аймағындағы инфекцияның профилактикасы үшін цефтриаксонды операциядан 30-90 минут бұрын енгізу керек.
Ерітінділерді дайындау және енгізу ережелері
Тек бір рет қолдану үшін. Пайдаланылмаған дәрілік препарат пен қалдықтарды жергілікті заңнама талаптарына сәйкес утилизациялау керек.
Тек жаңа әзірде дайындалған ерітінділерді қолдану керек.
Цефтриаксон 150 секунд ішінде тиісті еріткіште толығымен ериді. Сұйылтылған ерітінді ашық сарыдан қоңыр реңкті сары түске дейінгі сәл бұлыңғырланатын сұйықтық болады.
Цефтриаксонды лидокаин гидрохлоридінің 1% ерітіндісінен (тек бұлшықет ішіне енгізуге арналған) басқа препараттармен бір шприцте араластыруға болмайды.
Инфузиялық жүйені әр енгізуден кейін жуып-шаю керек.
Вена ішіне енгізу (инъекция немесе инфузия)
Ересектерде және 12 жастан үлкен балаларда (≥ 50 кг)
1 г цефтриаксон инъекцияға арналған 10 мл суда ерітіледі. Құтыны екі алақанның арасында ақырын айналдырып, толық ерігеніне және механикалық қосылыстардың жоқтығына көз жеткізу үшін тексеру керек.
Вена ішіне инъекцияны 5 минут ішінде тікелей венаға немесе венаішілік инфузияға арналған катетер арқылы жүргізеді.
Венаішілік инфузия үшін сұйылтылған ерітінді құрамында Ca2+ кальций иондары жоқ 10 мл ерітіндіге (натрий хлориді ерітіндісі 0,9 %, натрий хлориді ерітіндісі 0,45 % + декстроза 2,5 %, декстроза ерітіндісі 5 %, декстроза ерітіндісі 10 %, 5 % декстрозадағы 6 % декстран ерітіндісі, инъекцияға арналған су) қосып құйылады. Инфузияны кем дегенде 30 минут жүргізу керек.
Педиатрияда қолдану
Жаңа туған нәрестелер, сәбилер және 15 күнінен 12 жасқа дейінгі балалар (< 50 кг)
Жаңа туған нәрестелерде билирубин энцефалопатиясының ықтимал қаупін азайту үшін вена ішіне инфузия 60 минутқа созылуы керек.
1 г цефтриаксонды алмастыру көлемі инъекцияға арналған суда 0,71 мл құрайды. Бұл салмаққа байланысты дозалауды жеңілдету үшін еріткіш көлемін ауыстыруды қажет етеді (ең алдымен 12 жасқа дейінгі балаларда), егер алынған ерітіндінің бір бөлігі ғана өлшеніп, енгізілсе. 100 мг/мл ерітіндінің соңғы концентрациясын дайындау үшін 1 г цефтриаксонды инъекцияға арналған 9,4 мл суда сұйылтады.
Бұлшықет ішіне енгізу
Ересектер мен 12 жастан асқан балаларда (≥ 50 кг)
1 г цефтриаксонды 3,5 мл 1 % лидокаин ерітіндісінде ерітеді. Құтыны екі алақанның арасында ақырын айналдырады, толық ерігеніне және механикалық қосылыстардың жоқтығына көз жеткізу үшін тексеру керек. Терең бұлшықет ішіне инъекция жасау арқылы бір бөксеге 1 г асырмай енгізу ұсынылады. 1 г-нан асатын дозаларды бөліп, бірнеше жерге енгізу керек.
Педиатрияда қолдану
Жаңа туған нәрестелер, сәбилер және 15 күннен 12 жасқа дейінгі балалар (< 50 кг)
1 г цефтриаксонды алмастыру көлемі лидокаин гидрохлоридінің 1 % ерітіндісінде 0,71 мл құрайды. Егер алынған ерітіндінің бір бөлігі ғана өлшенетін және енгізілетін болса, онда салмаққа байланысты дозалауды жеңілдету үшін еріткіш көлемін ауыстыру (ең алдымен 12 жасқа дейінгі балаларда) қажет етіледі. 285 мг/мл ерітіндінің соңғы концентрациясын дайындау үшін 1 г цефтриаксонды 2,9 мл лидокаин гидрохлоридінің 1 % ерітіндісінде сұйылтады.
Емдеу ұзақтығы
Емдеу ұзақтығы ауруы барысына байланысты. Цефтриаксонды қолдануды пациенттің дене температурасы қалыпқа келгеннен кейін немесе қоздырғыштардың эрадикациясы айғақталғаннан кейін 48-72 сағат бойы жалғастырған жөн.
Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізіп алу кезіндегі қажетті шаралар
Қатысты емес.
Тоқтату симптомы қаупінің болуына көрсетілім
Қатысты емес.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медицина қызметкерінің кеңесіне жүгіну бойынша нұсқаулар
Препаратты дәрігер тағайындауы бойынша қолданады.
- цефтриаксонға немесе басқа цефалоспориндерге аса жоғары сезімталдық
- анамнезде бактерияларға қарсы бета-лактамдық кез келген басқа типті препараттарға (пенициллиндерге, монобактамдарға, карбапенемдерге) ауыр аса жоғары сезімталдық реакциялары (мысалы, анафилаксиялық реакциялар)
- етеккірден кейінгі 41 аптаға дейінгі мерзімде шала туған нәрестелер (гестациялық жасы + хронологиялық жасы)*
- күні жетіп туған нәрестелер (өмірінің 28 күніне дейін):
а) гипербилирубинемия, сарғаю, гипоальбуминемия немесе ацидоз, билирубиннің байланысуы бұзылуы мүмкін жағдайлар бар болғанда*
б) егер цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттарының түзілу қаупіне байланысты, оларға кальций немесе құрамында кальций бар ерітінділерді вена ішіне енгізу қажет болса (немесе қажет етілуі мүмкін).
*Іn vitro зерттеулер цефтриаксон билирубинді оның сарысулық альбуминмен байланысынан ығыстырып шығаруы мүмкін екендігін, ол осы пациенттерде билирубинді энцефалопатияның қаупін арттыратындығын көрсетті.
Лидокаинді еріткіш ретінде қолданған кезде, ерітіндіні бұлшықет ішіне енгізер алдында пациентте лидокаинді қолдануға қарсы көрсетілім бар-жоғын анықтау керек.
Лидокаинді еріткіш ретінде қолданған кезде цефтриаксонның алынған ерітіндісін вена ішіне енгізуге болмайды!
Цефтриаксонның жағымсыз дәрілік реакцияларының (ЖДР) жиілігін анықтауға арналған деректер клиникалық зерттеулер барысында алынды.
Жағымсыз реакциялардың жиілігін сипаттау үшін келесі жіктеу қолданылады: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100-ден <1/10-ға дейін), кейде (≥1/1000-ден <1/100-ға дейін), сирек (≥1/10 000-ден <1/1000-ға дейін), өте сирек (<1/10 000), белгісіз (қолда бар деректермен бағалау мүмкін емес).
Жиі
- эозинофилия, лейкопения, тромбоцитопения
- диарея, сұйық нәжіс
- бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы
- бөртпе
Кейде
- жыныс мүшелерінің зеңдік инфекциясы
- гранулоцитопения, анемия, коагулопатия
- бас ауыруы, бас айналуы
- жүрек айнуы, құсу
- қышыну
- флебит, инъекция орнының ауыруы, температура жоғарылауы
- қандағы билирубин деңгейінің жоғарылауы
Сирек
- жалған жарғақшалы колит
- энцефалопатия
- бронх түйілуі
- есекжем
- гематурия, глюкозурия
- ісінулер
- қалтырау
Белгісізa
- суперинфекция
- гемолиздік анемия, агранулоцитоз
- анафилаксиялық шок, анафилаксиялық реакция, анафилактоидты реакция, аса жоғары сезімталдық, Яриш-Герксгеймер реакциясы (JHR)
- құрысулар
- бас айналуы
- Коунис синдромы
- панкреатит, стоматит, глоссит
- өт қабындағы “сладж-феномені”, сарғаю, гепатитb, холестаздық гепатитb
- Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз, мультиформалы эритема, жедел жайылған экзантематозды пустулез, эозинофилиямен және жүйелі симптомдармен дәрілік реакция (DRESS-синдром)
- олигурия, бүйректегі шөгінді (қайтымды)
- жалған оң глобулинге қарсы сынама (Кумбс тесті), галактоземияға жалған оң сынама, глюкозаны ферментативтік емес анықтау әдістерінің жалған оң нәтижелері
aТіркеуден кейінгі хабарламалар негізінде. Бұл хабарламалар өздігінен болатындықтан және белгілі көлемді таңдау үлгісіне жататындықтан, олардың жиілігін дәл анықтау мүмкін емес, сондықтан олар "Белгісіз" деп жіктелді
bЦефтриаксон қолдануды тоқтатқанда әдетте қайтымды
Енгізу орнындағы реакциялар
Бұлшықет ішіне немесе вена ішіне енгізу клиникалық тұрғыдан ауырсынумен жүреді. Енгізу орнындағы басқа реакцияларға инъекция орнындағы эритема, инъекция орнындағы экстравазация, инъекция орнындағы ісіну, инъекция орнындағы бөртпе, инъекция орнындағы қышу, инъекция орнындағы қабыну, инъекция орнындағы тығыздану және инъекция орнындағы гематома жатады. Асқынулар, соның ішінде инъекция орнындағы инфекция және инъекция орнындағы абсцесс туралы сирек хабарланды.
Артық дозаланғанда жүрек айну, құсу және диарея сияқты симптомдар пайда болуы мүмкін. Цефтриаксонның концентрациясын гемодиализ немесе перитонеалды диализ арқылы төмендету мүмкін емес. Арнаулы антидоты жоқ. Симптоматикалық емдеу қажет.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Барлық бета-лактамды бактерияға қарсы дәрілерді қолдану кезіндегі сияқты кейде өліммен аяқталатын аса жоғары сезімталдықтың күрделі реакциясы туралы хабарланды. Аса жоғары сезімталдық реакциялары миокард инфарктісіне әкелуі мүмкін күрделі аллергиялық реакция - Коунис синдромына дейін үдеуі мүмкін. Аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары дамыған жағдайда цефтриаксонмен емдеуді дереу тоқтатып, талапқа сай шұғыл шаралар қабылдау керек. Емдеуді бастамас бұрын пациенттің анамнезінде цефтриаксонға, басқа цефалоспориндерге немесе бета-лактамды препараттардың кез келген басқа түріне ауыр аса жоғары сезімталдық реакциялары болған-болмағанын анықтау керек. Анамнезінде басқа бета-лактамды препараттарға ауыр емес аса жоғары сезімталдығы бар пациенттерге цефтриаксонды тағайындағанда сақтық таныту қажет.
Педиатрияда қолдану
Жаңа туған нәрестелердегі, сәбилердегі және балалардағы цефтриаксонның қауіпсіздігі мен тиімділігі «Дозалау режимі» қосымша бөлімінде сипатталған дозалар үшін анықталды. Зерттеулер көрсеткендей, басқа цефалоспориндер сияқты, цефтриаксон билирубинді сарысулық альбуминмен байланысынан ығыстыра алады.
Цефтриаксонды жаңа туған нәрестелерде, әсіресе билирубин энцефалопатиясының даму қаупі бар шала туған нәрестелерде қолдануға болмайды.
Аутоиммундық гемолиздік анемия
Басқа цефалоспориндерді қолданудағы сияқты, цефтриаксонмен емдеу кезінде аутоиммунды гемолиздік анемияның дамуы мүмкін. Ересектер мен балаларда, соның ішінде өліммен аяқталатын ауыр гемолиздік анемия жағдайлары тіркелген. Цефтриаксонмен емдеудегі пациентте анемия дамыған кезде цефалоспоринмен-астасқан анемия диагнозы болуын жоққа шығаруға болмайды және себебін анықтағанға дейін емдеуді тоқтату керек.
Натрий
1 г цефтриаксон препаратының құрамында 3,6 ммоль натрий (82,9 мг) болады. Мұны натрий бақыланатын диетадағы пациенттер ескеруі керек.
Бактерияға қарсы әсер ету ауқымы
Цефтриаксон бактерияға қарсы шектеулі белсенділік ауқымына ие, және инфекциялардың кейбір түрлерін емдеудің жалғыз дәрісі ретінде қолдануға жарамсыз болуы мүмкін, тек қоздырғыш анықталған жағдайларды қоспағанда. Полимикробты инфекциялар кезінде, күдікті қоздырғыштар цефтриаксонға төзімді организмдерді қамтығанда, қосымша антибиотикті енгізу қарастырылуы керек.
Лидокаин қолдану
Лидокаин ерітіндісін еріткіш ретінде қолданған кезде алынған цефтриаксон ерітінділері тек бұлшықет ішіне енгізу үшін қолданылады. Қолданар алдында лидокаинге қарсы көрсетілімдерді, айрықша нұсқауларды және лидокаин дәрілік препаратының жалпы сипаттамасында көрсетілген басқа ақпараттарды ескеру қажет. Лидокаин ерітіндісін вена ішіне енгізуге болмайды.
Нефролитиаз
Цефтриаксонды қолдануды тоқтатқан кезде қайтымды болатын нефролитиаз жағдайлары тіркелді. Симптомдар пайда болған жағдайда УДЗ-зерттеу жүргізу керек. Анамнезінде нефролитиазы бар немесе гиперкальциуриямен ауыратын пациенттерде препаратты қолдануды дәрігер қаупі мен пайдасын нақты бағалау негізінде қарастыруы керек.
Энцефалопатия
Цефтриаксонды қолдану кезінде, әсіресе бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар немесе орталық жүйке жүйесінің бұзылыстары бар егде жастағы адамдарда энцефалопатияның дамуы туралы хабарланды. Егер цефтриаксонмен байланысты энцефалопатияға күдік болса (мысалы, сана деңгейінің төмендеуі, психикалық жағдайдың өзгеруі, миоклонус, құрысулар), цефтриаксонды қолдануды тоқтату туралы мәселені қарастыру керек.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Цефтриаксонмен емдеу кезінде көлік құралдарын басқару және механизмдерді пайдалану қабілетіне әсер етуі мүмкін жағымсыз реакциялар (мысалы, бас айналу) пайда болуы мүмкін. Пациенттер көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс істеу кезінде сақ болуы тиіс.
Жүктілік
Цефтриаксон плаценталық бөгет арқылы өтеді. Жүкті әйелдерде цефтриаксонды қолдану туралы деректер шектеулі. Жүктілік кезінде, әсіресе бірінші триместрде, цефтриаксонды болжамды пайдасы ықтимал қауіптен астам болған жағдайда ғана тағайындау керек.
Лактация
Цефтриаксон емшек сүтіне төмен концентрацияда өтеді. Цефтриаксонның емшек сүтімен қоректенетін нәрестеге анасы емдік дозада қолданған кезде әсері болуының ықтималдығы аз, дегенмен нәрестеде диарея мен шырышты қабықтың зеңдік инфекцияларының даму қаупін жоққа шығаруға болмайды. Сонымен бірге сенсибилизация мүмкіндігін де ескеру қажет. Емізудің балаға пайдасы мен емнің әйелге пайдасының артықшылығын ескере отырып, баланы емізуді тоқтату немесе цефтриаксонмен емдеуді тоқтату/тоқтата тұру мәселесін шешу керек.
Фертильділік
Репродуктивті зерттеулер ерлер мен әйелдердің фертильділігіне теріс әсер ететіндігін анықтамаған.
Рингер ерітіндісі немесе Хартман ерітіндісі сияқты құрамында кальций бар еріткіштерді, преципитаттар пайда болуы мүмкіндігіне байланысты вена ішіне енгізу үшін цефтриаксон ерітінділерін дайындауда және оларды кейіннен сұйылтуда қолдануға болмайды. Цефтриаксон кальций тұздары преципитаттарының түзілуі бір инфузиялық жүйені қолданған кезде цефтриаксон мен құрамында кальций бар ерітінділерді араластырғанда пайда болуы мүмкін. Цефтриаксонды құрамында кальций бар ерітінділермен, оның ішінде құрамында кальций бар ерітінділердің ұзақ инфузиясы жүргізілетін, мысалы, Y-коннектор пайдаланылатын парентералды қоректендіру кезінде бір мезгілде вена ішіне енгізу үшін қолдануға болмайды. Жаңа туған нәрестелерді қоспағанда, пациенттердің барлық топтарында цефтриаксон мен құрамында кальций бар ерітінділер, егер инфузиялық желілер құю аралықтарында үйлесімді сұйықтықпен мұқият жуып-шайылса, бірінен кейін бірі енгізілуі мүмкін. Ересек адамның қан плазмасын және жаңа туған нәрестенің кіндік қаны плазмасын қолданатын in vitro зерттеулер жаңа туған нәрестелерде цефтриаксон кальций тұздарының пайда болу қаупінің жоғарылауын көрсетеді. Құрамында кальций бар толық парентералды тамақтану ерітінділерін (ТПТ) үздіксіз инфузиялауды қажет ететін пациенттерде медицина қызметкерлері осындай тұнбаның пайда болу қаупі жоқ балама бактерияға қарсы емдеу әдістерін қолдануды қарастыруы керек. Егер үздіксіз тамақтануды қажет ететін пациенттерде цефтриаксонды қолдану қажет деп саналса, ТПТ және цефтриаксон ерітінділерін бір уақытта, бірақ әртүрлі енгізу орны арқылы әртүрлі инфузиялық жүйелермен енгізуге болады. Цефтриаксон инфузиясы кезінде балама ретінде ТПТ ерітіндісінің инфузиясын тоқтатып және ерітінділерді құю аралықтарында инфузиялық жүйелер жуып-шайылса болады.
Пероральді антикоагулянттармен бір мезгілде қолдану ұюға қарсы әсерді және қан кету қаупін күшейтуі мүмкін. ХҚҚ көрсеткішін (халықаралық қалыптасқан қатынас) үнемі бақылап отыру және цефтриаксонмен емдеу кезінде де, сондай-ақ емнен кейін де антикоагулянттардың дозасын сәйкесінше түзету ұсынылады.
Әдебиет деректері негізінде, цефтриаксон амсакринмен, ванкомицинмен, флуконазолмен үйлесімсіз.
Цефалоспориндермен қолданған кезде аминогликозидтердің бүйрек уыттылығын жоғарылату мүмкіндігіне қатысты қарама-қайшы деректер бар. Мұндай жағдайларда клиникалық тәжірибеде аминогликозидтер деңгейінің (және бүйрек функциясының) ұсынылған мониторингі қатаң сақталуы керек. In vitro зерттеуде хлорамфеникол мен цефтриаксонның біріктірілімінде антагонистік әсерлер байқалды. Бұл жағдайдың клиникалық маңыздылығы белгісіз.
Цефтриаксонның құрамында кальций бар пероральді препараттармен өзара әрекеттесуі немесе бұлшықет ішіне енгізуге арналған цефтриаксонның құрамында кальций бар препараттармен (венаішілік немесе пероральді) өзара әрекеттесуі туралы хабарламалар болған жоқ.
Цефтриаксонның үлкен дозаларын және күшті диуретиктерді (мысалы, фуросемид) бір мезгілде қабылдағаннан кейін бүйрек функциясының бұзылуы байқалмады.
Пробенецидті бір мезгілде қабылдау цефтриаксонның шығарылуын төмендетпейді.
Арнаулы сақтандырулар
Цефтриаксон препаратын қабылдамас бұрын сіз нені білуіңіз керек.
Сізге Цефтриаксонды қабылдауға болмайды, егер:
Сізде пенициллинге немесе ұқсас антибиотиктерге (мысалы, цефалоспориндер, карбапенемдер немесе монобактамдар) кенеттен немесе ауыр аллергиялық реакция болған болса. Симптомдарға тамақтың немесе беттің кенеттен ісінуі жатады, бұл тыныс алуды немесе жұтынуды қиындатуы мүмкін, қолдың басы, аяқтың және тобықтың кенеттен ісінуі, кеудедегі ауырсыну және тез дамитын қатты бөртпе болуы мүмкін.
Цефтриаксон терапиясына байланысты терінің ауыр жағымсыз реакциялары (Стивенс-Джонсон синдромы немесе Лайелл синдромы/уытты эпидермальді некролиз) және эозинофилиямен және өмірге қауіп төндіретін немесе өлімге әкелетін жүйелік симптомдармен (DRESS) дәрілік реакция байқалды; дегенмен, бұл құбылыстардың жиілігі белгісіз.
Бүйрек және бауырдың ауыр жеткіліксіздігі
Бүйрек және бауырдың ауыр жеткіліксіздігі кезінде тиімділік пен қауіпсіздікті мұқият клиникалық бақылау ұсынылады. Егер сізде бауыр немесе бүйрек аурулары болса, препаратты қолданар алдында өз дәрігеріңізбен немесе фармацевтпен сөйлесіңіз.
Ұзақ емдеу
Ұзақ мерзімді емдеу кезінде шеткері қанға, бауыр мен бүйректің функционалды жағдайының көрсеткіштеріне үнемі талдау жүргізу қажет.
Холелитиаз
УДЗ кезінде күңгірттену байқалса, цефтриаксон кальций тұздарының преципитаттарының пайда болу ықтималдығын қарастыру қажет. Өт тастары ретінде қате көрінген күңгірттенулер өт қабының УДЗ анықталды және көбінесе цефтриаксонды күніне 1 г және одан жоғары дозада қолданғанда байқалды. Педиатриялық популяцияға ерекше назар аудару керек. Мұндай преципитаттар цефтриаксонмен емдеуді тоқтатқаннан кейін жойылады. Цефтриаксон кальций тұздарының преципитаттарының түзілуі қандай да бір симптомдармен бірге жүруі сирек кездесті. Симптомдар пайда болған жағдайда консервативті хирургиялық емес емдеу ұсынылады, ал цефтриаксонмен емдеуді тоқтатуды дәрігер қаупі мен пайдасын нақты бағалау негізінде қарастыруы керек.
Өттің іркілуі
Цефтриаксонмен емделген пациенттерде өт жолдарының бітелуі нәтижесінде дамуы ықтимал панкреатит жағдайлары тіркелді. Пациенттердің көпшілігінде өт іркілуі мен билиарлы сладждың, мысалы, бұдан бұрынғы негізгі терапия, күрделі ауру және толық парентералды тамақтану сияқты қауіп факторлары болған. Цефтриаксонды қолданған кезде өт шығару жолдарында преципитаттың түзілуін қосымша фактор және туындауының себебі болуын жоққа шығаруға болмайды.
Бактерияға қарсы препараттарды қолдануға байланысты туындаған колит және жалғанжарғақшалы колит, оның ішінде цефтриаксонды қоса барлық дерлік бактерияға қарсы препараттарды қолданғанда тіркелген және ауырлық дәрежесі жеңілден өмірге қауіп төндіретінге дейін өзгеруі мүмкін. Сондықтан цефтриаксонды қолдану кезінде немесе одан кейін диарея болған пациенттерде бұл диагнозды ескеру қажет. Цефтриаксонмен емдеуді тоқтатып, Clostridium difficile арнайы емін тағайындау керек. Ішек перистальтикасын тежейтін дәрілік заттарды қолдануға болмайды.
Басқа бактерияға қарсы препараттарды қабылдаудағы сияқты, сезімтал емес микроорганизмдермен суперинфекциялар пайда болуы мүмкін.
Цефтриаксонмен емдеуді бастағаннан кейін спирохетталардан туындаған инфекциясы бар кейбір пациенттерде Яриш-Герксгеймер (JHR) реакциясы пайда болуы мүмкін. Реакция әдетте өздігінен жойылады немесе симптоматикалық емдеу арқылы тоқтатылуы мүмкін. Реакция пайда болған жағдайда антибиотиктермен емдеуді тоқтатуға болмайды.
Жаңа туған нәрестелердің өкпесі мен бүйректерінде цефтриаксон-кальций преципитаттарының шөгуі нәтижесінде өлімге әкелетін реакциялар жағдайлары сипатталған. Цефтриаксонның вена ішіне енгізуге арналған құрамында кальций бар ерітінділермен енгізу кезінде пациенттердің басқа да жас топтарында өзара әрекеттесуінің теориялық ықтималдығы бар, сондықтан цефтриаксон құрамында кальций бар ерітінділермен (оның ішінде парентералді қоректендіру үшін) араласпауы тиіс, сондай-ақ бір мезгілде енгізілмеуі тиіс, яғни тек дененің әртүрлі бөлігінде инфузиялар үшін бөлек-бөлек енгізу орны арқылы енгізіледі.
Пациенттерде цефтриаксонмен емдеу кезінде Кумбс сынамасының жалған оң нәтижелері байқалуы мүмкін.
Цефтриаксон сонымен қатар галактоземияға жалған оң сынама беруі мүмкін.
Несептегі глюкозаны ферменттік емес әдістермен анықтаған кезде жалған оң нәтижелер алынуы мүмкін, сондықтан цефтриаксонмен емдеу кезінде несептегі глюкозаны ферменттік әдіспен анықтау керек.
Цефтриаксон кейбір қандағы глюкоза мөлшерін бақылау құрылғыларымен алынған гликемия көрсеткіштерінің нақты емес төмендеуін тудыруы мүмкін (қолданылатын құрылғыны қолдану жөніндегі нұсқаулықтағы ұсыныстарды қараңыз). Қажет болса, қандағы глюкозаны анықтаудың балама әдістерін қолдану керек.
Педиатрияда қолдану
Препарат балаларда қолдануға арналған.
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Қаптама макеті
Препаратты Қазақстанда тіркеу кезінде бекітілген қаптама жазбасы. Дереккөз — Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімі.
Әсер етуші заты бірдей препараттар
Іріктеме әсер етуші зат бойынша автоматты түрде жасалады
Дәріхана ассортиментіндегі тауарлардың және олардың қасиеттерінің сипаттамасы танысу үшін берілген және дәрігер кеңесін алмастырмайды. Қаптама ішіндегі парақ-қосымшада өндіруші көрсеткен ақпарат басым болып табылады.
Тауардың сыртқы түрі суреттегіден өзгеше болуы мүмкін. Қарсы көрсетілімдері бар, маманмен кеңесу қажет. Тауарлардың сипаттамалары мен бағасы жария оферта болып табылмайды.