Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Барлық бета-лактамдық бактерияға қарсы дәрілерді қолдану сияқты, кейде өлімге әкелетін аса жоғары сезімталдық реакциялары туралы хабарланды. Аса жоғары сезімталдық реакциялары сонымен қатар миокард инфарктісіне әкелуі мүмкін ауыр аллергиялық реакция - Коунис синдромына дейін өршуі мүмкін. Мұндай реакциялардың алғашқы симптомдары бета-лактамды антибиотиктерге аллергиялық реакциямен байланысты кеуденің ауырсынуын қамтуы мүмкін. Аса жоғары сезімталдық реакциялары дамыған жағдайда цефтриаксонмен емдеуді дереу тоқтатып, талапқа сай шұғыл шараларды қабылдау керек. Емдеуді бастамас бұрын пациент анамнезінде цефтриаксонға, басқа цефалоспориндерге немесе бета-лактамды препараттардың кез келген басқа түріне аса жоғары сезімталдық реакцияларының бар-жоғын анықтау керек. Анамнезінде басқа бета-лактамдық препараттарға ауыр емес аса жоғары сезімталдығы бар пациенттерге цефтриаксонды тағайындағанда сақ болу керек.
Бета-лактамдық антибиотиктерді, соның ішінде цефтриаксон қабылдаған пациенттерде Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз, жүйелі симптомдармен дәріге байланысты эозинофилия (DRESS-синдром), Яриш-Герксгеймер реакциясы (JНR, Jarisch–Herxheimer reaction), мультиформалы эритема және жедел жайылған экзантематозды пустулез (AGEP, Acute Generalized Exanthematous Pustulosis) сияқты терінің ауыр жағымсыз реакциялары (SCAR, Severe Cutaneous Adverse Reactions) тіркелді. Аса жоғары сезімталдық реакциялары сондай-ақ миокард инфарктісіне соқтыруы мүмкін ауыр аллергиялық реакция - Коунис синдромына әкелуі мүмкін. Бұндай реакциялардың алғашқы симптомдары бета-лактамды антибиотиктерге болатын аллергиялық реакцияларға байланысты кеуденің ауыруын қамтуы мүмкін. Мұндай реакциялар туындаған кезде Цеф III® препаратын қабылдауды дереу тоқтатып, баламалы ем қолдану мүмкіндігін қарастыру керек. Аса жоғары сезімталдық реакциялары (анафилаксиялық шокқа дейін болатын) лидокаиннан (бұлшықет ішіне енгізуге арналған еріткіш құрамындағы) туындауы ықтимал.
Құрамында кальций бар препараттармен өзара әрекеттесуі
Шала туған және мерзімі толық жетіп жаңа туған 1 айға толмаған нәрестелердің өкпесінде және бүйрегінде кальций-цефтриаксон шөгіндісінен өлім реакциялары сипатталған. Олардың кем дегенде біреуі цефтриаксон мен кальцийді әртүрлі уақытта және түрлі тамшылатқыш арқылы қабылдады.
Қолда бар ғылыми деректер бойынша цефтриаксон және құрамында кальций бар ерітінділер немесе құрамында кальций бар кез келген басқа препараттар алған жаңа туған нәрестелерден басқа науқастарда расталған тамыр ішілік преципитаттар туралы хабарламалар жоқ. In vitro зерттеулері нәрестелерде басқа жас топтарымен салыстырғанда цефтриаксон-кальцийдің шөгу қаупі жоғары екенін көрсетті. Жаңа туған нәрестелерде басқа жас тобындағы пациенттермен салыстырғанда цефтриаксонның кальцийлі тұздары шөгіндісінің пайда болу қаупі жоғары.
Кез келген жастағы пациенттерде Цеф III® құрамында кальций бар кез келген венаішілік ерітінділермен, тіпті әр түрлі инфузиялық жүйелердің көмегімен немесе инфузияны әр түрлі орынға араластыруға немесе бір мезгілде енгізуге болмайды. Алайда, 28 күндік жастан асқан жаңа туған нәрестелерде Цеф III®және құрамында кальций бар ерітінділерді, егер инфузиялық жүйелер әр түрлі учаскелерде пайдаланылса, немесе инфузиялық жүйелер алмастырылса немесе шөгінді болдырмау үшін физиологиялық тұз ерітіндісімен инфузия арасында мұқият жуылса, бірінен соң бірін бірізді енгізуге болады.
Егер Цеф III® пайдалану кальцийі бар ерітіндімен (ТPN) толық парентеральді қоректендірудің үздіксіз инфузиясындағы пациент үшін қажет деп есептелсе, әр түрлі инфузиялық жүйелердің көмегімен және әр түрлі орындарға енгізуге болады. Балама ретінде ТPN ерітіндісінің инфузиясын цефтриаксонды құю кезінде тоқтатуға болады, ал инфузиялық жүйелерді ерітінділер арасында жууға болады.
Протромбин уақытының ұзаруы
Цефтриаксон протромбин уақытын ұзартуы мүмкін. K дәруменінің тапшылығына күдіктенген жағдайда протромбин уақытын бақылау ұсынылады.
Жаңа туған нәрестелер, балалар мен жасөспірімдер
Цефтриаксонды құрамында кальций бар ерітінділермен, тіпті егер ерітінділер әртүрлі инфузиялық желілердің көмегімен енгізілсе де, араластыруға немесе бір мезгілде енгізуге болмайды.
Тіпті әртүрлі инфузиялық желілерді пайдаланғанның және цефтриаксон мен құрамында кальций бар ерітінділерді әртүрлі уақытта енгізгеннің өзінде, жаңа туған нәрестелердің өкпесі мен бүйрегінде цефтриаксон-кальций преципитаттарының түзілуінің нәтижесінде өліммен аяқталған жағдайлар сипатталған. Сондықтан, құрамында кальций бар вена ішілік кальций ерітінділерін жаңа туған нәрестелерге, Цеф III® препаратын соңғы рет енгізгеннен кейін кем дегенде 48 сағаттың ішінде енгізуге болмайды.
Әртүрлі жас топтарындағы пациенттерде цефтриаксонды және құрамында кальций бар вена ішілік ерітінділерді бір мезгілде қолданудан кейін цефтриаксон-кальций преципитаттарының түзілу жағдайлары белгісіз. Дегенмен, оларды барлық пациенттерде бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.
Аутоиммундық гемолиздік анемия
Басқа цефалоспориндерді қолданғандағы сияқты, Цеф III® препаратымен емдеу кезінде аутоиммундық гемолиздік анемия дамуы мүмкін. Ересектер мен балаларда ауыр, соның ішінде өлімге соқтырған гемолиздік анемия жағдайлары тіркелген. Цеф III® препаратымен емделіп жүрген пациентте анемия дамыған жағдайда, цефалоспоринмен астасқан анемия диагнозын жоққа шығаруға болмайды және себебі анықталғанға дейін емдеуді тоқтата тұру қажет.
Қан талдауының мониторингі
Ұзақ уақыт емдегенде қанның кеңейтілген талдауын жүйелі түрде жүргізіп отыру керек.
Колит/Сезімтал емес микроорганизмдердің шамадан тыс көбеюі
Цефтриаксонды қоса, антибиотиктердің барлығын дерлік қолданған жағдайда, антибиотикпен астасқан колит пен жалғанжарғақшалы колит тіркелген, және ауырлығы жағынан жеңілден өмірге қауіп төндіретінге дейін ауытқып отыруы мүмкін.
Бактерияға қарсы препараттармен емдеу тоқ ішектің қалыпты микрофлорасын бәсеңдетеді және. С. difficile өсуіне түрткі болады
С. difficile CDAD патогенезінің факторлары болып табылатын А және B токсиндерін өндіреді. Токсиндерді көп өндіретін С. difficile штамдары, олардың микробқа қарсы емге төзімді болуы мүмкіндігі салдарынан, асқынулар мен өлім қаупі жоғары инфекциялардың қоздырғыштары болып табылады, ал емі колоноэктомияны қажет етуі мүмкін. Антибиотиктермен емдеуден кейінгі диареясы бар пациенттердің барлығында CDAD диагнозын қарастыру керек. Егжей-тегжейлі анамнез жинақтау қажет, өйткені, бактерияға қарсы емнен кейін 2 ай өткен соң CDAD дамыған жағдайлар туралы хабарланған. CDAD күдік туындаған немесе расталған жағдайда, ағымдағы, С. difficile-ге бағытталмаған антибиотиктермен емді тоқтату қажет болуы мүмкін. Клиникалық көрсетілімдері бар болса, сұйықтықтар мен электролиттерді, ақуыздарды және С. difficile-ге қатысты тиімді бактерияға қарсы препараттарды енгізумен тиісінше ем, хирургиялық емдеу тағайындалуы тиіс.
Ішек перистальтикасын бәсеңдететін препараттарды қолдануға болмайды.
Суперинфекциялар
Цеф ІІІ® препаратын ұзақ уақыт қолданғанда сезімтал емес қоздырғыштардың саны артуы мүмкін. Осыған байланысты пациентті мұқият қадағалау қажет. Егер емдеу кезінде суперинфекция дамыса, тиісті шараларды қабылдау қажет.
Бүйрек пен бауырдың ауыр жеткіліксіздігі
Бүйрек пен бауырдың ауыр жеткіліксіздігі кезінде қауіпсіздігі мен тиімділігін клиникалық бақылау ұсынылады. Цефтриаксонды бір мезгілде аминогликозидтер мен диуретиктерді қабылдайтын, бүйрек функциясы бұзылуы бар пациенттерде қолданған кезде сақ болу керек
Серологиялық тесттерге ықпалы
Кумбс тесттеріне ықпалы туындауы мүмкін, өйткені Цеф III® сынақтардың жалған оң нәтижелеріне алып келуі мүмкін. Цеф III® галактоземияға жүргізілетін сынақтардың да жалған оң нәтижелеріне алып келуі мүмкін. Несептегі глюкозаны анықтаудың ферменттік емес әдістері жалған оң нәтижелер беруі мүмкін. Цеф III® емі кезінде несептегі глюкоза деңгейін анықтау ферменттік әдіспен жүргізілуі тиіс.
Цефтриаксон қандағы глюкозаның кейбір мониторинг жүйелерінде қандағы глюкоза деңгейінің жалған төмендеуін тудыруы мүмкін. Тиісті өлшеу жүйесін қолдану жөніндегі нұсқаулықты сақтау қажет. Қажет болса, зерттеудің баламалы әдістерін қолдану керек.
Цефтриаксонның әсер ету ауқымы
Цефтриаксонның әсер ету ауқымы шектеулі және патогендік агенті сәйкестендірілген жағдайлардан басқасында, Цеф III® препаратымен монотерапия бактериялардың кейбір типтеріне қатысты тиімсіз болуы мүмкін. Цефтриаксонға резистентті штаммдар қатысқан полимикробтық инфекция кезінде Цеф III® препаратына қосымша антибиотикті енгізуді қарастыру керек.
Лидокаинге қатысты сақтық шаралары (бұлшықет ішіне инъекцияға арналған еріткіш құрамындағы)
Лидокаин сияқты жергілікті анестетиктерді қолданудан болатын күрделі жағымсыз реакциялар қаупі келесі жағдайларда жоғарылайды:
• егде жастағы пациенттерде
• денсаулығының жалпы жағдайы нашар пациенттерде
• атриовентрикулярлық блокадасы болғанда (өйткені жергілікті анестетиктер атриовентрикулярлық өткізгіштікті бәсеңдетуі мүмкін)
• бауырдың ауыр ауруы болғанда
• бүйректің ауыр жеткіліксіздігі жағдайы болғанда.
Бұл жағдайларда Цеф III® (лидокаин еріткішімен) бұлшықет ішіне инъекцияларын ерекше сақтықпен жүргізу керек.
III класты аритмияға қарсы препараттарды (мысалы, амиодарон) қабылдайтын пациенттер бақылауда болуы тиіс және ЭКГ мониторингі мүмкіндігін қарастырған жөн, өйткені жүрекке әсері аддитивті болуы мүмкін.
Бас және мойын аймағына құрамында лидокаин бар ерітінділерді енгізу, тіпті егер олар артерия ішіне кездейсоқ, төмен дозаларда енгізілсе де орталық жүйке жүйесі тарапынан симптомдар тудыруы мүмкін.
Лидокаин
Медицина қызметкерлері үшін берілген ақпаратта келтірілген лидокаин туралы барлық ақпарат жалпы сипатта болады және цефтриаксонды бұлшықет ішіне енгізуге нақты қатысты емес.
Цефтриаксонды бұлшықет ішіне енгізуге арналған еріткіш құрамында жергілікті анестетик (лидокаин) бар. Жергілікті анестетиктерді қолданатын дәрігерлердің тәжірибесі жеткілікті болуы тиіс және болуы мүмкін жағымсыз әсерлерді (жүйелік уыттылықты қоса) немесе асқынуларды диагностикалау мен емдеумен таныс болуы керек. Қажетті жабдықтар мен реанимациялық препараттар тікелей жақын жерде болуы тиіс. Лидокаинді (бұлшықетішілік инъекцияға арналған еріткіштегі) қолдану кезінде миастениясы, эпилепсиясы, миокард өткізгіштігінің бұзылуы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, брадикардия немесе тыныс алу жеткіліксіздігі бар пациенттерді емдеу кезінде сақ болу керек. Лидокаинмен өзара әрекеттесетін және оның биожетімділігінің артуына, әсерлерінің күшеюіне (мысалы, фенитоин) немесе шығарылуы ұзаруына (мысалы, лидокаин метаболиттері жинақталуы мүмкін бауыр немесе терминалдық бүйрек жеткіліксіздігі кезінде) әкелетін препараттармен біріктірілімде. Лидокаинді бұлшық етке енгізгенде креатининфосфокиназаның плазмалық белсенділігі жоғарылауы мүмкін, бұл жедел миокард инфарктісін диагностикалауды қиындатуы мүмкін. Порфириясы бар пациенттерде лидокаинді қолдану пайда мен қауіп арақатынасын мұқият бағалай отырып, аса сақтықпен жүруі тиіс. Жаңа туған нәрестелерде құрысулар мен аритмия сияқты уыттылықты болдырмауға мүмкіндік беретін лидокаиннің оңтайлы сарысулық концентрациясы анықталған жоқ.
Құрамында лидокаин бар Цеф III® ерітінділерін тек бұлшықет ішіне енгізу керек. Лидокаинді қолдануға болмайтын жағдайлар лидокаинді медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта келтірілген.
Лидокаинде сұйылтылған Цеф III® препаратын 15 жасқа толмаған балаларға қолдануға болмайды.
Еріткіш ретінде лидокаинді қолданғанда, 15 жастан асқан адамдарда лидокаинге терінің ішіне аллергия сынамасын жүргізу ұсынылады.
Лидокаин ерітіндісін вена ішіне енгізуге болмайды.
Кальций-цефтриаксон преципитаттары
Цефтриаксонды, әдетте, ұсынылған стандартты (тәулігіне 1 г және одан көп) дозаларынан артық дозаларда қолданғаннан кейін, өт қалтасын ультрадыбыстық зерттеу кезінде цефтриаксонның кальций тұзының преципитаттары анықталды, олардың бала жастағы пациенттерде түзілуі ықтималдау. Преципитаттар қандай-да бір симптоматикасын сирек жағдайда білдіреді және Цеф III® препаратымен емдеу аяқталғаннан немесе тоқтатылғаннан кейін жоғалып кетеді. Егер аталған құбылыстар клиникалық симптоматикамен қатар жүрсе, хирургиялық емес дағдылы ем ұсынылады, ал препаратты тоқтату туралы шешім емдеуші дәрігердің қарастыруына қалдырылады және пайдасы мен қаупін жекелей бағалауға негізделуі тиіс.
Панкреатит
Цефтриаксон қабылдаған пациенттерде шығу тегі билиарлық-обструкциялық болуы мүмкін панкреатит жағдайлары тіркелген. Оларда билиарлық стаз бен билиарлық сладждың қауіп факторлары, мысалы, осының алдындағы ауқымды ем, ауыр ауру және парентералдық қоректендіру болған. Цеф III® билиарлық шөгумен байланысты триггерлер немесе кофакторларды жоққа шығаруға болмайды.
Бүйректе тастардың түзілуі
Бүйрек тастары түзілген жағдайлар туралы хабарланған, олар цефтриаксонды қабылдауды тоқтатқаннан кейін қайтымды болған. Симптоматикалық жағдайларда сонография жүргізген дұрыс. Анамнезінде бүйрек тастарының түзілуі немесе гиперкальциуриясы бар пациенттерде пайдаланылуын дәрігер пайдасы-қаупін арнайы бағалаудың негізінде қарастыруы тиіс.
Яриш-Герксгеймер реакциясы (JHR)
Цефтриаксонмен емдеуден кейін көп ұзамай, спирохеталардан туындаған инфекциясы бар кейбір пациенттерде Яриш-Герксгеймер реакциясы (JHR) туындауы мүмкін. Реакция әдетте өздігінен басылады, немесе симптоматикалық ем арқылы басуға болады. Реакция туындаған жағдайда, антибиотиктермен емдеуді тоқтатпау керек.
Энцефалопатия
Цефтриаксонды қолдану кезінде энцефалопатия туралы, әсіресе бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар немесе орталық жүйке жүйесінің бұзылыстары бар егде жастағы адамдарда хабарланды. Егер цефтриаксонмен байланысты энцефалопатияға күдік болса (мысалы, сананың деңгейі төмендеуі, психикалық жай-күйдің өзгеруі, миоклонус, құрысулар), цефтриаксонды қабылдауды тоқтату туралы мәселені қарастыру керек.
Үйлесімсіздік
Цеф III® басқа антибиотиктермен қолдану жоспарланып отырған жағдайларда инфузия үшін бір шприцті немесе сол бір ерітіндіні қолдануға рұқсат етілмейді.
Цеф III® препараты амсакринмен, ванкомицинмен, флуконазолмен және аминогликозидтермен үйлесімсіздігі бар.
Цефтриаксонның кальций тұздары преципитаттары түзілуінің ықтималдығына байланысты, Рингер ерітіндісі немесе Хартман ерітіндісі сияқты, құрамында кальций бар ерітінділерді, құтыдағы цефтриаксонды еріту үшін немесе вена ішіне енгізуге арналған қалпына келтірілген ерітіндіні сұйылту үшін пайдалануға болмайды. Цефтриаксонның кальций тұздары преципитаттарының түзілуі, сондай-ақ вена ішіне енгізуге арналған бір инфузиялық жүйеде цефтриаксонды құрамында кальций бар ерітінділермен араластырған кезде орын алуы мүмкін. Цефтриаксонды құрамында кальций бар ерітінділермен соның ішінде, құрамында кальций бар, ұзаққа созылатын инфузиялармен мысалы, парентералдық қоректендіру кезінде бір мезгілде енгізуге болмайды .
Үйлесімсіз болуы мүмкіндігін ескере отырып, құрамында цефтриаксон бар ерітінділерді дайындау кезінде де, енгізгенде де, құрамында басқа антибиотиктер бар ерітінділермен араластыруға болмайды.
Натрий
Цеф III® препаратының әр грамында 3,6 ммоль натрий бар. Мұны натрий мөлшері бақыланатын диета ұстап жүрген пациенттер ескеруі керек.
Арнайы сақтандырулар
Балалар
Цеф III® препаратының жаңа туған нәрестелердегі, емшектегі балалар мен кішкентай балалардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі «Қолдану жөніндегі нұсқаулар» бөлімінде сипатталған дозалары үшін анықталды. Зерттеулер цефтриаксонның басқа цефалоспориндер сияқты, билирубинді сарысу альбуминімен байланыстан ығыстыруы мүмкіндігін көрсетті.
Цеф III® препаратын жаңа туған, әсіресе, билирубиндік энцефалопатия қаупі бар шала туған нәрестелерде қолдануға болмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Цеф III® препаратымен емдеу кезінде көлік құралдары мен механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі мүмкін бас айналуының және басқа жағымсыз реакциялардың туындауы мүмкіндігіне байланысты сақтық таныту керек