Фторхинолондық антибиотиктер пайдаланылмауы тиіс:
- ауыр емес және бактерияға қарсы емдеусіз жақсаруы мүмкін инфекцияларды (мысалы, ауызжұтқыншақ инфекцияларын) емдегенде
- бактериялық емес инфекцияларды, мысалы, бактериялық емес (созылмалы) простатитті емдеуде;
- саяхатшылар диареясын немесе төменгі несеп шығару жолдарының қайталанатын инфекцияларын (қуықтан тыс таралмайтын инфекциялар) болдырмау үшін;
- орташа бактериялық инфекцияларды емдеу үшін, егер әдетте ұсынылатын, бактерияға қарсы басқа дәрілерді пайдалану мүмкін болмаса.
Фторхинолондық антибиотиктерді, әсіресе, егде жастағы адамдарда, бүйрек аурулары бар пациенттерде, жүйелі кортикостероидтармен ем қабылдап жүрген пациенттерде; ағзалар трансплантациясынан кейінгі пациенттерде ерекше сақтықпен пайдалану керек. Осы пациенттерде фторхинолондық және хинолондық антибиотиктермен емдеу нәтижесінде туындауы мүмкін сіңір зақымдануының қаупі жоғары.
Арнайы сақтандырулар
Құрамында хинолон немесе фторхинолон бар препараттарды пайдаланғанда бұрын күрделі жағымсыз реакцияларды бастан өткерген пациенттерде ципрофлоксацинді пайдаланбау керек. Осындай пациенттерді ципрофлоксацинмен емдеуді тек баламалы емдеу нұсқалары болмағанда және пайда-қауіп арақатынасын мұқият бағалаудан кейін ғана бастау керек.
Ауыр инфекциялар және грам-оң және анаэробты патогендермен аралас инфекциялар
Ципрофлоксацин монотерапиясы ауыр инфекцияларды және грам-оң немесе анаэробты патогендер туғызуы мүмкін инфекцияларды емдеуге сай келмейді. Осындай инфекцияларда ципрофлоксацинді бактерияға қарсы басқа тиісті агенттермен бірге енгізу керек.
Стрептококк инфекциялары (Streptococcus pneumonia қоса)
Ципрофлоксацин, жеткіліксіз тиімділігіне орай, стрептококк инфекцияларын емдеуге ұсынылмайды.
Жыныс жолдарының инфекциялары
Эпидидимоорхит және кіші жамбас ағзаларының қабыну ауруларын фторхинолонға төзімді Neisseria gonorrhoeae тудыруы мүмкін. Егер ципрофлоксацинге Neisseria gonorrhoeae төзімділігін жоққа шығаруға болмаса, эпидидимоорхит пен жамбастың қабыну аурулары кезінде ципрофлоксацинді сай келетін басқа бактерияға қарсы препараттармен (мысалы, цефалоспорин) біріктірілімде қолданылуы ғана қарастырылу керек. Егер 3 күн емдеуден кейін клиникалық жақсаруға қол жеткізілмесе, ем қайта қаралу керек.
Несеп шығару жолдарының инфекциялары
Фторхинолондарға несеп шығару жолдары инфекцияларын туғызатын ең көп таралған патоген – Escherichia coli төзімділігі өзгеріп отырады. Ішек таяқшасының фторхинолондарға төзімділігінің жергілікті таралуына көңіл бөлуге кеңес беріледі.
Интраабдоминальді инфекциялар
Ципрофлоксациннің операциядан кейінгі құрсақішілік инфекцияларды емдеу тиімділігі туралы шектеулі деректер бар.
Саяхатшылар диареясы
Емдеу үшін ципрофлоксацинді таңдауда сапарлап барған елдердегі сәйкесінше патогендердің ципрофлоксацинге төзімділігі туралы ақпарат ескерілуі тиіс.
Сүйектер мен буындардың инфекциялары
Ципрофлоксацинді микробиологиялық сезімталдық нәтижелеріне қарай микробқа қарсы басқа препараттармен біріктірілімде пайдалану керек.
Сібір ойық жарасының ингаляциялық түрі
Емдеуші дәрігерлер сібір ойық жарасын емдеуге қатысты ұлттық және/немесе халықаралық келісілген құжаттарға сүйенуі тиіс.
Муковисцидоз кезіндегі бронх-өкпе инфекциялары
Клиникалық деректерде 5-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қамтылды. 1-ден 5 жасқа дейінгі балаларды емдеу тәжірибесі тым шектеулі.
Несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары және пиелонефритНесеп шығару жолдарының инфекцияларын ципрофлоксацинмен емдеу басқа емдеу әдістерін пайдалануға болмайтын жағдайларда қарастырылу керек және микробиологиялық деректер нәтижелеріне негізделуі тиіс.
Басқа спецификалық ауыр инфекциялар
Ресми нұсқауға сәйкес немесе басқа емдеу әдістерін пайдалануға болмағанда, қаупі мен пайдасын мұқият бағалаудан кейінгі немесе дәстүрлі емнен бас тартудан кейінгі және микробиологиялық деректер ципрофлоксацин пайдаланылуын растауы мүмкін болған кездегі басқа ауыр инфекциялар. Ципрофлоксацинді жоғарыда аталғандарынан ерекшеленетін ауыр инфекцияларда пайдаланудың шектеулі клиникалық қолдану тәжірибесі бар. Сондықтан, осы инфекцияларға шалдыққан пациенттерді емдеу кезінде сақ болуға кеңес беріледі.
Аса жоғары сезімталдық
Аса жоғары сезімталдық және анафилаксия мен анафилактоидтық реакцияларды қоса, аллергиялық реакциялар бір реттік дозаны қабылдаудан кейін туындауы және өмірге қатер төндіруі мүмкін. Егер осындай реакция болса, ципрофлоксацинді қолдануды тоқтату керек және тиісті ем жүргізу қажет.
Ұзаққа созылатын, мүгедектікке ұшырататын және қайтымсыз болуы ықтимал жағымсыз реакциялар
Хинолондар мен фторхинолондар қабылдайтын пациенттерде, олардың жасына және бұрын болған қауіп факторларына қарамастан, әртүрлі, кейде организмнің көптеген жүйелеріне ықпал ететін (тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі, психиатриялық бұзылыстар), ұзаққа созылатын (бірнеше ай немесе жыл бойы жалғасатын), өтпелі және қайтымсыз болуы ықтимал күрделі жағымсыз реакциялардың өте сирек жағдайлары тіркелді. Кез келген күрделі жағымсыз реакцияның алғашқы белгілері немесе симптомдарында ципрофлоксацинді қолдануды дереу тоқтатқан дұрыс, ал пациенттерге өз дәрігерімен кеңесуді ұсыну керек.
Тендинит және сіңірдің үзілуі
Ципрофлоксацин, әдетте, сырқатнамасында хинолондармен емдеуге байланысты сіңір бұзылыстары бар пациенттерде пайдаланылмауы тиіс. Дегенмен, өте сирек жағдайларда, патогенді микроорганизмді микробиологиялық бағалаудан және қауіп/пайда теңгерімін бағалаудан кейін ципрофлоксацинді осы пациенттерге кейбір ауыр инфекцияларды емдеу үшін, әсіресе, стандартты емнен бас тарту жағдайында немесе микробиологиялық деректер ципрофлоксацинді пайдалануды ақтауы мүмкін болғанда тағайындауға болады.
Тендиниттер мен сіңірлердің (әсіресе, ахилл сіңірінің), кейде екіжақты үзілуі ципрофлоксацин қолданылғанда тіпті емдеудің алғашқы 48 сағаты ішінде туындауы мүмкін. Сіңірлердің қабынуы мен үзілуі ципрофлоксацинмен емді тоқтатқаннан кейін тіпті бірнеше ай өткен соң да туындауы мүмкін. Егде жастағы пациенттерде немесе бір мезгілде кортикостероидтармен емделген пациенттерде тендинопатия қаупі артуы мүмкін. Ципрофлоксацинді кортикостероидтармен бір мезгілде пайдаланбау керек.
Тендиниттің кез келген белгілері (мысалы, ауырсынумен ісіну, қабыну) жағдайларында ципрофлоксацинмен емдеуді тоқтату керек. Зақымданған қол-аяқтың тыныштық күйінде болуын қадағалау қажет. Егер тендинопатия белгілері пайда болса, кортикостероидтар пайдаланылмауы тиіс.
Миастения
Ципрофлоксацинді миастениясы бар пациенттерде сақтықпен пайдаланылу керек, өйткені симптомдары өршуі мүмкін.
Аневризма және қолқаның ажырауы, сондай-ақ жүрек клапандарының регургитациясы/жеткіліксіздігі
Эпидемиологиялық зерттеулерде фторхинолондарды қабылдаудан кейін, әсіресе, егде жастағы адамдарда аневризманың және қолқа ажырауының, сондай-ақ қолқа және митральді клапан регургитациясының жоғарылау қаупі хабарланды. Фторхинолондар қабылдау кезінде аневризма және қолқаның қатпарлануы, кейде үзілумен асқынған (оның ішінде өліммен аяқталған), сонымен қатар жүрек клапандарының кез келгенінің регургитациясы/жеткіліксіздігі болған жағдайлар тіркелді.
Демек, аневризмаға немесе жүрек клапандарының туа біткен ақауына қатысты күрделі отбасылық анамнезі бар пациенттерде, анамнезінде аневризма және/немесе қолқа ажырауы немесе жүрек клапандарының жеткіліксіздігі бар пациенттерде, сондай-ақ аневризма және қолқа қатпарлануы кезіндегі басқа қауіп факторлары немесе екі жағдайда да бейімдейтін жай-күйлері болғанда, сондай-ақ жүрек клапандарының регургитациясы/жеткіліксіздігінде (мысалы, Марфан синдромы немесе Элерс-Данлос синдромы, Тернер синдромы, Бехчет ауруы, артериялық гипертензия, ревматоидтық артрит сияқты дәнекер тіндер тарапынан бұзылулары), сонымен қатар аневризма мен қолқа ажырауында (мысалы, Такаясу артериті немесе алып жасушалы артерит немесе белгілі атеросклероз немесе Шегрен синдромы сияқты тамыр аурулары), сондай-ақ жүрек клапандарының регургитациясы/жеткіліксіздігінде (мысалы, инфекциялық эндокардит) фторхинолондарды пайда-қауіп арақатынасын мұқият бағалаудан кейін және басқа емдік мүмкіндіктерді қарастырудан кейін ғана пайдалану керек.
Аневризма және қолқа ажырауының, сондай-ақ үзілу қаупі жүйелі кортикостероидтармен бір мезгілде емделіп жүрген пациенттерде де жоғары болуы мүмкін.
Іштің, кеуденің немесе арқаның кенеттен ауыруы жағдайында пациенттерге шұғыл көмек алу үшін дәрігерге дереу қаралуға кеңес беру керек.
Пациенттерге жедел ентігу, алғаш туындаған жүректің жиі соғуы, сондай-ақ құрсақ қуысының немесе аяқтың ісінуі дамыған жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгінуге кеңес беру керек.
Көрудің бұзылулары
Егер көру нашарлап кетсе немесе көзге қандай-да бір әсер сезілсе, дереу офтальмолог-дәрігерге қаралу керек.
Жарыққа сезімталдық
Ципрофлоксацин фотосезімталдық реакцияларын тудырады. Ципрофлоксацинді қабылдап жүрген пациенттер емделу кезінде тікелей түсетін немесе қарқынды күн сәулесі әсерінен, немесе ультракүлгін сәулелерден сақтануы керек.
Құрысулар
Ципрофлоксациннің, басқа да хинолондар сияқты, құрысуларды тудыратыны немесе құрысу шегін төмендететіні белгілі. Эпилепсиялық статус жағдайлары мәлімделмеді. Ципрофлоксацинді құрысуларға бейім болуы мүмкін орталық жүйке жүйесінің бұзылулары бар пациенттерде сақтықпен пайдалану керек. Құрысулар туындаған жағдайда ципрофлоксацин қолдануды тоқтату керек.
Шеткері невропатия
Хинолондар мен фторхинолондар қабылдайтын пациенттерде парестезия, гипестезия, дизестезияға немесе әлсіздікке алып келетін сенсорлық немесе сенсомоторлық полиневропатия жағдайлары хабарланды. Ципрофлоксацинмен емдеуден өтетін пациенттерге, егер ауырсыну, ашыту, шаншу, ұйып қалу немесе әлсіздік сияқты нейропатия симптомдары дамыса, ықтималдығы зор қайтымсыз жай-күй дамуын болдырмау үшін емдеуді жалғастырар алдында өз дәрігерін хабарландыруға кеңес беру керек.
Психиатриялық реакциялар
Психиатриялық реакциялар тіпті ципрофлоксацинді алғаш қабылдаудан кейін де туындауы мүмкін. Сирек жағдайларда депрессия немесе психоз өзін-өзі өлтіруге әрекеттенумен немесе жүзеге асқан өзін-өзі өлтірумен аяқталатын суицидтік ойларға ұласуы мүмкін. Осындай жағдайлар туындаған жағдайда ципрофлоксацин тоқтатылуы керек.
Жүрек тарапынан бұзылулар
Ципрофлоксацинді қоса, фторхинолондарды QT аралығын ұзартатын белгілі қауіп факторлары бар пациенттерде пайдаланғанда сақ болу керек, мысалы:
- туа біткен QT аралығының ұзаруы синдромы
- QT аралығын ұзартатыны белгілі препараттарды қатарлас қолдану (мысалы, аритмияға қарсы I және III класс дәрілері, трициклдық антидепрессанттар, макролидтер, психозға қарсы дәрілер)
- түзетілмеген электролит теңгерімсіздігі (мысалы, гипокалиемия, гипомагниезия)
- жүрек тарапынан аурулар (мысалы, жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, брадикардия)
Егде жастағы пациенттер мен әйелдер QT аралығын ұзартатын препараттарға өте сезімтал болуы мүмкін. Сондықтан аталған қауымдарда, ципрофлоксацинді қоса, фторхинолондарды пайдаланғанда сақтық шарасын қадағалау керек.
Гипогликемия/гипергликемия
Барлық хинолондар жағдайындағы сияқты, әдетте, пероральді гипогликемиялық дәрімен (мысалы, глибенкламид) немесе инсулинмен қатар емделіп жүрген диабет бар егде жастағы пациенттерде әрі гипогликемияны, әрі гипергликемияны қоса, қандағы глюкоза деңгейінің бұзылулары хабарланды. Гипогликемиялық кома жағдайлары мәлімделмеді. Диабетке шалдыққан пациенттерде қандағы глюкоза деңгейіне мониторинг жүргізу ұсынылады.
Асқазан-ішек жүйесі
Емдеу кезінде немесе одан кейін (оның ішінде, емдеуден кейін бірнеше аптадан соң) ауыр және тұрақты диареяның пайда болуы шұғыл емдеуді талап ететін антибиотикпен байланысты (өліммен аяқталу мүмкіндігімен өмірге қауіп төндіретін) колитті көрсетуі мүмкін. Ондай жағдайларда ципрофлоксацин қабылдауды дереу тоқтату және тиісті емді бастау керек. Бұл жағдайда перистальтикаға қарсы препараттар қарсы көрсетілімді.
Несеп шығару жүйесі
Ципрофлоксацинді пайдаланумен байланысты кристаллурия туралы хабарланды. Ципрофлоксацин қабылдап жүрген пациенттер жақсы гидратациялануы тиіс және несептің шектен тыс сілтілі болуынан сақтану керек.
Бүйрек функциясының бұзылулары
Ципрофлоксацин организмнен елеулі дәрежеде бүйрек жолы арқылы өзгеріссіз шығарылатындықтан, бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде ципрофлоксациннің жинақталуы салдарынан препараттың жағымсыз реакцияларының артуын болдырмас үшін дозасын түзету қажет.
Гепатобилиарлық жүйе
Ципрофлоксацин қабылдау кезінде бауыр некрозы және өмірге қатерлі бауыр жеткіліксіздігі жағдайлары хабарланды. Бауыр ауруының қандай да бір белгілері мен симптомдары жағдайында (анорексия, сарғаю, несептің қараюы, қышыну немесе құрсақ қуысының нәзіктігі сияқты) емдеуді тоқтату керек.
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа жеткіліксіздігі
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы бар пациенттерде ципрофлоксацинге гемолиздік реакциялар туралы хабарланды. Бұл пациенттерде, егер ықтималды пайдасы мүмкін болатын қауіптен артық болмаса, ципрофлоксацин қабылдамау керек. Бұл жағдайда гемолиздің туындау ықтималдығын қадағалау керек.
Резистенттілік
Ципрофлоксацинмен емдеу курсы кезінде немесе одан кейін ципрофлоксацинге төзімділік танытатын бактериялар клиникалық тұрғыдан айқын суперинфекциямен немесе онсыз бөлінуі мүмкін. Ұзақ уақыт емдеу кезінде және ауруханаішілік инфекцияларды және/немесе Staphylococcus және Pseudomonas түрлері туғызған инфекцияларды емдегенде ципрофлоксацинге резистентті бактерияларды таңдау белгілі бір қауіп туындатуы мүмкін.
P450 цитохромы
Ципрофлоксацин CYP1A2-ні тежейді және осылайша бір мезгілде енгізілген, осы ферментпен метаболизденетін заттардың (мысалы, теофиллин, клозапин, оланзапин, ропинирол, тизанидин, дулоксетин, агомелатин) сарысудағы жоғары концентрациясына түрткі болуы мүмкін. Ципрофлоксацин мен тизанидинді бірге енгізу қарсы көрсетілімді. Сондықтан, осы заттарды ципрофлоксацинмен бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге артық дозаланудың клиникалық белгілерін мұқият қадағалау керек және сарысудағы концентрацияларын (мысалы, теофиллиннің) анықтау қажет болуы мүмкін.
Метотрексат
Ципрофлоксацинді метотрексатпен қатарлас пайдалану ұсынылмайды.
Зертханалық тестілермен өзара әрекеттесуі
Ципрофлоксациннің Mycobacterium tuberculosis қарсы in vitro белсенділігі ципрофлоксацин қабылдайтын пациенттерде бактериологиялық тестінің жалған теріс нәтижелерін беруі мүмкін.
Инъекция орнындағы реакция
Ципрофлоксацин вена ішіне енгізілгенде жергілікті венаішілік реакциялар туралы хабарланды. Егер инфузия уақыты 30 минутқа созылса немесе одан аз болса, бұл реакциялар жиірек болады. Олар инфузия аяқталған соң тез басылатын жергілікті тері реакциялары түрінде көрініс беруі мүмкін. Егер реакциялар қайталанбаса немесе нашарламаса, келесі жолы вена ішіне енгізу қарсы көрсетілімді емес.
Натрий
Препарат құрамында 900,0 мг натрий хлориді, 30,0 мг натрий гидроксиді бар.
Натрийді тұтыну денсаулыққа байланысты қиындық туғызуы мүмкін пациенттерде (іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, бүйрек жеткіліксіздігі, нефроздық синдром және т.б. бар пациенттер) абайлап қолдану керек. Натрийдің қосымша жүктемесін ескеру қажет.
Педиатрияда қолдану
Ципрофлоксацинді балалар мен жасөспірімдерге пайдалану ресми нұсқаулықтарға сай болуы тиіс. Ципрофлоксацинмен емдеуді тек, балалар мен жасөспірімдерде муковисцидоз және/немесе ауыр инфекцияларды емдеу тәжірибесі бар дәрігерлер ғана бастауы тиіс.
Ципрофлоксацин ақсаңдауды, шеміршек зақымдануын, шеміршек эрозиясын тудыруы мүмкін, сирек жағдайларда буындар артропатиясын тудырады. 1-17 жас аралығындағыларда ципрофлоксацин препаратын қабылдаумен байланысты деп болжанған буын ауруларының жиілігі 7,2% құрағаны анықталды. Кейіннен жыл бойы қадағалағанда препаратты қабылдаумен байланысты буын ауруларының жиілігі 9,0% құрады. Балаларға емді тағайындар алдында пайда/қауіп арақатынасын бағалауды жүргізу қажет.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Ципрофлоксацинді қолдану кезінде реакциялар шапшаңдығына ықпал етуі мүмкін қолайсыз жағымсыз неврологиялық әсерлер көрініс беруі мүмкін. Сол себепті, көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару кезінде сақтық таныту қажет.