Ципрофлоксацинді құрамында хинолондар мен фторхинолондар бар препараттарды қабылдау кезінде бұрын күрделі жағымсыз реакциялары болған пациенттерде қолданудан аулақ болу керек. Мұндай пациенттерді ципрофлоксацинмен емдеуді альтернативті емдеу әдістері болмаған жағдайда және «пайда/қауіпті» мұқият бағалағаннан кейін ғана бастау керек.
Грам-оң және анаэробты патогендер тудырған ауыр инфекциялар мен аралас инфекциялар
Ципрофлоксацинмен монотерапия ауыр инфекцияларды және грамоң немесе анаэробты патогенді микроорганизмдер тудыруы мүмкін инфекцияларды емдеуге жарамайды. Мұндай инфекциялар кезінде ципрофлоксацинді басқа тиісті бактерияға қарсы дәрілермен бірге қолдану керек.
Стрептококты инфекция (оған қоса Streptococcus pneumoniae)
Тиімділіктің жеткіліксіздігіне байланысты стрептококты инфекцияларды емдеу үшін ципрофлоксацин қабылдау ұсынылмайды.
Жыныс жолдары инфекциялары
Гонококты уретрит, цервицит, орхоэпидидимит және кіші жамбас ағзаларының қабыну ауруларын фторхинолонға резистентті Neisseria gonorrhoeae тудыруы мүмкін. Сондықтан ципрофлоксацинді гонококкты уретритті немесе цервицитті емдеу үшін Neisseria gonorrhoeae ципрофлоксацинге резистентті штаммдары болмаған жағдайда ғана тағайындау керек.
Орхоэпидидимит пен кіші жамбас ағзаларының қабыну ауруларын емдеу үшін ципрофлоксацинмен эмпирикалық емдеуді Neisseria gonorrhoeae ципрофлоксацинге резистентті штаммдарын қоспағанда, клиникалық жағдайларды қоспағанда, басқа бактерияға қарсы препаратпен (мысалы, цефалоспорин) біріктіріп қарастырған жөн. Егер емдеудің 3 күнінен кейін клиникалық жақсару болмаса, терапияны қайта қарау керек.
Несеп шығару жолдарының инфекциясы
Несеп шығару жолдарының инфекцияларымен байланысты ең көп таралған патоген Escherichia coli-нің фторхинолондарға резистенттілігі географиялық аймаққа байланысты ауытқиды. Емдеуді тағайындайтын дәрігерлерге Escherichia coli фторхинолондарға төзімділігінің жергілікті таралуын ескеру ұсынылады.
Менопаузаға дейінгі кезеңдегі әйелдерде асқынбаған цистит үшін қолданылуы мүмкін ципрофлоксациннің бір дозасы емдеудің ұзақ уақытқа созылуына қарағанда тиімділіктің төмендеуімен байланысты деп күтілуде. Бұл әсіресе Escherichia coli-дің фторхинолондарға резистенттілік дәрежесінің жоғарылауына қатысты ескерілуі керек.
Интраабдоминальді инфекциялар
Операциядан кейінгі интраабдоминальді инфекцияларды емдеуде ципрофлоксациннің тиімділігі туралы деректер шектеулі.
Диарея
Ципрофлоксацинді таңдау кезінде барған елдердегі тиісті микроорганизмдердің ципрофлоксацинге резистенттілігі туралы ақпаратты ескеру керек.
Сүйек және буын инфекциялары
Ципрофлоксацинді микробиологиялық зерттеу нәтижелеріне байланысты басқа микробқа қарсы препараттармен бірге қолдану керек.
Сібір ойық жарасының өкпедегі түрі
Адамдарда қолдану зертханалық жағдайлардағы сезімталдық деректеріне (in vitro) және адамдарға қатысты шектеулі деректермен бірге жануарларға жүргізілетін эксперименттер деректеріне негізделген. Дәрігер сібір ойықжарасын емдеудің ұлттық және/немесе халықаралық хаттамасына сәйкес әрекет етуі керек.
Балалар мен жасөспірімдер
Балалар мен жасөспірімдерде ципрофлоксацинді қолдану қолжетімді ресми нұсқауларға сәйкес жүргізілуі керек.
Ципрофлоксацинмен емдеуді балалар мен жасөспірімдерде муковисцидозды және/немесе ауыр инфекцияларды емдеу тәжірибесі бар дәрігерлер ғана бастауы керек.
Ципрофлоксацин жетілмеген жануарларда салмақ көтеретін буындардың артропатиясын тудыратыны көрсетілген. Балалардағы ципрофлоксацинді қолданудың рандомизацияланған салыстырмалы жасырын зерттеуінен алынған қауіпсіздік деректері (ципрофлоксацин: n = 335, орташа жас = 6,3 жас; компараторлар: n = 349, орташа жас = 6,2 жас; жас диапазоны = 1 жастан 17 жасқа дейін) препаратпен байланысты артропатия жағдайларын анықтады (клиникалық анықталған буындармен байланысты белгілер мен симптомдар) 42 күнге қарай 7,2% және 4,6 %. Тиісінше, бір жыл бақылаудан кейін дәрілік артропатияның даму жиілігі 9,0% және 5,7 % құрады. Уақыт өте келе болжамды дәрілік артропатия жағдайларының көбеюі топтар арасында статистикалық маңызды болмады. Емдеуді буындарға және/немесе қоршаған тіндерге байланысты ықтимал жағымсыз әсерлерге байланысты пайда/қауіп мұқият бағаланғаннан кейін ғана бастау керек.
Муковисцидоз кезіндегі бронх-өкпе инфекциялары
Клиникалық сынақтарға 5-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер енгізілді. 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды емдеуге қатысты неғұрлым шектеулі тәжірибе бар. Емдеуді буындардың және/немесе оның айналасындағы тіндердің ықтимал жағымсыз құбылыстарына байланысты дәрігердің мұқият бағалауы мен нұсқауынан кейін ғана бастау керек.
Асқынған несеп шығару жолдарының инфекциясы және пиелонефрит
Несеп шығару жолдарының инфекцияларын ципрофлоксацинмен емдеу басқа емдеу әдістерін қолдану мүмкін болмағанда ғана қарастырылуы керек және ол микробиологиялық құжаттамада көрсетілген нәтижелерге негізделуі керек. Клиникалық сынақтарға 1-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер енгізілді.
Басқа спецификалық ауыр инфекциялар
Ципрофлоксацинді қолдану микробиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша басқа инфекциялар болған кезде, ресми нұсқауларға сәйкес немесе басқа емдеуді қолдану мүмкін болмаған кезде немесе жалпы қабылданған терапия тиімсіз болған кезде «пайда/қауіп» арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін ақталуы мүмкін.
Жоғарыда көрсетілгендерден басқа, спецификалық ауыр инфекциялар жағдайында ципрофлоксацинді қолдану клиникалық сынақтар кезінде бағаланбаған және клиникалық тәжірибе шектеулі. Тиісінше, осы инфекциялары бар пациенттерді емдеуде сақ болу ұсынылады.
Аса жоғары сезімталдық
Кейбір жағдайларда аса жоғары сезімталдық пен аллергиялық реакциялар, соның ішінде анафилаксиялық және анафилактоидты реакциялар бір реттік дозадан кейін пайда болуы және өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Егер мұндай реакциялар пайда болса, ципрофлоксацинді қабылдауды тоқтатып, тиісті медициналық емдеу жүргізу керек.
Ұзақ мерзімді инвалидизациялаушы және ықтимал қайтымсыз күрделі жағымсыз дәрілік реакциялар
Өте сирек жағдайларда хинолондар мен фторхинолондарды қабылдайтын пациенттерде олардың жасына және бар қауіп факторларына қарамастан әртүрлі, кейде бірнеше дене жүйелеріне (тірек-қимыл аппараты, жүйке, психологиялық және сенсорлық) әсер ететін тұрақты (айлар немесе жылдарға созылатын), өмір сапасын нашарлататын және ықтимал қайтымсыз ауыр жағымсыз реакциялар байқалды.
Күрделі жағымсыз реакцияның алғашқы белгілерінде немесе симптомдарында ципрофлоксацинді қабылдауды тоқтату керек, ал пациенттер препаратты тағайындаған дәрігерге көріну қажеттілігі туралы хабардар болуы қажет.
Тендинит және сіңірдің үзілуі
Жалпы, ципрофлоксацинді сіңір аурулары / хинолондарды қолданумен байланысты бұзылыстары бар пациенттерге қолдануға болмайды. Осыған қарамастан, өте сирек жағдайларда патогенді микробиологиялық зерттеуден және «пайда/қауіп» қатынасын бағалаудан кейін бұл пациенттерге жекелеген ауыр инфекциялық процестерді, атап айтқанда стандартты терапия тиімсіз болған жағдайда немесе микробиологиялық зерттеулердің нәтижелері ципрофлоксацинді қолдануды негіздейтін бактерияға резистенттілікті емдеу үшін ципрофлоксацин тағайындалуы мүмкін.
Ципрофлоксацин қабылдаған кезде тендинит және сіңірдің жыртылуы (негізінен ахилл сіңірі), кейде екі жақты, емдеудің алғашқы 48 сағатында, сондай-ақ емдеуді тоқтатқаннан кейін бірнеше ай ішінде байқалуы мүмкін. Тендинопатия қаупі егде жастағы пациенттерде немесе кортикостероидтарды бір уақытта қабылдайтын пациенттерде жоғарылайды. Сондықтан кортикостероидтарды бірге қолданудан аулақ болу керек.
Тендиниттің кез-келген белгілері пайда болған кезде (мысалы, ауыр ісіну, қабыну) ципрофлоксацинді қолдануды тоқтатып, альтернативті емдеу әдістерін қарастыру керек. Зақымдалған аяқ-қолды тиісті түрде емдеу керек (мысалы, иммобилизациялау).
Миастениясы бар пациенттер
Ципрофлоксацинді Myasthenia gravis бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек, өйткені симптомдардың өршуі мүмкін.
Аневризма және аортаның қабаттасуы, сондай-ақ жүрек клапандарының регургитациясы / жеткіліксіздігі
Эпидемиологиялық зерттеулер аневризма мен аорта қабаттасуының жоғарылау қаупін, әсіресе егде жастағы пациенттерде, фторхинолондарды қабылдағаннан кейін аорта мен митральді клапан регургитациясын хабарлады. Аневризма және аорта қабаттасу жағдайлары тіркелген, кейде жыртылумен асқынған (соның ішінде өліммен), сондай-ақ фторхинолондарды қабылдау кезінде жүрек клапанының регургитациясы/жеткіліксіздігі.
Сондықтан фторхинолондарды аорта аневризмасы немесе отбасылық анамнезінде туа біткен жүрек клапанының ақауы бар пациенттерде немесе аорта аневризмасы және/немесе аорта қабаттасуы диагнозы қойылған немесе жүрек клапанының ауруы бар пациенттерде немесе басқа қауіп факторлары немесе мыналардың дамуынан ілгері жағдайлар болғанда пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін және басқа емдік мүмкіндіктерді қарастырғаннан кейін ғана қолдану керек:
• аневризма және аортаның қабаттасуы, сондай-ақ жүрек клапандарының регургитациясы / жеткіліксіздігі (мысалы, Марфан синдромы немесе Элерс-Данлос синдромы, Тернер синдромы, Бехчет ауруы, гипертензия, ревматоидты артрит сияқты дәнекер тінінің бұзылуы);
• аневризма және аортаның қабаттасуы (мысалы, Такаясу артерииті немесе алып жасушалы артериит, расталған атеросклероз немесе Шегрен синдромы сияқты тамыр аурулары);
• жүрек клапандарының регургитациясы / жеткіліксіздігі (мысалы, инфекциялық эндокардит).
Жүйелі кортикостероидтармен бір мезгілде емделетін пациенттерде аневризма мен аортаның қабаттасуы, сондай-ақ жарылу қаупі жоғарылауы мүмкін.
Іштің, кеуденің немесе арқаның кенеттен ауыруы кезінде пациенттерге жедел жәрдем бөлмесіне дереу дәрігерге қаралу ұсынылады.
Пациенттерге жедел ентігу, жүрек қағу жиілігінің жоғарылауы, іштің немесе төменгі аяқтың ісінуі дамыған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.
Көру тарапынан бұзылулар
Егер көру қабілеті нашарласа немесе көзге қандай да бір әсер пайда болса, дереу офтальмологпен кеңесу керек.
Фотосезімталдық
Ципрофлоксацин фотосенсибилизация реакцияларын тудыратыны дәлелденді. Ципрофлоксацин қабылдаған пациенттер емдеу кезінде қарқынды күн сәулесінен немесе ультракүлгін сәулеленуден аулақ болу керек.
Құрысулар
Ципрофлоксацин, басқа хинолондар сияқты, құрысу тудыратыны немесе құрысуға дайындық шегін төмендететіні белгілі. Эпилепсиялық статус жағдайлары туралы хабарланды. Ципрофлоксацинді ұстаманың пайда болуына бейім ОЖЖ бұзылыстары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Егер құрысу пайда болса, ципрофлоксацин қолдану тоқтатылады.
Психикалық реакциялар
Психикалық реакциялар ципрофлоксацинді бірінші қабылдағаннан кейін де пайда болуы мүмкін. Сирек жағдайларда депрессия немесе психоз суицидпен немесе суицид әрекетімен аяқталатын суицидтік әрекеттерге/ойларға ауысуы мүмкін. Мұндай жағдайларда ципрофлоксацинді қабылдауды тоқтату керек.
Шеткері нейропатия
Хинолондар немесе фторхинолондар қабылдаған пациенттерде парестезияға, гипестезияға, дизестезияға немесе әлсіздікке әкелетін сенсорлық немесе сенсомоторлы полиневропатия жағдайлары байқалды. Ципрофлоксацинмен ем алатын пациенттерге ықтимал қайтымсыз жағдайдың дамуын болдырмау үшін ауырсыну, шымылдату, шаншу, ұйқышылдық немесе әлсіздік сияқты симптомдар пайда болған кезде емдеуді жалғастырмас бұрын дәрігерге хабарлау қажеттілігі туралы нұсқау берілуі керек.
Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар
Ұзақ QT / екі бағытты қарыншалық тахикардия синдромын тудыруы мүмкін дәрілік препараттармен бірге қолдану ұзақ QT синдромының немесе екі бағытты қарыншалық тахикардияның пайда болу қаупін арттыруы мүмкін. Осылайша, бұл дәрілік препаратты ұқсас дәрілік препараттармен бірге қолдануға болмайды.
Фторхинолондарды, оған қоса ципрофлоксацинді QT аралығын ұзартудың белгілі қауіп факторлары бар пациенттерде қолданған кезде сақ болу керек, мысалы:
• туа біткен QT аралығының ұзару синдромы;
• QT аралығын ұзартатын препараттармен бір мезгілде қолдану (мысалы, IA немесе III класты аритмияға қарсы препараттар, трициклдік антидепрессанттар, макролидтер, антипсихотиктер);
• түзетілмейтін электролиттік теңгерімсіздік (мысалы, гипокалиемия, гипомагниемия);
• жүрек аурулары (мысалы, жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, брадикардия).
Егде жастағы пациенттер мен әйелдер түзетілген QT аралығын ұзартатын препараттарға сезімтал болуы мүмкін. Сондықтан пациенттердің осы топтарында фторхинолондарды, оған қоса ципрофлоксацинді қолданғанда сақ болу керек.
Дисгликемия
Басқа хинолондар сияқты, қандағы глюкоза концентрациясының өзгеруі, соның ішінде гипогликемия және гипергликемия жағдайлары тіркелді, қант диабеті бар пациенттерде жиі кездеседі, олар пероральді гипогликемиялық препараттармен (мысалы, глибенкламид) немесе инсулинмен қатар емделеді. Гипогликемиялық кома жағдайлары туралы хабарланды. Қант диабеті бар пациенттерде қандағы глюкозаны мұқият бақылау ұсынылады.
Асқазан-ішек жолы
Ауыр және тұрақты диареяны емдеу кезінде немесе одан кейін пайда болуы (емдеуден кейін бірнеше аптадан кейін де) дереу емдеуді қажет ететін антибиотикпен байланысты колитті (өмірге қауіпті, өлімге әкелуі мүмкін) көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайларда ципрофлоксацин қабылдауды дереу тоқтатып, тиісті терапияны қолдануды бастау керек. Осы жағдайда қарсы көрсетілген перистальтиканы басатын дәрілік заттар.
Бүйрек және несеп шығару жүйесі
Ципрофлоксацинді қолданумен байланысты кристаллурия туралы хабарланды. Ципрофлоксацин қабылдаған пациенттер жеткілікті мөлшерде сұйықтық алып, несептің шамадан тыс сілтілігінен аулақ болу керек.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Ципрофлоксацин организмнен негізінен бүйрек арқылы өзгермеген күйде шығарылатындықтан, ципрофлоксациннің жинақталуына байланысты жағымсыз дәрілік реакциялардың жоғарылауын болдырмау үшін бүйрек функциясы бұзылған пациенттер үшін дозаны түзету қажет.
Гепатобилиарлық жүйе
Ципрофлоксацинді қолдану кезінде пациенттің өміріне қауіп төндіретін бауыр некрозы мен бауыр жеткіліксіздігінің даму жағдайлары туралы хабарланды. Бауыр ауруының қандай да бір симптомдары (мысалы, тәбеттің төмендеуі, сарғаю, несеп түсінің қараюы, алдыңғы құрсақ қабырғасының қышуы немесе кернеуі) пайда болған жағдайда емдеуді тоқтату керек.
Глюкоза-6-фосфат дегидрогеназа тапшылығы
Ципрофлоксацинді қолдану кезінде глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы бар пациенттерде гемолитикалық реакциялар туралы хабарланды. Потенциалды пайда потенциалды қауіптен басым жағдайларды қоспағанда, пациенттер ципрофлоксацинді қолданудан аулақ болу керек. Бұл жағдайда гемолиздің пайда болуы мүмкін екенін байқау керек.
Резистенттілік
Ципрофлоксацинмен емдеу кезінде немесе одан кейін клиникалық анықталған суперинфекциямен немесе онсыз төзімді бактериялар оқшаулануы мүмкін. Ұзақ емдеу курстары кезінде және ауруханаішілік инфекцияларды және/немесе Staphylococcus және Pseudomonas түрлері тудырған инфекцияларды емдеуде ципрофлоксацинге резистентті бактериялардың бөліну қаупі бар.
Цитохром Р450
Ципрофлоксацин CYP1А2 басады, сондықтан осы ферментпен метаболизденетін бір мезгілде тағайындалған заттардың қан сарысуындағы концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін (мысалы, теофиллин, клозапин, оланзапин, ропинирол, тизанидин, дулоксетин). Ципрофлоксацин мен тизанидинді бір мезгілде тағайындауға болмайды. Сондықтан, осы заттарды ципрофлоксацинмен бір мезгілде қабылдаған пациенттерді артық дозаланудың клиникалық белгілерін анықтау үшін мұқият бақылау керек, сондай-ақ қан сарысуындағы концентрацияны анықтау қажет болуы мүмкін (мысалы, теофиллин).
Метотрексат
Ципрофлоксацин мен метотрексатты бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.
Зертханалық талдау нәтижелеріне әсері
Зертханалық жағдайда ципрофлоксациннің белсенділігі (in vitro) микобактерия себіндісінің өсуін бәсеңдету арқылы Mycobacterium tuberculosis өсіріндісінің нәтижелеріне әсер етуі мүмкін, бұл ципрофлоксацин қабылдаған пациенттерде себінді талдаудың жалған теріс нәтижелеріне әкелуі мүмкін.
Қосымша заттарға қатысты айрықша нұсқаулар
Құрамында лактоза бар ципрофлоксацинді тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp ((ЛАПП)-лактаза) ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға қолдануға болмайды.
Ципрофлоксациннің құрамына кіретін пропиленгликоль алкогольдің әсеріне ұқсас әсер етеді.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Неврологиялық әсердің болуына байланысты ципрофлоксацин реакция уақытына әсер етуі мүмкін. Осылайша, ол көлік құралдарын басқару немесе механизмдермен жұмыс істеу қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.