Ципрофлоксацин, әсіресе, егде жастағы адамдарда, бүйрек аурулары бар пациенттерде; жүйелі кортикостероидтармен ем алатын пациенттерде; ағзалар трансплантациясынан кейінгі пациенттерде ерекше сақтықпен пайдаланылу керек. Осы науқастарда фторхинолондық және хинолондық антибиотиктермен емдеу нәтижесінде туындауы мүмкін сіңірлердің зақымдану қаупі жоғары.
Ципрофлоксацин препараты пайдаланылмайды:
• ауыр емес және бактерияға қарсы ем жүргізусіз өтуі мүмкін инфекцияларды (мысалы, ауыз-жұтқыншақ инфекциялары) емдеуде;
• бактериялық емес инфекцияларды, мысалы, бактериялық емес (созылмалы) простатитті емдеуде;
• саяхатшы диареясын немесе төменгі несеп жолдарының қайталамалы инфекцияларын (қуық шегінен тыс таралмайтын инфекциялар) болдырмау үшін;
• орташа бактериялық инфекцияларды емдеу үшін, егер әдетте ұсынылатын бактерияға қарсы басқа дәрілерді пайдалану мүмкін болмағанда.
Ауыр инфекциялар және/немесе грамоң және анаэробты бактериялар туғызған инфекциялар
Ауыр инфекцияларды, стафилококктар немесе анаэробты бактериялар туғызған инфекцияларды емдеу үшін ципрофлоксацин тиісті бактерияға қарсы дәрілермен біріктірілімде қолданылу керек.
Стрептококк инфекциялары (Streptococcus pneumoniae қоса)
Ципрофлоксацин, Streptococcus pneumoniae тобының бактерияларына қатысты тиімділігінің жеткіліксіздігіне орай, пневмококк инфекцияларын емдеу үшін ұсынылмайды.
Несеп жолының инфекциялары
Орхоэпидидимит және кіші жамбас ағзаларының қабыну ауруларын фторхинолонға төзімді Neisseria gonorrhoeae туғызуы мүмкін. Ципрофлоксацинге төзімді Neisseria gonorrhoeae штаммдары жоққа шығарылатын клиникалық жағдайларды қоспағанда, ципрофлоксацин бактерияға қарсы басқа тиісті препараттармен бір мезгілде тағайындалу керек. Егер 3 күн өткен соң клиникалық жақсару басталмаса, емді қайта қарау керек.
Операциядан кейінгі интраабдоминальді инфекцияларды емдеу кезіндегі ципрофлоксацин тиімділігі туралы деректер шектеулі.
Кардиальді бұзылулар
Ципрофлоксацин электрокардиограммада QT аралығының ұзаруымен астасады. Егде жастағы пациенттер препараттың QT аралығына әсер етуіне аса сезімтал болуы мүмкін. Ципрофлоксацин QT аралығының ұзаруын туындата алатын қатарлас препараттармен (мысалы, аритмияға қарсы Ia немесе III класс препараттары, трициклды антидепрессанттар, макролидтер, антипсихотиктер) және атап көрсетілген жай-күйлердің қауіп факторлары бар науқастарға (мысалы, анамнезде QT ұзаруы, түзетілмеген гипокалиемия) сақтықпен қолданылу керек.
Препаратқа жоғары сезімталдық
Кейбір жағдайларда аса жоғары сезімталдық пен аллергиялық реакцияларды ципрофлоксацинді бірінші қолданудан кейін-ақ байқауға болады, бұл туралы дереу дәрігерге хабарлау керек.
Бірлі-жарым жағдайларда анафилаксиялық/анафилактоидтық реакциялар пациенттің өміріне қатерлі шок күйіне дейін үдеуі мүмкін. Кейбір жағдайларда олар ципрофлоксацинді бірінші қабылдағаннан кейін байқалады. Бұл жағдайларда ципрофлоксацин қабылдауды тоқтата тұру және дереу дәрі-дәрмекпен ем (анафилаксиялық шокты емдеу) жүргізу қажет.
Асқазан-ішек жолы
Емдеу кезінде немесе одан кейін ауыр және орныққан диарея туындаған жағдайда ол жөнінде дәрігерге хабарлау керек, өйткені бұл симптом дереу емдеуді талап ететін ауыр асқазан-ішек ауруын бүркемелеуі мүмкін (мысалы, жалған жарғақшалы колит, бұл өмірге қатер төндіруі, өліммен аяқталуға ұласуы мүмкін). Осындай жағдайларда ципрофлоксацин қабылдауды тоқтату және тиісті ем қолдануды бастау қажет. Перистальтиканы бәсеңдететін дәрілік заттар қарсы көрсетілімді.
Бактерияға қарсы препараттардың бәрін дерлік пайдалану кезінде, оның ішінде ципрофлоксацин пайдаланылғанда ауырлығы бойынша жеңіл диареядан өлімге ұшырататын колитке дейін өзгеріп отыруы мүмкін Clostridium Difficile туғызған антибиотикпен астасқан диарея жағдайлары белгілі. Бактерияға қарсы препараттармен емдеу жуан ішектің қалыпты флорасының өзгеруін туындатады, өз кезегінде, бұл шектен тыс Clostridium Difficile көбеюіне әкеледі.
Clostridium Difficile антибиотикпен астасқан диарея дамуына ықпал ететін А және В токсиндерін өндіреді. Clostridium Difficile көп мөлшерде токсин өндіреді, қоздырғыштың микробқа қарсы емге төзімді болып кетуі мүмкіндігінен, ауруға көп шалдығуды және өлімге ұшырауды және колэктомия жасау қажеттілігін туындатады. Антибиотиктер қолданудан кейін диареясы болатын пациенттердің бәрінде Clostridium Difficile туғызған антибиотикпен астасқан диареяның туындау мүмкіндігін есте ұстау қажет. Бактерияға қарсы препараттарды енгізуден кейін екі ай ішінде Clostridium Difficile туғызған антибиотикпен астасқан диареяның дамуы мүмкіндігінен, мұқият дәрі-дәрмектік анамнез жинау қажет. Егер Clostridium Difficile туғызған антибиотикпен астасқан диарея диагнозы қарастырылса немесе расталса, Clostridium Difficile әсер етпейтін антибиотиктер пайдалануды тоқтату қажет болуы мүмкін. Клиникалық деректерге байланысты, су-электролит теңгеріміне түзету жүргізіп, ақуыз препараттарын қосымша енгізу, Clostridium Difficile сезімтал болатын бактерияға қарсы препараттарды қолдану қажеттілігін қарастыру қажет. Хирургиялық араласу қажеттілігі де туындауы мүмкін.
Ципрофлоксацин қабылдау кезінде пациент өміріне қатер төндіретін бауыр некрозының және бауыр жеткіліксіздігінің даму жағдайлары хабарланды. Бауыр ауруының қандай да бір белгілері мен симптомдары білінген жағдайда (анорексия, сарғаю, күңгірт несеп, қышыну немесе алдыңғы құрсақ жақтауының ширығуы сияқты), емдеуді тоқтату керек. Сонымен қатар, трансаминазалар, сілтілі фосфатаза деңгейінің уақытша жоғарылауын, холестаздық сарғаюдың дамуын, әсіресе, осының алдында бауыр зақымдануы болған пациенттерде анықтауға болады.
Қаңқа-бұлшықет жүйесі
Жалпы, ципрофлоксацинді анамнезінде сіңір аурулары және хинолиндер қолданумен байланысты бұзылыстары бар пациенттерде қолдануға болмайды. Осыған қарамастан, сирек жағдайларда қоздырғыштың микробиологиялық зерттеуінен және пайда/қауіп арақатынасын бағалаудан кейін, атап айтқанда – микробиологиялық зерттеулер нәтижелері ципрофлоксациннің қолданылуын ақтап шыққанда, стандартты ем тиімсіз болған немесе бактериялық төзімділік жағдайында осы пациенттерде жекелеген ауыр инфекциялық үдерістерді емдеу үшін ципрофлоксацин тағайындауға болады. Ципрофлоксацин қолдану кезінде, емдеудің алғашқы 48 сағатында кейде екіжақты тендинит немесе сіңірлердің (әсіресе, ахилл сіңірінің) жарылуы туындауы мүмкін. Егде жастағы пациенттерде немесе кортикостероидтарды бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде тендинопатия қаупі жоғары болуы мүмкін. Тендиниттің кез келген белгілері туындағанда (мысалы, ауырсынуы бар ісіну, қабыну) ципрофлоксацин қолдануды тоқтату керек. Зақымданған аяқ-қолдың тыныштығын қамтамасыз ету керек.
Көрудің бұзылулары
Егер көрудің бұлыңғырлануы немесе көз тарапынан басқа бұзылулар болса, офтальмолог кеңесіне жүгінген жөн.
Жүйке жүйесі
Эпилепсиямен науқастар және анамнезінде орталық жүйке жүйесі функциясының бұзылулары бар пациенттер (мысалы, құрысу шегінің төмендеуі, анамнездегі құрысулар, церебральді қан айналымы қарқынының азаюы, ми құрылымының өзгерістері немесе инсульт), егер күтілетін пайдасы болжамды қаупінен басым болса ғана, ципрофлоксацин қабылдауға болады, өйткені ондай науқастар орталық жүйке жүйесі тарапынан болуы мүмкін жағымсыз реакцияларға орай, қауіп тобына жатады.
Кейбір жағдайларда орталық жүйке жүйесі тарапынан болатын жағымсыз реакциялар ципрофлоксацинді алғаш қабылдаудан кейін-ақ байқалады. Бірлі-жарым жағдайларда депрессия немесе психоз пациенттің өміріне қатер төндіретін жай-күйге дейін үдеуі мүмкін. Ондай жағдайларда ципрофлоксацин қабылдауды тоқтату және дереу дәрігерге хабарлау қажет.
Ципрофлоксацин қабылдаған пациенттерде полинейропатия жағдайлары хабарланды (бөлек немесе біріктірілімде тіркелген ауыру, ашыту, сенсорлық бұзылыстар немесе бұлшықет әлсіздігі сияқты неврологиялық симптомдар негізінде).
Нейропатия симптомдары, атап айтқанда, ауыру, ашыту, шымылдатуды сезіну, ұйып қалу және/немесе әлсіздік болатын пациенттер, қайтымсыз жай-күйлердің дамуынан сақтану мақсатында, ципрофлоксацин қолдануды тоқтату керек.
Тері және тері асты шелі
Ципрофлоксациннің фотосезімталдық реакцияларының туындауына түрткі болатыны дәлелденді, сондықтан ципрофлоксацин қабылдайтын пациенттер қатты түсетін күн сәулесінен немесе ультракүлгінді сәулеленуден сақтануы тиіс. Фотосезімталдық реакциялары туындағанда (сол сияқты күнге күйіп қалғанда) ципрофлоксацинмен емді тоқтату керек.
Р450 цитохромы
Ципрофлоксациннің Р450 цитохромы 1А2 ферменттерінің орташа әсер ететін тежегіші екені белгілі. Ципрофлоксацин мен осыған ұқсас ферменттік жолмен метаболизденетін препараттарды (теофиллин, метилксантин, кофеин, дулоксетин, клозапин сияқты) бір мезгілде қолданғанда сақ болу керек. Қан сарысуындағы осы препараттар концентрацияларының жоғарылауы олардың ципрофлоксацинмен метаболизмдік клиренсінің бәсеңдеуімен байланысты, бұл спецификалық жағымсыз әсерлер туғызуы мүмкін.
Зертханалық талдаулар нәтижелеріне әсері
Ципрофлоксацин микобактериялар өсіріндісінің өсуін бәсеңдету жолымен Mycobacterium spp. себу нәтижелеріне in vitro ықпал ете алады, бұл ципрофлоксацин қабылдайтын пациенттерден алынған себуді талдаудың жалған теріс нәтижелеріне әкелуі мүмкін.
Ципрофлоксацин грамоң немесе анаэробты бактериялар туғызған ауыр инфекцияларды емдеу үшін монотерапия ретінде қолданылмайды.
Саяхатшы диареясы
Ципрофлоксацинді таңдау кезінде пациент сапарлап барған елдердегі ципрофлоксацинге қоздырғыштардың төзімділігі туралы ақпаратты есепке алу керек.
Сүйек пен буын инфекциялары
Микробиологиялық зерттеу нәтижелеріне қарай, ципрофлоксацинді микробқа қарсы басқа дәрілермен біріктірілімде қолдану керек.
Сібір ойық жарасының өкпелік түрі
Дәрігер сібір ойық жарасын емдеудің ұлттық және/немесе халықаралық хаттамаларына сәйкес әрекет етуі тиіс.
Ципрофлоксацин гравис миастениясы бар пациенттерде абайлап қолданылады. Ципрофлоксацин мен метотрексатты бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.
Несеп жолының асқынған инфекциялары және пиелонефрит
Басқаша емдеу мүмкін болмағанда, ципрофлоксацин қолданумен несеп жолы инфекцияларын емдеу мүмкіндігін қарастыру керек. Емдеу микробиологиялық зерттеу нәтижелеріне негізделуі тиіс.
Бүйрек және несеп шығару жүйесі
Ципрофлоксацин қолдануға байланысты кристаллурия туралы хабарланды. Ципрофлоксацин қабылдап жүрген пациенттер жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішуі тиіс. Несептің шектен тыс сілтіленуінен сақтану керек.
Басқа спецификалық ауыр инфекциялар
Басқаша емдеуді қолдануға болмағанда немесе жалпыға ортақ емдеу тиімсіз болып шыққанда, ресми ұсынымдарға сәйкес немесе пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалаудан кейін басқа ауыр инфекциялар кезінде микробиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша ципрофлоксацин қолдануды ақтап алуға болады.
Жоғарыда аталғандарынан басқа, спецификалық ауыр инфекциялар жағдайында ципрофлоксацин қолдану клиникалық зерттеулер барысында бағаланбады, ал клиникалық тәжірибе шектеулі. Сонымен, осындай инфекциялары бар пациенттерді емдеуде сақтық шарасын қадағалауға ұсынылады.
Төзімділік
Ципрофлоксацинмен емдеу курсы кезінде немесе одан кейін клиникалық анықталған асқын инфекциямен немесе онсыз төзімді бактериялар бөлінуі мүмкін. Ұзақ емдеу курстары кезінде және ауруханаішілік инфекцияларды және/немесе Staphylococcus және Pseudomonas түрлері туғызған инфекцияларды емдегенде ципрофлоксацинге төзімді бактериялардың белгілі бір бөліну қаупі болуы мүмкін.
Аневризма және қолқаның қатпарлануы, регургитациясы/жүрек қақпақшаларының жеткіліксіздігі
Фторхинолондар қолданудан кейін, әсіресе, егде жастағы пациенттерде аневризманың және қолқа қатпарлануының, сондай-ақ аорталық және митралдық қақпақша регургитациясының жоғары даму қаупі хабарланды.
Фторхинолондарды қабылдау кезінде кейде пациенттерде аневризма және қолқа қатпарлануының ажырап асқынуы (оның ішінде өліммен аяқталуы бар), сондай-ақ жүрек қақпақшаларының кез келгенінің регургитациясының/жеткіліксіздігінің жағдайлары тіркелген.
Демек, фторхинолондарды пайда мен қауіп арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін және аневризмаға немесе жүрек қақпақшаларының туа біткен ақауына қатысты ауыр отбасылық анамнезі бар пациенттерде, аневризма және/немесе аорта қатпарлануы не анамнезінде жүрек қақпақшаларының жеткіліксіздігі бар пациенттерде, сондай-ақ басқа да қауіп факторлары немесе соған бейімдейтін жай-күйлері болған кезде басқа да емдік мүмкіндіктерді қарастырғаннан кейін ғана пайдалану керек:
•екі жағдайда да аневризмада және аортаның қатпарлануында, сондай-ақ жүрек қақпақшаларының регургитациясында/жеткіліксіздігінде (мысалы, Марфан синдромы немесе Элерс-Данлос синдромы, Тернер синдромы, Бехчет ауруы, гипертензия, ревматоидты артрит сияқты дәнекер тіндер тарапынан бұзылулар), сондай-ақ
•аневризмада және аортаның қатпарлануында (мысалы, Такаясу артерииті немесе алып жасушалы артериит немесе белгілі атеросклероз немесе Шегрен синдромы сияқты қан тамырлары аурулары), сондай-ақ
•жүрек қақпақшасының регургитациясы/жеткіліксіздігі кезінде (мысалы, инфекциялық эндокардит).
Жүйелі кортикостероидтармен бір мезгілде ем қабылдайтын пациенттерде аневризма және аортаның қатпарлануы, сондай-ақ жыртылу қаупі артуы мүмкін.
Іштің, кеуденің немесе арқаның кенеттен ауыруы білінген жағдайда пациенттер шұғыл көмек бөлімшесіндегі дәрігерге дереу қаралу керек.
Пациенттерге жедел ентігу, алғаш рет жүрек соғысы жиілеуі пайда болған, сондай-ақ құрсақ қуысының немесе аяқтың ісінуі дамыған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.
Гипогликемия
Барлық хинолондар жағдайындағы сияқты, әдетте, пероральді гипогликемиялық дәрімен (мысалы, глибенкламидпен) немесе инсулинмен қатарлас ем алып жүрген диабеті бар пациенттерде, гипогликемия мен гипергликемияны қоса, қандағы глюкоза деңгейінің бұзылулары хабарланды. Гипогликемиялық кома жағдайлары туралы ақпарат тіркелмеген. Диабеті бар науқастарда қандағы глюкоза деңгейіне мониторинг ұсынылады.
Арнайы сақтандырулар
Келесі жай-күйлерде сақтықпен қолдану керек:
Ми тамырларының айқын атеросклерозы, ми қан айналымының бұзылуы, психикалық аурулар (депрессия, психоз), эпилепсия, мидың органикалық зақымданулары немесе инсульт, құрысу дайындығы шегінің төмендеуі (немесе анамнездегі құрысу ұстамалары), бүйректің және/немесе бауырдың айқын жеткіліксіздігі, егде жас, хинолондармен бұрын жүргізілген емдеу кезінде сіңірлердің зақымдануы, QT аралығының ұзару немесе «пируэт» типті аритмияның даму қаупінің артуы (мысалы, QT аралығының туа біткен ұзару синдромы, жүрек аурулары (жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, брадикардия), электролит теңгерімсіздігі (мысалы, гипокалиемия, гипомагниемия кезінде), QT аралығын ұзартатын дәрілік препараттарды (оның ішінде аритмияға қарсы IA және III класс, трициклды антидепрессанттар, макролидтер, нейролептиктер) бір мезгілде қолдану, CYP450 цитохромы 1A2 изоферменттерінің тежегіштерімен (оның ішінде теофиллин, метилксантин, кофеин, дулоксетин, клозапин, ропинирол, оланзапин) бір мезгілде қолдану, gravis миастениясы, глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы.
Педиатрияда қолдану
Муковисцидоз бар балаларда (5-17 жас аралығындағы) Pseudomonas aeruginosa туғызған өкпе асқынуларын емдеуден, E. coli туғызған несеп шығару жолдарының асқынған инфекцияларын және пиелонефрит(1-17 жас аралығындағы) пен жанасудан кейінгі сібір ойық жарасын емдеуден тыс, басқа көрсетілімдер бойынша ципрофлоксацин қолдану зерттелмеді. Балаларға басқа көрсетілімдер бойынша ципрофлоксацин қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі.
Буындар және/немесе жуық орналасқан тіндер тарапынан жағымсыз әсерлердің даму ықтималдығына орай, «қауіп-пайда» арақатынасын мұқият бағалаудан кейін ғана ципрофлоксацинмен емдеуді тағайындауға болады.
Балалар мен жасөспірімдерге ципрофлоксацин қолдануды ресми нұсқауларға сәйкес жүргізген жөн. Кистозды фиброзбен және/немесе ауыр инфекциялармен науқас балалар мен жасөспірімдерге ем жүргізу тәжірибесі бар дәрігер ғана ципрофлоксацин қолданумен емдеу жүргізуі тиіс.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препарат тіпті қатаң түрде дәрігер нұсқаулары бойынша қабылданса да, ол автокөлікті немесе басқа механизмдерді басқаруға кедергі келтіруі мүмкін реакция шапшаңдығына әсер ете алады. Бұл, әсіресе, препаратты алкогольмен қатар қабылдау кезінде сипатты.