Белсендірілген ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесі (РААЖ)
Тамырлық тонусы және бүйрек функциясы негізінен ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің белсенділігіне тәуелді пациенттерде (мысалы, жүрек жеткіліксіздігі немесе бүйректің бастапқы зақымдануы бар пациенттер, бүйрек артерияларының екі жақты стенозын қоса) АӨФ тежегіштері және ангиотензин II рецепторларының блокаторлары сияқты осы жүйеге әсер ететін дәрілік препараттармен емдеу жедел гипотензияның, азотемияның, олигурияның немесе сирек жағдайларда бүйректің жедел жеткіліксіздігінің дамуымен астасқан. Эдарби Кло препаратын пайдаланған кезде ұқсас әсерлердің даму ықтималдығы жоққа шығарылмайды.
РААЖ белсендірілген гипертензиясы бар пациенттерді тексеру бүйрек функциясын және электролиттер деңгейін мезгіл-мезгіл зерттеуді қамтуы тиіс.
Ишемиялық кардиомиопатиясы бар немесе мидағы қан айналымының ишемиялық бұзылуы бар пациенттерде артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі миокард инфарктісінің немесе инсульттің дамуына әкеліп соғуы мүмкін.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Эдарби® Кло
Хлорталидонды, Эдарби®Кло препаратының компонентін, бүйректің ауыр жеткіліксіздігі (ШСЖ< 30 мл/мин/1,73 м2) бар пациенттерде пайдалануға болмайды. Әлсіз немесе орташа айқын бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер дозаны түзетуді қажет етпейді.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттердегі бүйрек функциясының нашарлауын сарысудағы креатинин мен электролиттер деңгейлеріне мезгіл-мезгіл мониторинг жүргізу арқылы қадағалау керек. Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қан сарысуындағы креатининнің аномальді жоғары көрсеткіштері туралы хабарлау ықтималдығы жоғары. Мұндай пациенттерде Эдарби® Кло препаратын артериялық қысым деңгейін және бүйрек функциясының параметрлерін мониторингтеу жағдайында мұқият титрлеу керек. Бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде бүйрек функциясы нашарлауы мүмкін.
Бүйрек ауруы бар пациенттерде хлорталидон азотемияның дамуына себеп болуы мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздігінің айқын үдеуі кезінде, бұл туралы АМК жоғары деңгейі дәлел бола алады, диуретиктермен емдеуді уақытша тоқтату немесе тоқтату туралы мәселені қарастыру қажет.
Бауыр функциясының бұзылуы
Хлорталидонды, Эдарби®Кло препаратының компонентін, бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде пайдалануға болмайды.
Бауыр функциясының жеңіл немесе орташа дәрежедегі бұзылулары бар пациенттерде дозаны түзету талап етілмейді.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде тиазидтерді сақтықпен қолдану керек. Тиазидті диуретиктерді қолдану салдарынан су-электролит теңгерімінің шамалы өзгеруі бауыр комасының дамуына себеп болуы мүмкін. Мұқият бақылау ұсынылады.
Айналымдағы сұйықтық көлемі төмендеген және/немесе тұз тапшылығы бар пациенттердегі гипотензия
Айналымдағы сұйықтықтың немесе тұздың көлемі төмендеген пациенттерде (мысалы, құсу, диарея немесе диуретиктердің жоғары дозаларын қабылдайтын пациенттерде) Эдарби® Кло препаратын қолдануды тек көлемін түзеткеннен кейін мұқият медициналық қадағалаумен бастаған жөн.
Айналымдағы сұйықтық көлемінің азаюы салдарынан өтпелі гипотензиялық реакция емдеуді жалғастыруға кедергі келтірмейді, әдетте, оны артериялық қысым мен айналымдағы сұйықтықтың көлемі тұрақтанғаннан кейін қиындықсыз жалғастыруға болады.
Артериялық гипертензиясы бар айналымдағы қанның және/немесе тұздың көлемі төмендеген пациенттерде гипотензия дамуы мүмкін.
Бастапқы гиперальдостеронизм
Әдетте бастапқы гиперальдостеронизмі бар пациенттер ренин-ангиотензин жүйесін тежеу жолымен әсер ететін гипертензияға қарсы дәрілік препараттарды қолдануға жауап бермейді. Сондықтан, бұл пациенттерде Эдарби® Кло препаратын пайдалану ұсынылмайды.
Электролиттік теңгерімсіздік
Диуретиктер қабылдайтын кез келген пациенттердегідей, сарысу электролиттерінің деңгейіне мезгіл-мезгіл анықтау жүргізілуі тиіс.
Тиазидтерді қолдану сұйықтықтың немесе электролиттердің теңгерімсіздігін тудыруы мүмкін (гипокалиемияны, гиперкальциемияны, гипонатриемияны және гипохлоремиялық алкалозды қоса). Ауыздың құрғауы, шөлдеу, әлсіздік, мәңгіру, ұйқышылдық, мазасыздық, бұлшықеттің ауыруы немесе түйілуі, бұлшықет әлсіздігі, гипотензия, олигурия, тахикардия және жүрек айнуы немесе құсу секілді асқазан-ішек бұзылыстары сұйықтықтың немесе электролиттік теңгерім бұзылуының алаңдатарлық белгілері болып табылады. Эдарби® Кло препаратымен емдеуді бастар алдында сулы және электролиттік теңгерімсіздікті түзету керек.
Гипокалиемия
Азилсартан медоксомилін бір мезгілде қолдану хлорталидонды қолданудан туындаған гипокалиемияның айқындылығын азайтады. Дигиталис препараттарын бір мезгілде қолдану гипокалиемияның жағымсыз әсерлерін күшейтуі мүмкін. Эдарби® Кло препаратымен емдеуді бастар алдында гипокалиемияны түзету керек.
Гиперкалиемия
Эдарби® Кло препаратын пайдалану кезінде клиникалық маңызды гиперкалиемия дамуының құжатталған фактілері болмаса да, бүйрек жеткіліксіздігі және/немесе жүрек жеткіліксіздігі, сондай-ақ қант диабеті гиперкалиемияның даму қаупінің факторлары болып табылады. Калий жинақтаушы диуретиктерді, калий препараттарын немесе құрамында калий бар тұзды алмастырғыштарды Эдарби® Кло препаратымен бір мезгілде сақтықпен қолдану керек.
Гипонатриемия және гипохлоремиялық алкалоз
Тиазидтер гипонатриемияның дамуын тудыратыны көрсетілген. Рефрактерлік гипонатриемиясы бар пациенттерде Эдарби® Кло қолдануға болмайды. Әдетте, хлоридтер жетіспеушілігінің айқындығы әлсіз және емдеуді қажет етпейді.
Гиперкальциемия
Тиазидтер кальцийдің несеппен шығарылуын азайтуға және кальций метаболизмінің белгілі бұзылулары болмаған кезде сарысулық кальций деңгейінің мезгіл-мезгіл және жеңіл жоғарылауын туындатуға қабілетті. Айқын гиперкальциемия жасырын гиперпаратиреоздың белгісі болуы мүмкін. Қалқанша маңы бездерінің функциясына зерттеу жүргізер алдында тиазидтерді қолдануды тоқтату керек. Гиперкальциемиясы бар пациенттерде Эдарби® Кло қолдануға болмайды
Гипомагниемия
Тиазидтер несеппен магнийдің шығарылуын күшейтетіні көрсетілген, бұл гипомагниемияның дамуына әкелуі мүмкін.
Аорталық және митральді клапанның стенозы, обструктивті гипертрофиялық кардиомиопатия
Қантамырлардың кеңеюіне немесе айналымдағы сұйықтық көлемінің төмендеуіне әкелетін басқа препараттарды қолданған кездегідей, аорталық немесе митральді клапанның стенозы бар, сондай-ақ гипертрофиялық обструктивті кардиомиопатиясы (ГОКМ) бар пациенттерде ерекше сақтық қажет.
Метаболизмдік және эндокриндік әсерлер
Тиазидтермен емдеу глюкозаға төзімділікті бұзуы мүмкін. Сондықтан инсулин дозасын түзету немесе диабетке қарсы емдеу қажет болуы мүмкін. Тиазидтермен емдеу кезінде жасырын қант диабеті пайда болуы мүмкін. Холестерин мен триглицеридтердің жоғарылауы тиазидті диуретиктермен емделумен байланысты болды.
Гиперурикемия
Хлорталидон немесе басқа диуретиктер қабылдайтын кейбір пациенттерде гиперурикемияның дамуы немесе подагра өршуі мүмкін. Симптоматикалық гиперурикемиясы бар пациенттерде Эдарби® Кло қолдануға болмайды.
Литий
Ангиотензин II рецепторының басқа блокаторларын қолданғандағыдай, литий препараттарын және Эдарби® Кло препаратын бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.
Хориоидты жалқық, жедел миопия және салдарлы жабық бұрышты глаукома
Құрамында сульфонамид немесе сульфонамид туындылары бар препараттар идиосинкразиялық реакцияны тудыруы мүмкін, бұл көру өрісінің жоғалуымен, өтпелі миопиямен және жедел жабық бұрышты глаукомамен хориоидтық жалқыққа әкелуі мүмкін. Симптомдарға көру өткірлігінің күрт төмендеуі немесе көздің ауыруы жатады, бұл әдетте препаратты қабылдау басталған сәттен бастап бірнеше сағаттан бір аптаға дейін байқалады. Жедел жабық бұрышты глаукоманы емдеудің болмауы көрудің қайтымсыз жоғалуына әкелуі мүмкін. Бастапқы емдеу дәрілік затты қабылдауды жедел тоқтатудан тұрады. Бақыланбайтын көзішілік қысым кезінде жедел медициналық немесе хирургиялық емдеу қажет болуы мүмкін. Жедел жабық бұрышты глаукома дамуының қауіп факторлары анамнезде сульфонамидке немесе пенициллинге аллергиялық реакциялардың болуын қамтуы мүмкін.
Эдарби Кло натрийден бос препарат болып саналады, өйткені бір таблеткада 23 мг-ден аз натрий бар.
Арнайы сақтандырулар
Педиатрияда қолдану
Эдарби® Кло препаратын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ. Деректер жоқ.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Эдарби® Кло препаратының фармакодинамикалық қасиеттерін ескере отырып, ол автомобиль жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне елеусіз әсер етеді деп есептеледі. Алайда, кез-келген гипертензияға қарсы агенттерді қолдану жағдайында бас айналу немесе шаршау мүмкіндігін ескеру қажет.