Егер Сізде төменде көрсетілген жағдайлардың/аурулардың қандай-да біреуі бар болса, препаратты қабылдауды бастағанға дейін емдеуші дәрігермен кеңесу қажет:
Қолқа стенозы, митральді стеноз, гипертрофиялық обструкциялық кардиомиопатия, артериялық гипотензия, цереброваскулярлық аурулар (соның ішінде, ми қанайналымының жеткіліксіздігі), жүректің ишемиялық ауруы, коронарлық жеткіліксіздік, ЖСЖ, шығу тегі ишемиялық емес ФК III‒IV, жедел миокард инфарктісі (сондай-ақ, жедел миокард инфарктісінен кейін 1 ай ішіндегі), Принцметал стенокардиясы, синустық түйін әлсіздігі синдромы (айқын тахикардия немесе брадикардия), дәнекер тіннің ауыр аутоиммундық жүйелі аурулары (соның ішінде, жүйелі қызыл жегі, склеродермия), калий жинақтаушы диуретиктерді, калий препараттарын және калий негізді тұз алмастырғыштарды қабылдау, миелосупрессия, қант диабеті, гиперкалиемия, гипонатриемия, бүйрек артерияларының екіжақты стенозы, жалғыз бүйрегі қызмет аткаратын пациенттердегі бүйрек артериясының стенозы, бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдай, бүйрек жеткіліксіздігі, азотемия, өткізгіштігі жоғары жарғақшаларды пайдаланып жүргізілген гемодиализ, бастапқы альдостеронизм, тұз мөлшері шектелген диета, айналымдағы қан көлемінің төмендеуімен байланысты жағдайлар (соның ішінде қосу және диарея), жас егделігі, бауыр жеткіліксіздігі, CYP3A4 изоферментінің тежегіштерімен немесе индукторларымен бір мезгілде қолдану, құрамында алискирен бар препараттармен, немесе ангиотензин II рецепторларының антагонистерімен (ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) қосарлы блокадасы кезінде артериялық гипотензияның, гиперкалиемияның және бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупінің жоғарылауы) бір мезгілде қолдану, қара нәсілді пациенттерде қолданылуы.
Арнайы ескертулер
Жекелеген компоненттерін қолданумен байланысты төменде келтірілген ескертулердің барлығы біріктірілген Экватор препаратына да қатысты.
Лизиноприлмен байланысты
Симптоматикалық артериялық гипотензия
Симптоматикалық гипотензия артериялық гипертензиясы асқынбаған пациенттерде сирек туындайды. Лизиноприлді қолдану аясындағы артериялық гипертензиясы бар пациенттерде артериялық гипотензияның гиповолемия аясында, мысалы, диуретиктерді қолданғанда, диетада ас тұзы шектелген, диализ жүргізілген, диарея немесе құсу, немесе ренинге тәуелді айқын гипертензия болған кезде туындау ықтималдығы зор. («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Жағымсыз реакциялардың сипаттамасы» бөлімдерін қараңыз). Жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде, бүйректің қатарлас жеткіліксіздігінің болуына байланыссыз, симптоматикалық гипотензияның дамығаны байқалған. «Ілмектік» диуретиктердің жоғарырақ дозалары пайдаланылатын жүректің ауырырақ жеткіліксіздігі бар, гипонатриемиясы немесе бүйректің функционалдық жеткіліксіздігі бар пациенттерде симптоматикалық гипотензияның дамуы ықтималдығы анағұрлым зор. Симптоматикалық гипотензияның даму қаупі жоғары пациенттерде емдеудің басында немесе дозасын түзеткен кезде жағдайын мұқият бақылау қажет. Дәл осы жағдай жүректің ишемиялық ауруы немесе цереброваскулярлық аурулары бар, артериялық қысымның тым айқын төмендеуі миокард инфарктісіне немесе ми қанайналымының бұзылуына алып келуі мүмкін пациенттерге де қатысты.
Артериялық гипотензия туындаған жағдайда пациентті көлденеңінен жатқызу керек, қажет болған жағдайда, натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісін вена ішіне құю ұсынылады. Өтпелі артериялық гипотензия, әдетте, препаратпен ары қарай емдеу үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды; ары қарай емдеу әдетте, гиповолемияны түзетудің нәтижесінде артериялық қысым қалпына келгеннен кейін асқынуларсыз жүреді.
Жүрек жеткіліксіздігі бар және артериялық қысымы қалыпты немесе төмен кейбір пациенттерде лизиноприлді қолданғанда жүйелі артериялық қысым қосымша төмендеуі мүмкін. Бұл әсері күтілетін жағдай және емдеуді тоқтату үшін себеп болып табылмайды. Егер гипотензия клиникалық көріністерге алып келсе, онда дозасын азайту немесе лизиноприлді қабылдауды тоқтату ұсынылуы мүмкін.
Жедел миокард инфарктісі кезіндегі артериялық гипотензия
Жедел миокард инфарктісі дамыған жағдайда, вазодилататорларды қолдану гемодинамика жағдайын едәуір нашарлатуы мүмкін (мысалы, егер систолалық артериялық қысымы 100 мм сн. бағ. немесе одан төмен құрайтын болса, немесе кардиогендік шок жағдайында) пациенттерге лизиноприлді тағайындауға болмайды. Миокард инфарктісінен кейінгі алғашқы 3 күн ішінде, егер систолалық артериялық қысым 120 мм сн. бағ. немесе одан төмен құраса, дозасын төмендету қажет. Егер систолалық артериялық қысым 100 мм сн. бағ. немесе одан төмен құраса, демеуші дозаларын 5 мг дейін немесе уақытша 2.5 мг дейін төмендету керек. Тұрақты артериялық гипотензия (систолалық АҚ 1 сағаттан астам уақыт бойы 90 мм сн. бағ. төмен) жағдайында, лизиноприлді тоқтатқан дұрыс.
Қолқа және митральді клапан стенозы / гипертрофиялық кардиомиопатия
АӨФ басқа тежегіштерін қолданғандағы сияқты, лизиноприлді бар митральді клапан стенозы және сол жақ қарыншаның шығу жолының обструкциясы бар пациенттерде, мысалы, қолқа клапанының стенозы немесе гипертрофиялық кардиомиопатия кезінде сақтықпен қолдану керек.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек функциясының бұзылуы (КК <80 мл/мин) кезінде, лизиноприлдің бастапқы дозасы КК байланысты, содан соң пациенттің емге клиникалық жауабына байланысты таңдалуы тиіс. Қан сарысуындағы калий мөлшері мен креатинин концентрациясын дағдылы бақылау ондай пациенттерді емдеудегі стандартты медициналық тәжірибенің бір бөлігі болып табылады.
Жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде, АӨФ тежегіштерін тағайындағаннан кейінгі артериялық гипотензия бүйрек функциясының ары қарай нашарлауына алып келуі мүмкін. Ондай жағдайда, бүйректің әдетте қайтымды жедел жеткіліксіздігінің дамығаны туралы хабарланған.
Бүйрек артериясының екіжақты стенозы немесе жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар, АӨФ тежегіштерін қабылдаған кейбір пациенттерде қандағы мочевина мен қан сарысуындағы креатининнің, әдетте емдеуді тоқтатқаннан кейін қайтымды жоғарылауы білінген. Мұндай әсерінің бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде байқалу ықтималдығы зор. Қатарлас реноваскулярлық гипертензия болған жағдайда, ауыр артериялық гипотензия мен бүйрек жеткіліксіздігінің қаупі жоғарылайды. Ондай пациенттерде емдеуді мұқият медициналық қадағалау жүргізе отырып, төмен дозаларын пайдаланып, және дозасын абайлап титрлей отырып бастау керек. Диуретиктер аталған жағдайды ушықтыруы мүмкін болғандықтан, лизиноприлмен емдеудің алғашқы апталары ішінде оларды тоқтата тұру және бүйрек функциясын бақылау керек.
Артериялық гипертензиясы бар, бүйрек қантамырларының қандай-да бір қатарлас аурулары жоқ кейбір пациенттерде қан сарысуындағы мочевина концентрациясы мен креатининнің әдетте болар-болмас және қысқамерзімді жоғарылағаны, әсіресе, лизиноприл мен диуретикті бір мезгілде қолданғанда білінген. Ондай әсерінің бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде байқалу ықтималдығы зор. Диуретиктің және/немесе лизиноприлдің дозасын төмендету және/немесе тоқтату қажет болуы мүмкін.
Креатининнің сарысудағы 177 мкмоль/л асатын концентрациясы ретінде анықталатын және/немесе протеинурия 500 мг/24 сағ асатын бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде жедел миокард инфарктісі кезінде лизиноприлмен емдеуді бастамау керек. Емдеу кезінде туындаған бүйрек функциясының бұзылуы (сарысудағы креатинин концентрациясы 265 мкмоль/л жоғары немесе бастапқы деңгейімен салыстырғанда екі есе жоғары) жағдайында, дәрігер лизиноприлді тоқтату мүмкіндігін қарастыруы тиіс.
Аса жоғары сезімталдық/ангионевроздық ісіну
Аса сирек жағдайларда, лизиноприлді қоса, ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштерін қолданғанда, беттің, аяқ-қолдардың, еріннің, тілдің, дауыс саңылауының және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі дамығаны туралы хабарланған. Ісіну емдеудің кез келген сәтінде басталуы мүмкін. Ондай жағдайда, лизиноприлді дереу тоқтату қажет, пациент тиісінше ем қабылдауы және симптомдары толық басылғанға дейін стационарда медициналық қадағалауда болуы тиіс. Тіпті тыныс алу функцияларының қатарлас бұзылуынсыз, тек тіл аймағында ғана ісіну пайда болған жағдайда, пациентті ұзақ уақыт қадағалау қажет болуы мүмкін, өйткені, антигистаминдік препараттармен және кортикостероидтармен емдеу жеткіліксіз болуы мүмкін.
Аса сирек жағдайларда, көмейдің немесе тілдің ангионевроздық ісінуінің дамуымен байланысты өлім жағдайы туралы хабарланған. Ісіну тілді, дауыс саңылауын немесе көмейді қамтыған пациенттерде, әсіресе, анамнезінде тыныс жолдары аймағында хирургиялық араласым болған жағдайда, тыныс жолдарының обструкциясының қаупі жоғары. Ондай жағдайларда, адреналинді енгізуден және/немесе тыныс жолдарының өткізгіштігін демеуден тұратын шұғыл көмек көрсету ұсынылады. Пациент симптомдары толық және тұрақты түрде басылғанға дейін қатаң медициналық қадағалауда болуы тиіс.
АӨФ тежегіштері басқа нәсілді пациенттердегіге қарағанда, қара нәсілді пациенттерде ангионевроздық ісінуді жиі туғызады.
Бұрын АӨФ тежегіштерімен емдеумен байланыссыз ангионевроздық ісіну білінген пациенттер, АӨФ тежегішін қабылдағанда ангионевроздық ісінудің даму қаупіне көбірек ұшырауы мүмкін («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).
Ангионевроздық ісінудің даму қаупінің жоғарылайтындығына байланысты, АӨФ тежегіштерін сакубитрилмен (неприлизин тежегіштері)/валсартанмен бір мезгілде қабылдау қарсы көрсетілімді. Сакубитрилдің алғашқы дозасын қабылдау лизиноприлдің соңғы дозасынан кейін 36 сағаттан ерте басталмауы тиіс. Лизиноприлмен емдеуді сакубитрилдің/валсартанның соңғы дозасын қабылдағаннан кейін 36 сағаттан ерте бастамау керек («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Басқа дәрілік препарттармен өзара әрекеттесулері» бөлімдерін қараңыз).
АӨФ тежегіштерін рацекадотрилмен, mTOR тежегіштерімен (мысалы, сиролимус, эверолимус, темсиролимус), сондай-ақ, вилдаглиптинмен бір мезгілде қабылдау ангионевроздық ісінудің (мысалы, тыныс алу жеткіліксіздігімен немесе онсыз жүретін тыныс жолдарының немесе тілдің ісінуінің) даму қаупін арттыруы мүмкін («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесулері» бөлімін қараңыз). АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерде, рацекадотрилмен, mTOR тежегіштерімен, сондай-ақ вилдаглиптинмен емдеуді сақ болып бастау керек.
Гемодиализ жүргізілетін пациенттердегі анафилактоидтық реакциялар
Өткізгіштігі жоғары, жоғары ағымды диализ жарғақшаларын (мысалы, AN69) пайдаланып гемодиализ жүргізілетін және АӨФ тежегішін бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттердегі анафилактоидтық реакциялар туралы хабарланған. Мұндай пациенттерде диализ жарғақшасының басқа түрінің немесе басқа класқа жататын гипотензиялық препараттың пайдаланылуына көңіл бөлу керек.
Тығыздығы төмен липопротеиндердің (ТТЛП) аферезі кезіндегі анафилактоидтық реакциялар
Сирек жағдайларда, АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерде, декстран сульфаты қолданылған ТТЛП аферезі кезінде өмірге қауіп төндіретін анафилактоидтық реакциялар дамуы мүмкін. Егер аферезді әрбір жүргізудің алдында АӨФ тежегішін қабылдауды уақытша тоқтатса, ондай реакцияларды болдырмауға мүмкіндік болған.
Десенсибилизация
Десенсибилизация (мысалы, жәндіктердің уы) кезінде, АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерде тұрақты анафилактоидтық реакциялар байқалады. Дәл осы пациенттерде АӨФ тежегіштерімен емдеуді уақытша тоқтатқан жағдайда, аталған реакциялардың пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік туған, алайда олар, аталған препараттар байқаусызда қабылданған жағдайда пайда болған.
Бауыр жеткіліксіздігі
Аса сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерімен емдеу аясында холестаздық сарғаюдан басталған және фульминанттық некрозға дейін үдеген және (кейде) өлімге соқтырған синдром дамыған. Аталған синдромның даму механизмі зерттелмеген. Сарғаю белгілері пайда болған немесе «бауыр» ферменттерінің белсенділігі едәуір жоғарылаған жағдайда, лизиноприлмен емдеуді тоқтату керек, пациенттер тиісінше медициналық қадағалауда болуы тиіс.
Нейтропения/агранулоцитоз
АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия дамығаны туралы хабарланған. Бүйрек функциясы қалыпты, басқа ауырлататын факторлары жоқ пациенттерде нейтропения сирек дамиды. Нейтропения мен агранулоцитоз АӨФ тежегіштерімен емдеуді тоқтатқаннан кейін басылған. Дәнекер тіндердің жүйелі аурулары бар пациенттерде, сондай-ақ, иммуносупрессиялық емді, аллопуринолды немесе прокаинамидті қабылдап жүрген немесе осы асқындыратын факторлар бірігіп келген пациенттерде, әсіресе, егер бүйрек функциясының бұзылуы бар болса, лизиноприлді аса сақтықпен қолдану керек. Кейбір мұндай пациенттерде кей жағдайларда антибиотикпен қарқынды емдеуге жауап бермейтін ауыр инфекциялар дамыған. Егер лизиноприл ондай пациенттерде пайдаланылса, онда лейкоциттер мөлшерін жүйелі түрде бақылап отыру ұсынылады; бұдан өзге, пациенттерге кез келген инфекция белгілері туралы хабарлап отыру қажеттілігін түсіндіру керек.
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) қосарлы блокадасы
АӨФ тежегіштерін, ангиотензин II рецепторларының блокаторларын немесе алискиренді қатарлас қолдану артериялық гипотензия, гиперкалиемия және бүйрек функциясының төмендеуі (бүйректің жедел жеткіліксіздігін қоса) қаупін арттыратындығы туралы мәліметтер алынған. Осы себепті, АӨФ тежегіштерін, ангиотензин II рецепторларының блокаторларын немесе алискиренді біріктіріп қолданудың есебінен жүргізілетін РААЖ қосарлы блокадасы ұсынылмайды. («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесулері» бөлімін қараңыз).
Егер қосарлы блокада аса қажет болса, онда мұндай емді дәрігердің қадағалауымен, бүйрек функцясын, электролиттер мөлшері мен артериялық қысымды мұқият бақылай отырып жүргізу керек. Диабеттік нефропатиясы бар пациенттерде АӨФ тежегіштерімен және ангиотензин II рецепторларының блокаторларымен біріктірілген емді қолданбау керек.
Нәсіл
Қара нәсілді пациенттерде АӨФ тежегіштері, басқа нәсілге жататын пациенттердегіге қарағанда, ангионевроздық ісінуді жиірек туғызады.
АӨФ басқа тежегіштерімен жағдайдағы сияқты, басқа нәсілге жататын пациенттердегіге қарағанда, қара нәсілді пациенттерде лизиноприлдің артериялық қысымды төмендетуге қатысты тиімділігі аздау болуы мүмкін, бұған артериялық гипертензиядан зардап шегіп жүрген қара нәсілді пациенттерде ренин деңгейі төмен жағдайлар жиілігінің жоғарырақ екендігі түрткі болуы ықтимал.
Жөтел
АӨФ тежегіштерімен емдеу кезінде жөтелдің туындағаны туралы хабарланған. Жөтел, әдетте, құрғақ, тұрақты, және препаратты тоқтатқаннан кейін тыйылған. Жөтелдің дифференциациялық диагностикасы кезінде АӨФ тежегіштері индукциялаған жөтелдің болуы мүмкіндігін ескеру керек.
Хирургиялық араласым/анестезия
Ауқымды операциялық араласым жүргізілетін пациенттерде немесе артериялық гипотензияға алып келетін препараттармен жүргізілетін жалпы анестезия кезінде, лизиноприл рениннің компенсаторлық лықсып шығуынан кейін ангиотензин II түзілуін бөгеуі мүмкін. Егер жоғарыда келтірілген механизмнің нәтижесінде артериялық гипотензия дамуы ықтимал болса, айналымдағы қан көлемінің ұлғаюына түзету жүргізуге болады.
Гиперкалиемия
АӨФ тежегіштері қан сарысуындағы калий мөлшерінің жоғарылауын туғызуы мүмкін, өйткені олар альдостеронның босап шығуын бөгейді. Әдетте, бұл әсері бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде клиникалық тұрғыдан елеусіз. Дегенмен, бүйрек функциясының бұзылулары, қант диабеті бар пациенттерде немесе құрамында калий бар тағамдық қоспаларды (соның ішінде, құрамында калий бар тұз алмастырғыштар), калий жинақтаушы диуретиктерді (мысалы, спиронолактон, триамтерен немесе амилорид) қабылдап жүрген пациенттерде, сондай-ақ, қан сарысуындағы калий мөлшерінің жоғарылауын туғызуға қабілетті басқа препараттарды (мысалы, гепарин, триметоприм немесе ко-тримаксазол атауымен де белгілі біріктірілген триметоприм/сульфаметоксазол препаратын, және, әсіресе, альдостерон антагонистерін немесе ангиотензин рецепторларының блокаторларын) қабылдап жүрген пациенттерде гиперкалиемия байқалуы мүмкін. Калий жинақтаушы диуретиктер мен ангиотензин рецепторының блокаторлары АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерде сақтықпен қолданылуы тиіс. Жоғарыда көрсетілген препараттарды бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайда, қан сарысуындағы калий мөлшері мен бүйрек функциясына жүйелі түрде бақылау жүргізу керек. («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесулері» бөлімін қараңыз).
Қант диабеті бар пациенттер
Қант диабеті бар, гипогликемиялық препараттарды ішке қабылдап жүрген немесе инсулинді қабылдап жүрген пациенттерде, АӨФ тежегішімен емдеудің алғашқы айы ішінде гликемияны мұқият бақылауды жүзеге асыру керек («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесулері» бөлімін қараңыз).
Литий препараттары
Әдетте, литий препараттары мен лизиноприлді бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесулері» бөлімін қараңыз).
Жүктілік
Жүктілік кезінде АӨФ тежегіштерімен емдеуді бастамау керек. Егер АӨФ тежегішімен емделуді жалғастыру қажет деп есептелмесе, жүктілікті жоспарлап жүрген пациент әйелдерді жүктілік кезінде қолданылуының қауіпсіздік бейіні белгілі баламалы гипотензиялық дәрілерге көшіру керек. Жүктілік расталған жағдайда, АӨФ тежегіштерімен емдеуді дереу тоқтату және қажет болған жағдайда, баламалы емін тағайындау керек. («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде дозасын арттырған кезде сақтық таныту керек («Қолдану жөніндегі ұсынымдар» бөлімін қараңыз).
Амлодипинмен байланыстылары:
Амлодипиннің гипертониялық криз кезінде қолданылуының қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.
Жүрек жеткіліксіздігі
Жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипинді сақ болып қолдану керек. Жүректің ауыр жеткіліксіздігі (Нью-Йорк кардиологтар қауымдастығы, NYHA жіктеуі бойынша III және IV класты) бар пациенттердің қатысуымен жүргізілген ұзаққа созылатын плацебо бақыланатын зерттеуде плацебо қабылдаған пациенттер тобындағыға қарағанда, амлодипинді қабылдаған пациенттер тобында, өкпенің ісінуі жиірек тіркелген.
Кальций өзекшелерінің блокаторын, соның ішінде амлодипинді, жүректің іркілісті жеткіліксіздігі бар пациенттерге абайлап тағайындау керек, өйткені олар жүрек-қантамыр асқынулары мен өлім қаупін арттыруы мүмкін.
Бауыр жеткіліксіздігі
Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипиннің жартылай шығарылу кезеңінің ұзарғаны және «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданының (AUC) артқаны байқалады, алайда, дозалануына қатысты сәйкесінше ұсынымдар әзірленбеген. Сондықтан, амлодипинді қолдануды дозалану ауқымындағы ең төменгі дозасынан бастаған дұрыс; және емді бастау мен дозасын арттыруды сақтықпен жүргізу керек. Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге дозасын баяу жоғарылату және мұқият қадағалау қажет болуы мүмкін.
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде дозасын абайлап арттыру керек («Қолдану жөніндегі ұсынымдар» бөлімін қараңыз).
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бұл топтағы пациенттерде амлодипинді әдеттегі дозаларында тағайындауға болады. Амлодипиннің қан плазмасындағы концентрацияларының өзгерістері бүйрек жеткіліксіздігінің дәрежесімен өзара байланысты емес. Амлодипин диализ арқылы шығарылмайды.
Экватор препаратымен байланысты
Қосымша зат
Препараттың құрамында әрбір таблеткада 1 ммоль-ден кем натрий (23 г) бар, яғни құрамында натрий жоқ деуге болады.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Лизиноприл
Көлік құралдарын басқару немесе механизмдермен жұмыс жасау кезінде бас айналуының немесе шаршаудың дамуы мүмкіндігін ескеру керек.
Амлодипин
Амлодипин көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне болар-болмас немесе орташа ықпал тигізуі мүмкін. Егер амлодипинді қабылдағанда пациенттер бас айналуын, бас ауыруын, шаршауды немесе жүрек айнуын сезінсе, бұл реакция жылдамдығына әсер етуі мүмкін. Әсіресе, препаратты қабылдауды бастаған кезде сақтық таныту керек.
Жоғарыда келтірілген ақпаратты ескерсек, Экватор препараты көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне әсер етуі мүмкін (әсіресе, препаратпен емдеудің басында).