Қант диабеті бар пациенттер перитонеальді диализ (ПД) жүргізу кезінде гликемияны бақылауды ұстап тұру үшін инсулинді қосымша енгізуді жиі қажет етеді. Глюкоза негізіндегі ПД арналған ерітіндіден Экстранилге ауысу инсулиннің әдеттегі дозасын түзетуді талап етуі мүмкін. Инсулинді интраперитонеальді енгізуге болады.
Мальтозаның болуымен нәтиженің бұрмалану ықтималдығына жол бермеу үшін қандағы глюкоза деңгейін өлшеу глюкозаға тән әдісті қолдана отырып жүргізілуі керек. Пирролокинолинхинонға тәуелді глюкозодегидрогеназа (GDH-PQQ) немесе глюкоза-хромоген-оксидоредуктаза (GDO) негізіндегі әдістерді қолдануға болмайды. Одан өзге, талдау әдісі флавинадениндинуклеотид-глюкозодегидрогеназаға (GDH-FAD) негізделген кейбір глюкометрлер мен тест-жолақтарын қолданған кезде талданатын ерітіндіде мальтозаның болуына байланысты глюкоза концентрациясының мәндерін жалған жоғарылатуға болады. Икодекстриннің немесе мальтозаның болуы нәтиженің бұрмалануын немесе глюкоза концентрациясының мәндерінің жалған жоғарылауын туындататынын анықтау үшін глюкометр мен тест-жолақтардың өндірушіс(лер)імен байланысу қажет.
GDH-PQQ, GDO немесе GDH-FAD негізіндегі әдістерді пайдаланған кезде Экстранил препаратын қолдану глюкоза концентрациясының жалған жоғарылатылған мәндерін туындатуы мүмкін, бұл қажетті мөлшерден көп инсулин енгізуге әкелуі мүмкін. Қажет болғаннан көп мөлшерде инсулин енгізу гипогликемияның себебі болды, бұл сананың жоғалуына, комаға, жүйке жүйесінің зақымдалуына және өлімге әкелді. Одан өзге, мальтозаның болуына байланысты қандағы глюкоза концентрациясының жалған жоғарылауы шынайы гипогликемияны бүркемелеуі мүмкін, оған байланысты қажетті емдеу тағайындалмауы мүмкін, бұл ұқсас салдарға әкеледі. Қандағы глюкоза деңгейін өлшеу үшін GDH-PQQ, GDO немесе GDH-FAD негізіндегі глюкометрлер мен тест-жолақтарды пайдаланған кезде глюкоза концентрациясының жалған жоғары мәндері Экстранил препаратымен емдеуді тоқтатқаннан кейін екі апта ішінде байқалуы мүмкін.
GDH-PQQ, GDO немесе GDH-FAD негізіндегі глюкометрлер стационар жағдайында қолданылуы мүмкін болғандықтан, пациенттерге Экстранил препаратын қолдана отырып перитонеальді диализ процедурасын жүргізетін дәрігерлер қандағы глюкоза деңгейін анықтау үшін тест-жүйелерді, тест-жолақтарды қоса, пайдалануға қатысты бөлігінде препарат туралы ақпаратпен мұқият танысуы және мекемеде пайдаланылатын тест-жүйе Экстранил препаратын қолдана отырып ем жүргізген жағдайда қолайлы болып табылатынын анықтай алуы маңызды.
Инсулиннің дұрыс емес дозаларын енгізбеу үшін пациенттерді стационарға түскен сайын осы өзара әрекеттесу туралы медицина қызметкерлерін хабардар етуге үйрету қажет.
Перитонеальді диализ процедурасын пациенттерде сақтықпен жүргізген жөн:
1) хирургиялық араласудың, туа біткен ауытқулардың немесе жарақаттың нәтижесінде перитонеальді жарғақша мен диафрагманың зақымдануын қоса, іштің патологиясы; құрсақ қуысының ісіктері; құрсақ қуысы қабырғасының инфекциясы; жарық; нәжіс жыланкөздері; колостома немесе илеостома; дивертикулиттің жиі эпизодтары; ішектің қабыну немесе ишемиялық аурулары; мөлшері ұлғайған бүйрек поликистозы; сондай-ақ ол кезде құрсақ қабырғасының, іш аумағындағы беткейлік тіндердің немесе құрсақ қуысының тұтастығы бұзылуы мүмкін басқа да жағдайлар; сондай-ақ мына пациенттерде:
2) аорта трансплантатын орнату бойынша жақында жүргізілген араласуды және өкпенің ауыр ауруын қоса, басқа да патологиялық жағдайлармен.
Перитонеальді диализді қолданумен емдеудің белгілі сирек асқынуы инкапсуляциялық перитонеальді склероз (ИПС) болып табылады. ИПС перитонеалдық диализге арналған ерітінділерді пайдаланатын пациенттерде, оның ішінде ПД процедураларын жүргізе отырып, емдеу кезінде Экстранил препаратын пайдаланатын кейбір пациенттерде байқалды. Сирек жағдайларда Экстранил препаратын қолдану кезінде өліммен аяқталғаны туралы хабарланды.
Лактатацидоздың даму қаупін арттыратын жағдайы бар [мысалы, ауыр гипотензиясы, сепсисі, жедел бүйрек жеткіліксіздігі, метаболизмнің туа біткен бұзылулары бар, метформин және кері транскриптаза нуклеозидті/нуклеотидті тежегіштері (КТНТ) сияқты дәрілік препараттармен ем алатын пациенттер ем басталғанға дейін лактатацидоздың бар-жоғы тұрғысынан тексеруден өтуі және лактат негізіндегі перитонеальді диализге арналған ерітінділерді қолдана отырып емдеу кезінде байқалуы тиіс.
Ерітіндіні тағайындаған кезде әрбір жеке пациентке диализ терапиясы мен басқа ауруларды емдеу үшін қолданылатын препараттар арасындағы ықтимал өзара әрекеттесуді ескеру қажет. Жүрек гликозидтерімен ем қабылдайтын пациенттерде қан сарысуындағы калий деңгейін мұқият бақылау керек.
Экстранил препаратын қолданғанда құрамында бактериялар (асептикалық перитонит) бар немесе жоқ іштің ауырсынуын, дренаж бойынша бұлыңғыр бөліністі қоса, құрсақ тарапынан реакциялар байқалды. Құрсақ тарапынан реакциялар туындаған жағдайда пациент икодекстриннің пакетін серия нөмірімен бірге құрғатылған сұйықтықпен бірге сақтауы және пакеттен құрғатылған сұйықтыққа талдау жүргізу үшін дәрігермен байланысуы тиіс.
Дренаждалған сұйықтықты фибриннің немесе бұлыңғырлықтың бар-жоғын тексеру керек, бұл инфекцияның немесе асептикалық перитониттің бар-жоғын көрсетуі мүмкін. Пациенттерге мұндай жағдайларда олардың өз дәрігерімен байланысуына нұсқау беру керек және тиісті микробиологиялық талдаулар жүргізу үшін үлгілерді алу қажет. Бактерияға қарсы емді бастау туралы шешім инфекцияның болуы немесе болмауы белгілері негізінде қабылдануы тиіс. Егер сұйықтық бұлыңғырлануының басқа да ықтимал себептері жоққа шығарылса, Экстранил препаратын енгізуді тоқтатып, нәтижелерін бағалау керек. Егер Экстранил препаратын қолдану тоқтатылса және осыдан кейін сұйықтық мөлдір болса, Экстранил препаратын қолдануды пациент мұқият медициналық бақылауда болған жағдайларды қоспағанда, қайта бастауға болмайды. Егер Экстранил препаратын қайта енгізген кезде сұйықтық қайтадан бұлыңғыр болып кетсе, Экстранилді бұл пациентте бұдан былай қолдануға болмайды. Перитонеальді диализ жүргізумен альтернативті терапияны бастау және пациенттің жағдайын мұқият бақылау керек.
Перитонит дамыған жағдайда бактерияға қарсы препараттарды және олардың дозаларын таңдау кезінде мүмкіндігінше микроорганизмдердің нақты түрлерін және олардың бактерияға қарсы препараттарға сезімталдығын анықтауға арналған талдаулардың нәтижелерін басшылыққа алған жөн. Нақты қоздырғыштарды анықтағанға дейін, егер көрсетілім болса, кең спектрлі антибиотиктерді қолдануға болады.
Сирек жағдайларда Экстранил препаратымен байланысты аса жоғары сезімталдықтың уытты эпидермальді некролиз, ангионевроздық ісіну, полиформалық эритема және васкулит сияқты күрделі реакцияларының туындағаны туралы хабарланды. Анафилаксиялық / анафилактоидты реакциялар байқалуы мүмкін. Күдікті аса жоғары сезімталдық реакциясының кез келген белгілері немесе симптомдары пайда болған кезде инфузияны дереу тоқтатып, ерітіндіні құрсақ қуысынан шығару қажет. Клиникалық көрсетілімдерге байланысты тиісті емдік іс-шараларды бастау қажет. Жедел бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде Экстранил препаратын қолдану ұсынылмайды.
Перитонеальді диализ емшаралары кезінде организмнен ақуызды, амин қышқылдарын, суда еритін дәрумендерді және басқа дәрілік препараттарды шығару мүмкін болады, осыған байланысты оларды толықтыру қажет болуы мүмкін.
Гипергидратация немесе сусыздануды болдырмау үшін мұқият мониторинг жүргізу қажет. Гипергидратацияға немесе сусыздануға жол бермеу үшін пациенттер мұқият қадағалауда болуы тиіс. Күшейтілген ультрафильтрация, әсіресе егде пациенттерде, гипотензияның және ықтимал неврологиялық симптомдардың кейіннен дамуымен сусыздануға әкелуі мүмкін. Сұйықтықтың тепе-теңдігін дәл есепке алу және пациенттің дене салмағын бақылау қажет. Экстранил препаратының артық көлемін құрсақ қуысына енгізу іштің кебуімен, толу сезімімен және/немесе ентігумен қатар жүруі мүмкін.
Экстранил препаратының артық көлемін енгізген жағдайда жағдайды түзету оны дренаж арқылы құрсақ қуысынан алып тастау болып табылады.
Қалыпты тамақтануға кедергі келтіретін, тыныс алу функциясының бұзылуы немесе калий тапшылығы бар пациенттерде перитонеальді диализге арналған басқа сұйықтықтар сияқты икодекстринді сақтықпен және препараттың ықтимал қауіптері мен пайдалы әсерлерін жан-жақты бағалағаннан кейін қолданған жөн.
Сұйықтық мөлшерін, клиникалық және биохимиялық қан талдауларының параметрлерін, сондай-ақ магний мен бикарбонаттарды қоса электролиттердің деңгейін мезгіл-мезгіл бақылап отыру керек. Қан сарысуындағы магний деңгейінің төмендеуі жағдайында құрамында магний бар қоспаларды тағайындауға немесе құрамында магнийдің жоғары концентрациясы бар перитонеальді диализге арналған ерітінділерді қолдануға болады.
Кейбір пациенттерде қан сарысуындағы натрий мен хлоридтер деңгейінің төмендеуі байқалды. Осы параметрлердің төмендеуі клиникалық тұрғыдан елеусіз деп бағаланғанына қарамастан, қан сарысуындағы электролиттердің деңгейін үнемі бақылау ұсынылады.
ПД емшараларын жүргізумен ұзақ уақыт ем қабылдап жүрген пациенттерде қан сарысуындағы амилаза деңгейінің төмендеуі жиі байқалды. Мұндай төмендеу ешқандай жағымсыз әсерлермен қатар жүрмеді. Алайда, амилаза деңгейінің мұндай төмендеуі әдетте жедел панкреатитте байқалатын сарысулық амилаза деңгейінің жоғарылауын бүркемелей ала ма, жоқ па белгісіз. Клиникалық зерттеулер барысында қан сарысуындағы сілтілік фосфатазаның шамамен 20 ХБ/л жоғарылауы байқалды. Сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы аспартатаминотрансфераза (SGOT) деңгейінің жоғарылауымен қатар жүретін жекелеген жағдайлар тіркелді.
Арнайы ескертулер
Бала жасындағы пациенттер
Балаларға Экстранил препаратын қолдану ұсынылмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Перитонеальді диализ емшара жүргізу арқылы емделетін бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысы бар пациенттерде көлік құралдарын басқару немесе күрделі механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсер етуі мүмкін жағымсыз әсерлер болуы мүмкін.