Эсциталопрамды қоса алғанда, СКҚСТ (серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері) емдік тобына жататын препараттарды қолданған кезде төменде келтірілген айрықша нұсқаулар мен сақтық шараларын ескерген жөн.
Балалар
Элопрам® балаларды емдеу үшін қолданылмайды. Суицидтік мінез-құлық (суицидке ұмтылыс және суицидтік ойлар) және жауығу (көбінесе озбырлану, оппозициялық мінез-құлық және ызалану) плацебо қабылдағандармен салыстырғанда антидепрессанттарды қабылдаған балалар тобындағы клиникалық зерттеулерде жиі байқалды. Егер клиникалық қажеттілік негізінде емдеу туралы шешім қабылданып қойса, пациенттегі суицидтік симптомдар пайда болуын мұқият бақылау керек. Сонымен қатар, педиатриялық популяция үшін өсу, жетілу, танымдық және мінез-құлық дамуына қатысты ұзақ мерзімді қауіпсіздік деректері жоқ.
Парадоксальді мазасыздық
Үрейлі бұзылыстары бар кейбір пациенттерде антидепрессанттармен емдеудің басында үрейленудің күшеюі байқалуы мүмкін. Мұндай парадоксальді реакция әдетте емдеудің алғашқы екі аптасы ішінде өтеді. Анксиогендік әсердің пайда болу ықтималдығын төмендету үшін бастапқы төмен дозаларды пайдалану ұсынылады.
Құрысу ұстамалары
Егер пациентте құрысу ұстамасы алғаш рет дамыған немесе ұстамалар жиілеген жағдайда (эпилепсия диагнозы белгіленген пациенттерде) эсциталопрам қабылдауды тоқтату керек. Тұрақсыз эпилепсиясы бар пациенттерде СКҚСТ қолданудан аулақ болу керек, ал бақыланатын эпилепсиясы бар пациенттерде мұқият бақылауды қамтамасыз ету керек.
Мания
Эсциталопрам анамнезінде маниясы/гипоманиясы бар пациенттерге сақтықпен тағайындалуы тиіс. Маниакальді жағдай дамығанда препарат қабылдау тоқтатылуға тиіс.
Қант диабеті
Қант диабеті бар пациенттерді эсциталопраммен емдеу қандағы глюкоза деңгейін өзгертуі (гипогликемия или гипергликемия) мүмкін. Инсулиннің және/немесе пероральді гипогликемиялық препараттардың дозаларын түзету қажет болуы мүмкін.
Суицидтік ойлар
Депрессия суицидтік ойлардың пайда болу, өзіне дене жарақатын салу және суицид (суицидтік құбылыстар) қаупінің жоғарылауымен байланысты. Бұл қауіп айқын ремиссия басталғанға дейін сақталады. Жақсару емдеудің алғашқы бірнеше аптасында немесе одан да ұзақ уақыт байқалмауы мүмкін болғандықтан, пациенттер олардың жағдайы жақсарғанға дейін тұрақты бақылауда болуы тиіс. Сауығудың ерте сатыларында өзіне қол жұмсау артуының қаупі мүмкіндігі белгілі. Емдеу үшін препарат тағайындалған басқа психикалық бұзылулар да суицидтік құбылыстар туындауының жоғары қаупімен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл жағдайлар депрессиялық эпизодқа қатысты қатар жүретін патология болуы мүмкін. Басқа психикалық бұзылулары бар пациенттерді емдеу кезінде депрессиялық эпизоды бар пациенттерді емдеу сияқты сақтық шараларын сақтау керек. Анамнезінде суицидтік мінез-құлқы бар пациенттер немесе емдеу басталғанға дейін суицидтік тақырыптарға ой жүгіртудің елеулі деңгейі бар пациенттер суицидтік ойлар немесе суицид әрекеттері қаупіне көбірек ұшырайды, сондықтан оларды емдеу кезінде мұқият бақылау жүргізілуі тиіс. Мұндай пациенттерді, атап айтқанда, суицид қаупі жоғары пациенттерді дәрі-дәрмекпен емдеу, әсіресе емдеудің ерте сатысында және дозаның өзгеруі кезінде мұқият бақылаумен қатар жүруі тиіс. Пациенттерге (және пациенттерге күтім жасайтын адамдарға) клиникалық нашарлаудың, суицидтік мінез-құлықтың немесе ойлардың кез келген көріністерін, сондай-ақ мінез-құлқындағы ерекше өзгерістерді бақылау қажеттігі туралы ескертілуі тиіс және осы симптомдар пайда болған кезде дереу медициналық кеңес алуы тиіс.
Акатизия/психомоторлы қозу
СКҚСТ/серотонин мен норэпинефринді кері қармау тежегіштерін (СКҚСТН) қабылдау акатизияның дамуына астасады, ол субъективті жағымсыз немесе шаршататын мазасыздықтың дамуымен және үнемі қозғалысты талап етумен, көбінесе тыныш отыра алмаумен немесе тыныш тұра алмаумен сипатталады. Акатизия көбінесе емдеудің алғашқы бірнеше апталарында көрінеді. Мұндай симптомдары бар пациенттерде дозаның жоғарылауы жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін.
Гипонатриемия
Эсциталопрамды қабылдау аясында антидиурездік гормон (АДГ) сөлінің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін гипонатриемия сирек пайда болады және әдетте емдеуді тоқтатқан кезде жоғалады. Эсциталопрамды гипонатриемияның даму қаупінің тобына кіретін пациенттерге: егде жастағыларға, бауыр циррозы бар және гипонатриемияны туындатуға қабілетті препараттарды қабылдап жүрген пациенттерге тағайындағанда сақ болу керек.
Қан құйылу
СКҚСТ қабылдаған кезде теріге қан құйылулар (экхимоз және пурпура) даму жағдайлары туралы хабарланды. СКҚСТ және пероральді антикоагулянттарды, қанның ұюына әсер ететін препараттарды (мысалы, атипті антипсихотиктер мен фенотиазиндер, трициклді антидепрессанттардың көпшілігі, ацетилсалицил қышқылы және қабынуға қарсы стероидты емес дәрілік препараттар (ҚҚСП), тиклопидин және дипиридамол), сондай-ақ анамнезінде қан кетуге бейімі бар пациенттерде бір мезгілде қолданғанда сақ болу керек.
Электроқұрыстыру емі (ЭҚЕ)
СКҚСТ мен электроқұрыстыру емін (ЭҚЕ) бір мезгілде қолданудың тәжірибесі шектеулі болғандықтан, эсциталопрам мен ЭҚЕ бір мезгілде қолданғанда сақ болу керек.
Серотониндік синдром
Эсциталопрам мен серотонинергиялық әсері бар препараттарды, мысалы, суматриптанды немесе басқа триптандарды, трамадолды және триптофанды бір мезгілде қабылдаған кезде сақ болу керек. Сирек жағдайларда, СКҚСТ серотонинергиялық препараттармен бір уақытта қабылдаған кезде серотонин синдромының дамуы туралы хабарланды. Ажитация, тремор, миоклонус және гипертермия сияқты симптомдардың біріктірілімі осы жағдайдың дамуын көрсетуі мүмкін. Серотонин синдромы дамыған жағдайда СКҚСТ және серотонинергиялық препараттарды қабылдауды дереу тоқтатып және симптоматикалық емді бастау керек.
Шілтерлі шайқурай
Құрамында СКҚСТ және шілтерлі шайқурай (Hypericum perforatum) бар өсімдік текті шикізаттан жасалған препараттарды бір мезгілде қолдану жағымсыз реакциялар жағдайларының ұлғаюына әкелуі мүмкін.
Емдеуді тоқтатқан кезде байқалатын симптомдар
Препаратты қабылдауды тоқтатқанда, әсіресе күрт тоқтатқан кезде "тоқтату"синдромы жиі туындайды.
"Тоқтату" синдромының даму қаупі емнің ұзақтығы мен дозасын, сондай-ақ дозаны төмендету жылдамдығын қоса алғанда, бірнеше факторларға байланысты болуы мүмкін.
Көбінесе бас айналу, сезімталдықтың бұзылуы (парестезия және бойда ток жүріп өту сезімін қоса), ұйқының бұзылуы (ұйқысыздық пен қарқынды түс көрулерді қоса), ажитация немесе үрейлену, жүрек айнуы және/немесе құсу, тремор, сананың шатасуы, қатты тершеңдік, бас ауыруы, диарея, жүрек қағуы, эмоционалды тұрақсыздық, ашушаңдық, көру қабілетінің бұзылуы туралы хабарланды.
Әдетте, бұл әсерлер әлсіз немесе орташа білінеді, алайда кейбір пациенттерде олар біршама ауыр түрінде білінуі мүмкін.
Симптомдар әдетте препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін алғашқы бірнеше күн ішінде пайда болады, алайда препаратты қабылдауды өткізіп алған пациенттерде мұндай симптомдардың сирек жағдайлары туралы белгілі.
Көптеген жағдайларда симптомдар 2 апта ішінде жойылады, дегенмен кейбір пациенттерде олар 2-3 ай немесе одан да көп уақыт сақталуы мүмкін.
Сондықтан емдеуді тоқтатқан кезде пациенттің қажеттіліктеріне сәйкес бірнеше апта немесе ай бойы эсциталопрам дозасын біртіндеп төмендету ұсынылады.
Сексуальді дисфункция
СКҚСТ / СКҚСТН сексуальді дисфункцияның себебі болуы мүмкін. СКҚСТ / СКҚСТН қабылдауды тоқтатуға қарамастан, ұзаққа созылған сексуальді дисфункция туралы хабарламалар болған.
Жүректің ишемиялық ауруы
Жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерге қолданудың шектеулі тәжірибесіне байланысты эсциталопрамды сақтықпен қабылдау керек.
QT аралығының ұзаруы
Эсциталопрам QT аралығының дозаға тәуелді ұзаруын тудырады.
QT аралығының ұзаруы және пируэтті қарыншалық тахикардияны (torsade de pointes) қоса, қарыншалық аритмияның дамуы жағдайлары, негізінен әйелдерде, гипокалиемиясы бар, анамнезінде QT аралығының ұзаруы немесе жүректің басқа аурулары бар пациенттерде хабарланды.
Препаратты айқын брадикардиясы бар пациенттерде, жақында миокард инфарктісін бастан өткерген немесе декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде сақтықпен қолдану ұсынылады.
Гипокалиемия және гипомагниемия сияқты электролиттік теңгерімнің бұзылуы қатерлі аритмияның даму қаупін арттырады, сондықтан эсциталопрам қабылдауды бастағанға дейін түзетілуі тиіс.
Компенсацияланған жүрек аурулары бар пациенттерде емдеу басталғанға дейін ЭКГ зерттеу жүргізу қажет.
Эсциталопрам қабылдау кезінде жүрек аритмиясының белгілері пайда болған кезде емдеуді тоқтатып, ЭКГ жүргізу керек.
Жабық бұрышты глаукома
СКҚСТ, соның ішінде эсциталопрам, қарашық өлшеміне әсер етуі мүмкін, бұл мидриазға әкеледі. Бұл мидриаздық әсер көздің бұрышын потенциалды түрде тарылтады, әсіресе, осыған бейімі бар пациенттерде, көзішілік қысымның жоғарылауына және жабық бұрышты глаукоманың дамуына әкеледі. Сондықтан эсциталопрамды жабық бұрышты глаукомасы бар немесе анамнезінде глаукомасы бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Арнайы сақтандырулар
Қосымша заттар
Элопрам® бір реттік дозасының құрамындағы натрий 1 ммольден аз (23 мг), яғни «натрийсіз» дерлік.
Педиатрияда қолданылуы
Элопрам® балалар мен 18 жасқа жетпеген жасөспірімдерді емдеуге қолданылмайды. 18 жасқа жетпеген пациенттерде осы кластың дәрілерін қабылдаған жағдайда өзіне қол жұмсауға ұмтылу, суицидтік ойлар және жауығу (негізінен озбырлану, конфронтациялық мінез-құлық және ашуланшақтық) сияқты жағымсыз әсерлер қаупі артады. Алайда, дәрігер 18 жасқа дейінгі пациенттерге, егер ол пациент үшін ең қолайлы деп санаса, Элопрам® тағайындай алады.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Емдеу кезеңінде препараттың жағымсыз әсерлерін ескере отырып, автомобильді немесе механизмдерді басқару ұсынылмайды.