Егде жастағы пациенттер: дозаны түзету әдетте талап етілмейді, бірақ жүрек, бауыр және бүйрек функциясының жиі кездесетін бұзылуларын ескере отырып, препаратты қолдану кезеңінде дәрігердің бақылауы ұсынылады.
Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер: Эмерон препараты бауыр патологиясы бар пациенттерге ұсынылмайды, ал бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолдануға болмайды.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер: әлсіз немесе орташа айқын бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге (креатинин клиренсі 30-80 мл/мин) дозаны түзету талап етілмейді, ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге препаратты қолдануға болмайды (креатинин клиренсі < 30 мл/мин).
Арнайы ескертулер
Жағымсыз әсерлердің даму қаупін төмендету үшін препаратты емдеу курсының ең аз ұзақтығымен ең аз тиімді дозада қолдану қажет. Препаратты ыстық түсіретін дәрі ретінде қолдану ұсынылмайды. Дене температурасының жоғарылауы және пациенттерде тұмауға ұқсас симптомдар пайда болған кезде Эмерон препаратын қабылдауды тоқтату қажет.
Егер препаратты қабылдағаннан кейін жағдай жақсармаса, емдеуді тоқтатып, емдеуші дәрігерге қаралу қажет.
Егде жастағы пациенттерде жүрек, бауыр және бүйрек функциясының бұзылуы жиі байқалады, оларда ҚҚСП қабылдауға жағымсыз реакциялардың даму жиілігі (әсіресе, асқазан-ішек қан кетулері, ойық жаралар мен тесілулер) жоғары, бұл кейбір жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін, сондықтан мұндай жағдайларда дәрігердің қадағалауы ұсынылады.
Жүрек-қантамыр жүйесіне әсері: артериялық гипертензиясы немесе жеңіл немесе орташа айқын дәрежедегі іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде Эмерон препаратын қолданған кезде ісінудің дамуымен организмде сұйықтықтың іркілуі мүмкін.
Кейбір ҚҚСП қолдану (әсіресе жоғары дозаларда және ұзақ уақыт) артериялық тромбоздың (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) шамалы жоғары қаупін беруі мүмкін екендігі туралы деректер бар. Эмерон үшін мұндай қауіпті болдырмау үшін деректер жеткіліксіз. Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, жүректің ишемиялық ауруы, шеткері артерия ауруы және/немесе цереброваскулярлық аурумен анықталған жедел жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге Эмерон препараты пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін ғана тағайындалуы мүмкін. Осындай тәсіл жүрек-қан тамырлары ауруларының (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті және темекі шегу) қауіп факторлары бар пациенттерді ұзақ емдеуді бастар алдында қолданылады.
Нимесулид тромбоциттер функциясына әсер етуі мүмкін болғандықтан, Эмерон препаратын геморрагиялық диатезі бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Эмерон жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу үшін ацетилсалицил қышқылын алмастырмайды.
Асқазан-ішек жолына әсері: асқазан-ішектен қан кету, ойық жаралануы / тесілуі (кейде өліммен аяқталатын) емдеу кезеңінде кез келген уақытта, алдын алу симптомдарының пайда болуымен немесе оларсыз дамуы мүмкін. Бұрын асқазан-ішек жолдары тарапынан ұқсас эпизодтарының болуына байланысты емес. Жағымсыз әсерлер пайда болған жағдайда, Эмерон препаратымен емдеуді шұғыл тоқтатып, емдеуші дәрігерге қаралу қажет.
Эмеронды анамнезінде пептидтік ойық жараның, асқазан-ішектен қан кетудің, ойық жаралы колиттің немесе Крон ауруының болуын қоса алғанда, асқазан-ішек бұзылыстары бар пациенттерде қолданбаған жөн, өйткені бұл аурулар өршуі мүмкін.
Асқазан-ішектен қан кетудің, ойық жараның немесе ойық жараның тесілуінің даму қаупі ҚҚСП дозасының ұлғаюымен, сондай-ақ анамнезде ойық жара болған кезде (әсіресе қан кетумен немесе тесілумен асқынған), сондай-ақ егде жастағы адамдарда жоғарылайды.
Ойық жараның немесе қан кетудің даму қаупін арттыруы мүмкін препараттарды, мысалы, пероральді кортикостероидтарды, варфарин сияқты антикоагулянттарды, серотонинді қайта қармайтын селективті тежегіштерді немесе аспирин сияқты антитромбоциттік дәрілерді бір мезгілде қабылдайтын пациенттер препаратты қабылдау кезінде сақ болу қажеттігі туралы хабардар етілуі тиіс.
Мұндай пациенттерді емдеуді ең аз тиімді дозадан бастаған жөн және қажет болған жағдайда қорғаныш қасиеттері бар дәрілік препараттармен (мысалы, мизопростолмен, протонды помпа тежегіштерімен) біріктірілген ем тағайындау мүмкіндігін қарастыру керек.
Асқазан-ішек жолдарының уытты зақымдануы бар пациенттер, әсіресе қарттар, асқазан-ішек жолында пайда болатын кез-келген ерекше симптомдар туралы (әсіресе асқазан-ішектен қан кету) хабарлауы керек. Бұл әсіресе емдеудің бастапқы кезеңдерінде маңызды.
Бауырға әсері: бауыр функциясының айқын бұзылулары бар пациенттерде Эмерон препаратының метаболизмі бұзылуы, организмде препараттың жинақталуымен оның шығарылуы төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ, құрамында нимесулид бар препараттарды қабылдау аясында бауыр функциясының орташа айқыннан ауырға дейін, оның ішінде өлімге дейін бұзылуы туралы хабарламалар бар. Осылайша, бауыр аурулары бар пациенттерге Эмеронды қолдану ұсынылмайды.
Эмерон қабылдайтын пациенттерде бауырдың зақымданғанын көрсететін симптомдар (мысалы, тәбеттің болмауы, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, қатты қажу, несептің күңгірттенуі) немесе бауырдың функционалдық сынамаларының аномалиялық нәтижелері пайда болған кезде препаратты қабылдауды тоқтатып, емдеуші дәрігерге қаралу қажет (бұл жағдайда болашақта нимесулид препараттарын қабылдау ұсынылмайды). Бауырдың зақымдануы туралы хабарланды (көп жағдайда қайтымды), тіпті препараттың қысқа мерзімді әсерінен кейін.
Эмерон препаратымен емдеу кезеңінде бауырға уытты әсер ететін препараттарды, басқа анальгетиктерді немесе ҚҚСП-ны бір мезгілде қолданудан және алкогольді тұтынудан аулақ болу ұсынылады. Егер Эмерон препаратын қолдану кезеңінде тұмауға немесе суық тиюге ұқсас симптомдар дамыса, препаратты қабылдауды тоқтатып, дәрігерге қаралу қажет.
Бүйрек функциясы бұзылған науқастарда қолдану: бүйрек жеткіліксіздігі және жүрек ауруы бар пациенттерде Эмерон препаратын қолданған кезде сақ болу керек, өйткені нимесулид бүйрек жұмысының нашарлауына әкелуі мүмкін. Аурудың өршуі жағдайында емдеуді тоқтату керек.
Терінің аллергиялық реакциялары: Нимесулидті қолданған кезде дәрілік бөртпелердің болуы мүмкіндігі жайлы ескертілді. ҚҚСП-ға ауыр тері реакцияларының өте сирек жағдайлары туралы мәліметтер бар, олардың кейбіреулері өлімге әкелуі мүмкін (мысалы, эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз). Пациенттер емдеудің басында, көбінесе емдеудің бірінші айында осы реакциялардың даму қаупіне көбірек ұшырайды. Эмеронды тері бөртпесінің, шырышты қабықтың зақымдануының және аллергиялық реакцияның басқа белгілерінің алғашқы белгілерінде тоқтату керек.
Эмерон препаратын қабылдар алдында емдеуші дәрігермен кеңесу керек. Бекітілген дәрілік бөртпе түріндегі аллергиялық реакциялар (мысалы, дөңгелек немесе сопақша дақтар, терінің қызаруы және ісінуі сияқты), күлдіреуік (есекжем), қышыну пайда болған жағдайда Эмерон препаратын қолдануды дереу тоқтатып, бұл туралы өзінің емдеуші дәрігеріне хабарлау керек.
Қосымша заттар: Эмерон препаратының құрамында лактоза бар, сондықтан оны сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp-лактоза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге тағайындауға болмайды.
Әр дәрілік заттың құрамында натрийдің мөлшері бір ммольден (23 мг) аз болып келеді, яғни іс жүзінде құрамында натрий жоқ.
Егде жастағы пациенттер: әсіресе егде жастағы пациенттер ҚҚСП жағымсыз әсерлеріне, оның ішінде асқазан-ішек қан кетулеріне және тесілуіне, өлімге әкелуі мүмкін бүйрек функциясының, жүрек және бауыр функциясының бұзылуына бейім, сондықтан олар дәрігердің белсенді бақылауын қажет етеді.
Әйелдердегі фертильділікке әсері: нимесулидті қолдану әйелдің фертильділігін төмендетуі мүмкін және жүктілікті жоспарлау кезінде ұсынылмайды. Жүкті бола алмай жүрген немесе бедеулікке күдік бар әйелдерде Эмерон препаратын қабылдауды тоқтату мүмкіндігін қарастыру қажет.
Педиатрияда қолдану:18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде қолданылмайды.
Жүктілік немесе лактация кезінде: Эмерон препаратын жүктіліктің соңғы триместрінде қолдануға болмайды. Эмерон препаратын басқа ҚҚСП сияқты қолдану жүкті болуға тырысатын әйелдерге ұсынылмайды.
ҚҚСП қолдану жүктілікке немесе шарананың дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Препаратты жүктіліктің ерте кезеңінде қолданғаннан кейін, зерттеу нәтижелері түсік тастау, жүрек ақаулары және алдыңғы құрсақ жақтауы ақауларының жоғарылау қаупін көрсетеді. Дозаның жоғарылауымен және емдеу ұзақтығымен қауіп жоғарылайды деп саналады. Эмерон препаратын жүкті әйелдерде қолдану туралы жеткілікті деректер жоқ.
Егер Эмерон препаратын жүкті болуға тырысатын әйел немесе жүктіліктің бірінші немесе екінші триместрінде қабылдаса, дозасы мен емдеу ұзақтығы мүмкіндігінше төмен болуы тиіс.
Жүктіліктің үшінші триместрінде простагландин синтезінің барлық тежегіштері шаранада мыналарды туындатуы мүмкін:
жүрек-өкпе уыттылығы (артериялық түтіктің мерзімінен бұрын жабылуымен және өкпе артериясы жүйесіндегі гипертензиямен);
- қағанақ суының аздығы дамуымен бүйрек жеткіліксіздігіне дейін үдеуі мүмкін бүйрек функциясының бұзылуы.
Жүктіліктің соңында ана мен балада: қан кету уақытының ұзаруы мүмкін, тіпті өте төмен дозаларды қолданғанда да; босану ұзақтығының кідіруіне немесе ұзаруына әкеп соқтыратын жатырдың жиырылу қызметінің бәсеңдеуі, сондықтан Эмерон препаратын жүктіліктің үшінші триместрінде қолдануға болмайды.
Бала емізу: Эмерон препаратының емшек сүтімен шығарылатыны белгісіз, сондықтан оны бала емізетін аналарға қолдануға болмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Нимесулидтің көлік жүргізу немесе механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсерін зерттейтін зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда, Эмерон препаратын қабылдағаннан кейін бас айналу және ұйқышылдық дамитын пациенттер автомобильді басқарудан немесе қозғалмалы механизмдермен жұмыс жүргізуден бас тарту керек.