Бауыр функциясының жеткіліксіздігі
АӨФ тежегіштерімен жүргізілетін ем кезінде сирек жағдайларда холестаздық сарғаюдан басталып, артынан бауырдың фульминантты некрозына дейін үдейтін, ал (кейде) өліммен аяқталатын синдром дамуы мүмкін. Бұл синдромның даму механизмі түсініксіз. Егер АӨФ тежегішін қабылдағанда сарғаю немесе бауыр ферменттері деңгейлерінің жоғарылайтыны пайда болса, қабылдап жүрген препаратты дереу тоқтату керек, ал пациент мұқият қадағалауда болып, қажет болса, талапқа сай ем алуы тиіс.
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде (креатинин клиренсі <1,33 мл/с) бастапқы дозаны креатинин клиренсіне қарай, сосын емдеуге берілетін реакцияға орай таңдап алу керек.
Плазмада креатинин деңгейін және калий деңгейін жүйелі бақылап отыру қажет.
Жүрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі немесе, бүйрек артериясының стенозын қоса, бүйректің жасырын түрдегі аурулары бар пациенттерде эналаприлмен емделу кезінде бүйрек функциясының жеткіліксіздігі туындауы мүмкін. Бұл жедел және тиісінше емдегенде, әдетте, қайтымды.
Бүйректің симптомсыз аурулары бар кейбір пациенттерде эналаприлді диуретиктермен бір мезгілде қабылдаудан кейін қан плазмасында мочевина және креатинин деңгейлерінің елеусіз әрі өткінші жоғарылауы туындады. Сондықтан АӨФ тежегішінің дозасын азайту және/немесе диуретиктерді тоқтату қажеттілігі туындауы мүмкін. Бұл жағдай бүйрек артериясының жасырын түрдегі стенозының туындауын қоздырады.
Басқа жай-күйлер
Симптоматикалық гипотензия
Симптоматикалық гипотензия асқынбаған артериялық гипертензияны емдегенде сирек кездеседі, бірақ сұйықтық тапшылығы бар пациенттерде дамуы мүмкін (диуретиктік ем, тұзы шектелген диета, гемодиализ, диарея немесе құсу). Бүйрек функциясының жеткіліксіздігімен астасқан немесе онсыз байқалатын жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде симптоматикалық гипотензия туындауы мүмкін. Ол жоғары дозаларда ілмектік диуретиктер қабылдайтын, жүрек функциясының өте ауыр дәрежедегі жеткіліксіздігі, гипонатриемиясы немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде де пайда болуы мүмкін. Бұл пациенттерде эналаприл және/немесе диуретик дозасын өзгертуді және емделуді мұқият медициналық бақылаумен бастау қажет. Артериялық қысымның шектен тыс төмендеуі миокард инфарктісіне немесе инсультке әкелуі мүмкін стенокардиясы немесе цереброваскулярлы ауруы бар пациенттерді емдегенде осындай қауіпсіздік шараларын жүргізген жөн.
Артериялық гипотензия туындағанда пациентті жатқан қалыпқа көшіріп, қажет болса, натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісін вена ішіне енгізу арқылы плазма көлемін түзету керек. Транзиторлы артериялық гипотензия әрі қарай эналаприл қолдануға қарсы көрсетілім болып табылмайды. АҚ қалыпқа түскен соң, әдетте, қосымша көлем енгізу арқасында, препараттың кейінгі дозаларының пациенттерге жағымдылығы жақсы болады.
Артериялық қысымы қалыпты немесе төмен, жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар кейбір пациенттерде эналаприлді қолданғанда артериялық қысым қосымша төмендеуі мүмкін. Осындай әсер күтіледі, әрі әдетте, емдеуді тоқтатуға негіз бола алмайды. Егер гипотензия симптоматикалық сипатта болса, диуретиктер және/немесе эналаприл дозасын азайту және/немесе қолдануды міндетті түрде тоқтату керек.
Қолқа және митральдық қақпақша стенозы, гипертрофиялық кардиомиопатия
Барлық вазодилататорлар сияқты, АӨФ тежегіштерін солжақ қарыншаның шығарғыш жолының обструкциясы бар пациенттерді емдегенде абайлап қолданып, кардиогенді шок және солжақ қарыншаның шығару жолының гемодинамикалық мәнді обструкциясы жағдайларынан сақтану қажет.
Реноваскулярлық гипертензия
Бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе жұмыс істейтін жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациенттер АӨФ тежегіштерімен ем қабылдағанда артериялық гипотензияның және бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің жоғары даму қаупі бар. Қан плазмасында креатинин деңгейінің орташа өзгерістерінде ғана бүйрек функциясының бұзылуы туындауы мүмкін. Ондай пациенттерді емдеуді төмен дозалардан әрі дәрігердің мұқият қадағалауымен бастаған дұрыс; емдеу кезінде дозаны сақтықпен титрлеп, бүйрек функциясын бақылап отыру қажет.
Бүйрек трансплантациясы
Тәжірибенің болмауына орай, эналаприлмен емдеу таяуда бүйрек трансплантациясы жасалған пациенттерге ұсынылмайды.
Нейтропения және агранулоцитоз
АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттерде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемияның даму жағдайлары болды. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде басқа асқынулар болмаса, нейтропения сирек дамиды.
Эналаприлді аллопуринол немесе прокаинамид, иммунодепрессанттармен бір мезгілде емделіп жүрген, сондай-ақ осы факторлар қосылған коллагеноздары (мысалы, жүйелі қызыл жегі, склеродермия) бар пациенттерде, әсіресе, бүйрек функциясының бұрыннан бар бұзылуларында өте үлкен сақтықпен қолдану қажет. Ондай пациенттерде антибиотиктермен қарқынды ем қонбайтын ауыр инфекциялар дамуы мүмкін. Препарат тағайындалғанда қандағы лейкоциттер мөлшерін мезгіл-мезгіл бақылау ұсынылады. Пациентке инфекцияның қандай да бір белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралуы қажет екені жөнінде ескертілуі тиіс.
Жоғары сезімталдық және ангионевроздық ісіну
Эналаприлді қоса, АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттер арасында бет, аяқ-қол, ерін, тіл, дауыс саңылауының және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінулерінің дамығаны жөнінде сирек жағдайларда хабарланды. Ол емдеу кезінде кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Ондай жағдайда емдеуді тоқтатып, пациентте симптомдардың толық басылуын қамтамасыз ететін тиісті шаралар қабылдау қажет. Тіпті, тыныс алудың бұзылуынсыз, тілдің ісінуі ғана болатын жағдайларда да емдеу тиімділігі үшін жеткіліксіз болуы мүмкін антигистаминдік препараттармен және кортикостероидтармен емдеуден кейін пациенттің жай-күйін ұзақ уақыт қадағалау қажет болуы мүмкін. Өте сирек жағдайларда тіл және көмей ісінулерінде өліммен аяқталу болды. Тіл, дауыс саңылауы немесе көмей ісінулері бар пациенттерде, әсіресе, тыныс жолдарына операция жасалған пациенттерде тыныс жолдарының обструкциясы дамиды. Егер тіл, дауыс саңылауы немесе көмей ісінуі тыныс жолдары обструкциясын дамытумен қатер төндірсе, ең қысқа мерзімде шұғыл ем жүргізу - адреналин 1:1000 (0.3-0.5 мл) ерітіндісін тері астына енгізу және тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет.
АӨФ тежегіштерін қабылдаған қара нәсілді пациенттерде Квинке ісінуі, хабарланғандай, қара нәсілді еместермен салыстырғанда, жиірек болды.
АӨФ тежегіштерімен емдеуге байланыссыз Квинке ісінуін бұрын бастан өткерген пациенттерде АӨФ тежегіштерін қабылдағанда ангионевроздық ісіну қаупі жоғары болады.
Жарғақ қанаттылар десенсибилизациясы кезіндегі анафилактоидтық реакциялар
АӨФ тежегіштерін ара немесе сона уымен десенсибилизациялау курсы кезінде қабылдайтын пациенттерде сирек жағдайларда өмірге қатерлі анафилактоидтық реакциялар болуы мүмкін. Бұл реакциялардың дамуын әр десенсибилизация емшарасы алдында АӨФ тежегішін уақытша тоқтату арқылы болдырмауға болады.
ТТЛП аферезін жүргізу кезіндегі анафилактоидтық реакциялар
АӨФ тежегіштерін декстран сульфатымен тығыздығы төмен липопротеиндер (ТТЛП) аферезі кезінде қабылдайтын пациенттерде сирек жағдайларда өмірге қатерлі анафилактоидтық реакциялар болуы мүмкін. Бұл реакциялардың дамуынан әр аферез шарасы алдында АӨФ тежегішін уақытша тоқтатумен сақтануға болады.
Гемодиализдегі пациенттер
Полиакрилнитрил жарғақшалар (AN 69) пайдаланылатын гемодиализде жүрген және АӨФ тежегіштерін бір мезгілде қабылдаған пациенттер арасында жоғары сезімталдықтың, анафилактоидтық реакцияның дамығаны хабарланды. Гемодиализ жасау қажет болса, жарғақшалардың басқа типін пайдалану немесе пациентті гипертензияға қарсы агенттердің басқа класынан сай келетін препаратты қабылдауға көшіру керек.
Гипогликемия
Диабетке қарсы пероральді препараттар немесе инсулин қабылдайтын, қант диабеті бар пациенттерде АӨФ тежегіштерімен емделген алғашқы ай ішінде қандағы қант деңгейін мұқият бақылау қажет.
Жөтел
АӨФ тежегіштерімен емделу кезінде емді тоқтатудан кейін басылатын тұрақтанған, құрғақ, өнімсіз жөтел туындауы мүмкін. Оны жөтелдің дифференциялық диагностикасының бір бөлігі ретінде қарастыру керек.
Хирургиялық операция және анестезия
Гипотензиялық препараттар қабылдайтын пациенттерде ауқымды хирургиялық операциялардан кейін жалпы анестезия жасағанда эналаприл рениннің компенсаторлық босап шығуы салдарынан ангиотензин II түзілуін бөгеуі мүмкін. Егер дәрігер артериялық гипотензияның осы механизмін болжамдаса, емдеуді айналымдағы қан көлемін көбейтуге бағыттауға болады.
Гиперкалиемия
Эналаприлді қоса, АӨФ тежегіштерін қабылдаған кейбір пациенттерде қан плазмасында калий деңгейінің жоғарылағаны байқалды. Гиперкалиемияны дамытатын қауіп факторларына бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының нашарлауы, жас ерекшелігі (> 70 жас), қант диабеті, кейбір жай-күйлер, атап айтқанда, сусыздану, жүректің жедел жеткіліксіздігі, метаболизмдік ацидоз және калий жинақтаушы диуретиктерді (спиронолактон, эплеренон, триамтерен немесе амилорид), калий қоспаларын және құрамында калий бар тұз алмастырғыштарын бір мезгілде қолдану, сондай-ақ қан плазмасында калий деңгейін арттыратын басқа препараттар (мысалы, гепарин) қабылдау жатады. Калий қоспаларын немесе құрамында калий бар тұз алмастырғыштарын немесе калий жинақтаушы диуретиктер пайдалану, әсіресе, бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде қан плазмасында калий деңгейінің едәуір артуын туындатуы мүмкін. Гиперкалиемия ауыр, кейде өлімге соқтыратын аритмияның туындауына себеп бола алады. Егер эналаприлді жоғарыда аталған агенттердің кез келгенімен бір мезгілде пайдалану мақсатқа сай болып саналса, оларды абайлап қолданып, қан плазмасында калий деңгейін жиірек бақылап отыру керек.
Литий
Литий мен эналаприлді біріктіріп пайдалану ұсынылмайды.
Этностық айырмашылықтар
Басқа да ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері сияқты, қалғандарына қарағанда, қара нәсілді пациенттерде эналаприлдің артериялық қысымды төмендету тиімділігі аз, бұл төмен ренин статусының аса көп таралуынан болуы мүмкін.
Эналаприл NOBEL құрамында лактоза бар Сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылық проблемалары, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактозаның мальабсорбция синдромы бар пациенттер осы препаратты қабылдамауы тиіс.
Эналаприл NOBEL құрамында натрий бар . Тұзсыз диетаны ұстанатын адамдарға тағайындағанда сақ болу керек.
Арнайы сақтандырулар
Педиатрияда қолдану
18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге қолдануға болмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Автокөлік жүргізу немесе машиналарды пайдалану кезінде кейде бас айналу немесе шаршау пайда болуы мүмкін.