Эпивир® препаратын монотерапия ретінде қолдану ұсынылмайды.
Эпивир® препаратын құрамында ламивудин бар басқа дәрілік препараттармен немесе эмтрицитабин бар дәрілік заттармен бірге қабылдауға болмайды.
Арнайы сақтандырулар
Антиретровирустық терапия арқылы вирусты тиімді басу инфекцияның жыныстық жолмен берілу қаупін едәуір төмендететіні дәлелденгенімен, қалдық қауіпті жоққа шығаруға болмайды. Инфекцияның берілуін болдырмау үшін сақтандыру шаралары ұлттық басшылыққа сәйкес қабылдануы тиіс.
Бүйрек жеткіліксіздігі: бүйректің орташа немесе ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде ламивудиннің қан плазмасымен жартылай шығарылуының шекті кезеңі клиренстің төмендеуіне байланысты ұлғаяды, сондықтан дозаны түзету керек.
Үштік нуклеозидтік ем: ламивудинді тенофовир дизопроксил фумаратымен және абакавирмен, сондай-ақ тенофовир дизопроксил фумаратымен және диданозинмен бір реттік күнделікті қабылдау түрінде үйлестірген кезде вирусологиялық жеткіліксіздіктің жоғары жиілігі және ерте сатыда резистенттіліктің пайда болуы туралы хабарламалар бар.
Оппортунистік инфекциялар: Эпивир® препаратын немесе кез келген басқа антиретровирустық ем қабылдайтын пациенттерде оппортунистік инфекциялар және АИТВ-инфекциясының басқа да асқынулары дамуын жалғастыруы мүмкін, сондықтан олар қатар жүретін АИТВ-аурулары бар пациенттерді емдеуде тәжірибесі бар дәрігерлердің жіті клиникалық бақылауында қалуы тиіс.
Панкреатит: панкреатит жағдайлары сирек болды. Алайда, бұл жағдайлардың антиретровирустық емнен немесе АИТВ-инфекциясының негізіндегі аурудан туындағаны белгісіз. Панкреатитті көрсететін клиникалық белгілер, симптомдар немесе зертханалық ауытқулар пайда болған кезде Эпивир® препаратымен емдеуді дереу тоқтату керек.
Лактоацидоз: әдетте гепатомегалиямен және бауыр стеатозымен байланысты лактоацидоз нуклеозид аналогтарын қолдануға қатысты хабарланды. Ерте симптомдарға (симптоматикалық гиперлактатемия) асқорытудың жеңіл бұзылуы (жүрек айну, құсу және іштің ауыруы), спецификалық емес дімкәстік, тәбеттің жоғалуы, салмақ жоғалту, респираторлық симптомдар (жиі және/ немесе ауыр тыныс алу) немесе неврологиялық симптомдар (қозғалыс әлсіздігін қоса) жатады. Лактоацидоз өлім-жітімнің жоғары деңгейіне ие және панкреатитпен, бауыр жеткіліксіздігімен немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігімен байланысты болуы мүмкін. Лактоацидоз әдетте бірнеше ай емдегеннен кейін пайда болады. Симптоматикалық гиперлактатемия және метаболизмдік ацидоз немесе лактоацидоз, үдемелі гепатомегалия немесе аминотрансфераза деңгейінің тез жоғарылауы білінгенде нуклеозид аналогтарымен емдеуді тоқтату керек. Нуклеозид аналогтарын гепатомегалиясы, гепатит немесе бауыр жеткіліксіздігінің басқа да белгілі қауіп факторлары және бауыр стеатозы бар, кейбір дәрілік препараттар мен алкогольді қоса алғанда, барлық пациенттерге (әсіресе семіздікке шалдыққан әйелдерге) тағайындағанда сақ болу керек. Нуклеозидтердің аналогтарын қолдану кезінде лактоацидоз, кейде өлімге әкелетін, әдетте ауыр гепатомегалиямен және бауыр стеатозымен байланысты жағдайлар туралы хабарланды. Альфа-интерферонмен және рибавиринмен ем қабылдайтын С гепатиті бар пациенттер үшін лактоацидоз ерекше қауіп төндіруі мүмкін. Жоғары қауіп тобындағы пациенттерді мұқият бақылау керек.
Митохондриялық дисфункция: нуклеозидті және нуклеотидті аналогтар in vitro және in vivo митохондрияның әртүрлі дәрежедегі зақымдалуын тудыратыны көрсетілді. Нуклеозидті аналогтардың құрсақішілік және/немесе босанғаннан кейінгі әсеріне ұшыраған АИТВ-теріс нәрестелерде митохондриялық дисфункция туралы хабарламалар бар. Негізгі жағымсыз реакциялар гематологиялық бұзылулар (анемия, нейтропения) және метаболизмдік бұзылулар (гиперлактатемия, гиперлипаземия) болып табылады. Бұл жағдайлар көбінесе өтпелі болды. Кеш неврологиялық бұзылулар (гипертония, құрысулар, қалыптан тыс мінез-құлық) туралы сирек хабарланды. Мұндай неврологиялық бұзылулардың өтпелі немесе тұрақты екендігі қазіргі уақытта белгісіз. Бұл деректер белгісіз этиологияның, әсіресе неврологиялық ауыр клиникалық көріністері бар, нуклеозидтер мен нуклеотидті аналогтардың құрсақішілік әсеріне ұшыраған кез келген бала үшін ескерілуі керек. Бұл нәтижелер АИТВ-ның тікелей берілуін болдырмау үшін жүкті әйелдерде антиретровирустық терапияны қолдану жөніндегі қолданыстағы ұлттық ұсынымдарға әсер етпейді.
Липодистрофия: Біріктірілген антиретровирустық терапия АИТВ-мен ауыратын пациенттерде организмдегі липидтердің қайта бөлінуімен (липодистрофия) байланысты болды, оның ішінде шеткері және беттің тері астындағы майының жоғалуын, іш қуысы мен висцеральды майдың жоғарылауын, кеуде гипертрофиясы және мойынның сыртқы аймағында майдың жиналуын (буйвол өркеші) қоса. Қазіргі уақытта бұл құбылыстардың әсер ету ұзақтығы белгісіз, өйткені механизм туралы мәліметтер толық емес. Висцеральды липоматоз, протеаза тежегіштері( ПТ), липоатрофия және кері транскриптаза тежегіштері (КТНТ) - нуклеозидтердің аналогтары арасындағы байланыс туралы гипотеза айтылды. Липодистрофияның жоғары қаупі егде жас, ұзаққа созылған антиретровирустық терапия және онымен байланысты метаболизмдік бұзылулар сияқты жеке факторлармен байланысты болды. Клиникалық тексеру липидтердің қайта бөлінуінің физикалық белгілерін бағалауды қамтуы тиіс. Липидтер мен қан глюкозасын өлшеу мүмкіндігін қарастырған жөн. Липидтердің таралуының бұзылуын клиникалық көрініске сәйкес емдеу керек.
Иммундық реактивация синдромы: ауыр иммун тапшылығы бар АИТВ-инфекцияланған пациенттерде біріктірілген антиретровирустық емді (БАРЕ) тағайындау кезінде симптомсыз немесе қалдық шартты-патогенді микроорганизмдерге қабыну реакциясы туындауы және елеулі клиникалық жағдайды немесе симптомдардың өршуін туындатуы мүмкін. Әдетте, мұндай реакциялар БАРЕ басталғаннан кейінгі алғашқы бірнеше аптада немесе айларда байқалады. Релевантты мысалдар цитомегаловирустық ретинит, жалпыланған және/немесе ошақты микобактериялық инфекциялар және Pneumocystis carinii (көбінесе РСР деп аталады) тудырған пневмония. Кез келген қабыну симптомдарын бағалау және қажет болған жағдайда ем тағайындау керек. Аутоиммундық бұзылулар (мысалы, Грейвс ауруы және аутоиммунды гепатит) иммундық реактивация жағдайында пайда болады, алайда аурудың басталуына дейінгі уақыт өзгергіш және бұл оқиғалар емдеу басталғаннан кейін бірнеше айдан соң пайда болуы мүмкін.
Бауыр аурулары: Егер ламивудин АИТВ және В гепатитін емдеу үшін бір мезгілде пайдаланылса, В гепатиті инфекциясын емдеу кезінде ламивудинді қолдануға қатысты қосымша ақпарат (Зеффикс препаратының ДПЖС қараңыз.).
Біріктірілген антиретровирустық ем қабылдайтын созылмалы В немесе С гепатиті бар пациенттер бауыр тарапынан ауыр және ықтимал өлімге әкелетін жағымсыз әсерлердің жоғары қаупіне ұшырайды. В немесе С гепатиті бар пациенттерде қатар жүретін вирусқа қарсы терапия жағдайында осы дәрілік заттардың тиісті ақпаратын да ескерген жөн.
В гепатиті вирусымен коинфекцияланған пациенттерде Эпивир® препаратын тоқтатқан кезде бауыр сынамалары мен В гепатиті вирусының репликациясы маркерлеріне кезеңдік мониторингі ұсынылады, өйткені ламивудинді тоқтату гепатиттің жедел асқынуын тудыруы мүмкін (Зеффикс препаратының ДПЖС қараңыз.).
Созылмалы белсенді гепатитті қоса, бұрыннан бауыр дисфункциясы бар пациенттерде біріктірілген антиретровирустық терапия кезінде бауыр функциясының бұзылу жиілігі жоғары және стандартты практикаға сәйкес бақылауда болуы тиіс. Мұндай пациенттерде бауыр жағдайының нашарлау белгілері болған кезде емдеуді үзу немесе тоқтату туралы мәселені қарастыру қажет.
Остеонекроз: этиология көпфакторлы болып саналғанымен (кортикостероидтарды қолдануды, алкогольді тұтынуды, ауыр иммуносупрессияны, дене салмағының жоғары индексін қоса), аваскулярлық некроз жағдайлары, әсіресе үдемелі АИТВ ауруы бар және/немесе біріктірілген антиретровирустық ем (БАРЕ) ұзақ әсер еткен пациенттерде тіркелген. Пациенттерге егер буындарда ауырсынуды, буындардың қозғалмауын немесе қозғалғанда қиындықтарды сезінсе, дәрігерге қаралу керектігін айту керек.
Педиатрияда қолдану
Үш айға дейінгі пациенттер үшін шектеулі фармакокинетикалық деректер бар.
Ұсынылған дозалау режиміне сәйкес ламивудиннің пероральді ерітіндісін алатын балалар қан плазмасындағы ламивудиннің экспозициясына ересектерде байқалатын мәндер шегінде жетеді. Ұсынылған дозалау режиміне сәйкес таблеткаларда ламивудинді пероральді қабылдаған балалар пероральді ерітіндіні қабылдаған балаларға қарағанда қан плазмасында ламивудиннің жоғары әсеріне жетеді, өйткені мг/кг жоғары дозалары таблетка формасымен бірге енгізіледі және таблетка формасы жоғары биожетімділікке ие.
Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Көлік жүргізу және жабдықты пайдалану қабілетіне әсер ету бойынша зерттеулер жүргізілген жоқ. Көлік құралын басқару немесе қозғалмалы механизмдермен жұмыс істеу кезінде жалпы қабылданған сақтық шараларын сақтау керек.